Егінге орақ түсті
Облыста астық жинау науқаны қарқынды жүруде. Биылғы жылы Жамбыл ауданы бойынша 16 080 гектарға масақты дәнді дақыл егіліп, қазіргі таңда астық жинау жұмыстары жалғасуда.
Жамбыл ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің берген мәліметіне сүйенсек, жалпы аудан бойынша түсім 15 439 тоннаны (күздік бидай – 3 238 тонна, жаздық арпа – 12 200 тонна) құрап отыр.
Әр гектардан орта есеппен 16,2 центнерден өнім алынуда.Дәл қазіргі таңда егістік алқаптарында тізілген комбайндар алтын астықты ысырап қылмай, жиналған дәнді қамбаға құю үстінде. Егін орағына 45 комбайн қатысуда.
Аудан әкімі өндірістік кооперативтің төрағасымен тілдесіп, егін-жайдың мәселесін өз көзімен көріп танысты. Кооператив меншігіндегі техникалардың жай-күйіне көңіл бөліп, егіс алқабында бидай мен арпа орымының куәсі болды.
Аталған кооператив 500 гектар жерге масақты дәнді дақылдар орналастырған. Айта кетейік, оның 200 гектарына күздік бидай, 300 гектарына жаздық арпа себілген. Қазіргі таңда оның 260 гектарына орақ түсіп, астық жинау жұмыстары қызу жүруде.
Жалпы түсім 265 тоннаны құрап отыр. Әр гектардан орта есеппен 10,2 центнерден өнім алынуда.Жамбылдық диқандар орақ маусымын шілде айының соңына дейін толық аяқтайды деп күтілуде.
Айжан Өзбекова