Цифрландыру жастарды жаңа қырынан танытты
2017 жылы елімізде «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның негізгі бағыты – ел экономикасын дамытуды жылдамдату арқылы бәсекелестікті арттыру және келешекте цифрлы технологияны қолданудың есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту.
Бүгінгі күні цифрлы технологиялар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып үлгерді. Тіпті күн өткен сайын сан салаға дендеп енуде. Жастарымыз да заманауи цифрлы технологияларды жылдам игеріп, жаһандық үрдістің барлық игілігін қолдануға шексіз мүмкіндік алып отыр. Атап айтқанда, интернет және ұялы телефонда қолжетімді «Facebook», «Twitter», «YouTube» сияқты әлеуметтік желілерді кең қолдану арқылы ақпаратты жылдам алу және түрлі салада жастардың өз бетімен білімі мен қабілетін арттыруына қолайлы жағдай қалыптасып келеді.Алайда әлемдік сарапшылардың арасында цифрлы технологиялардың өскелең ұрпаққа тигізетін ықпалы мен қатеріне байланысты біржақты көзқарас жоқ.
Кейбір сарапшылар заманауи инновациялық технологияның қарыштап дамуын жарқын келешектің бір көрінісі ретінде қарап, қолдау білдірсе, кейбірі жастардың санасына тигізетін жағымсыз ықпалын алға тартып, қарсы шығуда.Дегенмен қоғамды алаңдататын тағы бір маңызды мәселе – ғаламтор арқылы жастардың теріс ағымға арбалуы. Себебі әлеуметтік желінің қолжетімділігі теріс ағым идеологиясының кеңінен таралуына тиімді болып отыр.
Бүгінгі таңда радикалды діни топтар түрлі айла-әдістерді қолдану арқылы жастарды өз қатарларына тартып бағуда. Әсіресе, жастарға ықпал ету мақсатында пайдаланушылар саны көп «Facebook», «ВКонтакте», «Instagram», «YouTube», «TikTok» желілері және түрлі мессенджерлер арқылы ой-қабілеті қалыптаспаған жастардың санасын улауда. Сарапшылар қазір жастардың көзі ашық, оң-солын білетінін, әлеуметтік желідегі ақпараттарды сүзгіден өткізуге дағдыланып, қоқыстар мен құнды дүниені зерделей алатынын айтады.TNS деректеріне сәйкес, 2020 жылдан бастап елімізде цифрлық жүйені пайдаланушылар саны күрт өскен. 2021 жылдың қаңтарында жалпы саны 12 миллион адамға жетіп, 2020 жылдың басымен салыстырғанда 26 пайызға, яғни 2,5 миллион адамға артты.
2020 жылы әлеуметтік желілер өздерін кез келген аудиториямен байланыстың негізгі арнасы ретінде танытты. Жалпы, Қазақстанда 2021 жылы статистикалық деректерге сәйкес әлеуметтік желіні қолданушылардың үлес салмағы 63,5 пайызға дейін жетті.Қазіргі заманғы мәдениеттің жастар арасында ең танымал 5 бағыты негізінен жаңа жанрлар, субмәдениеттер және жаңа медиа арқылы көрініс табады. «TikTok» қазақстандық жастар арасында жоғары сұранысқа ие желіге айналуы оларға жаһандық тенденциялар айтарлықтай әсер ететінін тағы дәлелдесе керек.
Жастардың көбісі ақпаратты қысқа-қысқа фрагмент күйінде қабылдағанды жөн көреді, сондықтан «TikTok»-тағы қысқа, қолжетімді және ойын-сауық контентке қызығушылық мол.
Тараздық бойжеткен Ақнұр Асқарқызы әлеуметтік желіні белсенді қолданушының бірі. Айтуынша, әлеуметтік желіде белсенді болудың жағымсыз жақтарымен қатар, тиімді тұстары да көп. Бірақ ең алдымен өлшемді біліп, оны дұрыс пайдалану керек.
– Әлеуметтік желілердің ең жиі пайдаланушылары – жастар. Қазіргі таңда үлкендер жастар қауымын, біздің замандастармызды «WhatsApp», «ТikTok», «Instagram», «Telegram», «YouTube», «Facebook», «ВКонтакте» секілді әлеуметтік желілерде уақытын көп өткізеді деп айыптап жатады. Негізінде жұмыс іздеу, жаңа адамдармен танысу, достармен, әріптестермен сөйлесу, дұрыс ақпарат іздеу, біліміңді басқалармен бөлісу және жаңа ақпарат алуда әлеуметтік желінің пайдасы мол.
Мәселен, қазір газет оқитын, жаңалық көретін жастарды сирек көреміз. Себебі адамдар кез келген қажетті ақпаратты интернеттен табуға болатынына үйренген және бұл үшін көп күш салудың қажеті жоқ. Мысалы, кітапханаға барып, әдебиеттерді сұрыптап отырудың орнына үйде компьютерде отырып-ақ бір шыны шай ішіп, іздеу жолағына қажет нәрсені жазу арқылы интернеттен кез келген ақпаратты таба аламыз.
Жалпы ғаламторда дұрыс ақпараттың бір бөлігі ғана бар, ал қалғандары стихиялық түрде толықтырылған. Сондықтан да осы ерекшелікті қаперде ұстау қажет. Осы тұста жастардың медиаақпаратты сыни бағалай білуі, сараптай алуы аса маңызды.
Айжан Өзбекова