Антына адал азамат
Патриотизм – адам баласының Отанына, туған тіліне, дініне және салт-дәстүріне деген махаббатының еліне деген құрметімен бітіскен жері. «Патриотизм – Отанға, елге деген махаббат!», «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген қазақтың біртуар ұлы Бауыржан Момышұлының өсиет сөздері ешқашан маңызын жоймайтыны анық. Даңқты қолбасшының ұрпақтары да Бауыржан аталарының қасиетін бойына сіңіріп, айтқан өсиетін жадында мықтап ұстап, бүгінгі күні елі үшін аянбай қызмет етуде.
Руслан Оразбақов – Бауыржан Момышұлының ұрпағы. 46 жасар полиция майоры облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметібасқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарады.
Батальон командирі болып қызмет ету тәртіпті, жауапкершілікті, қоғаммен байланысты талап етеді. Халықпен тілдесуде ашықтықты, енжар болмауды үйретеді. Әрдайым заңды шешім қабылдау арқылы әділеттікке қол жеткізеді. Өзінің жұмысын дәл осылай сипаттаған Руслан Оразбақов өзіне жүктелген міндеттің оңай емес екендігін аңғартты.
– Мамандықтың оңайы болмайды. Жаның қалап, бар ыңтаңмен жасаған қызметің – сен үшін ең оңай қызметтердің бірі болмақ. Дәл солай батальон командиріне жүктелген міндет те, артылған сенім де мол. Мұнда профилактика жұмыстарын жүргізіп, халықпен әрдайым тығыз байланыста болу керек. Қылмыстың алдын алу үшін түсіндіру жұмыстарымен де айналысу қажет. Батальон қомандирі жол қызметіне жауапты, біздің топта 270 адам қызмет етеді. Олардың көпшілігі жастар. Менің ең бірінші мақсатым – олардың әрқайсысын өз ісін сүйетін офицер етіп дайындау. Оларға екінші әке ретінде қамқор болып, білмейтін жерлерін үйретіп, ал қорғайтын кезде қорғауға тырысамын. Сол үшін де тәрбие мен тәртіп бірінші орында.
Отбасы мүшелері де Руслан Оразбақовтың жұмысына түсіністікпен қарап, әрдайым қолдау білдіреді екен.
Қабілеті бар маман әрдайым өз ісінің нәтижесімен көзге түсетіні белгілі. Руслан Оразбақов әу бастан өзінің осы салаға ептілігі барын аңғартып, батальон командирі қызметін тез меңгеріп, ұжымдастарының ықыласына бөленген білікті маман. Ортасында қызметіне жауапкершілікпен, адалдықпен танылған Руслан туралы әріптестерінен де сұрап көрдік.
Әріптесінің пікірін облыстық полиция департаментінің әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы, майор Татьяна Буюкиди де қолдай жөнелді.
Өз ісінің нағыз маманына айналған командирдің алға қойған мақсаты айқын, болашаққа басқан қадамы нық, сенімі мол. Ол ел тыныштығын қорғап, халыққа қамқоршы болу үшін ерінбей еңбек етуді басты міндетім деп санайды.
– Патриотизмге қоғам өмірінің барлық саласында ерекше орын беру керек. Бауыржан Момышұлының «Ар, намыс, адамгершілік, ақ ниет, адалдық – алдымызда темір қазықтай жарқырап, шөлдегенде сусын, қалжырағанда қайрат, шаршағанда шабыт, ашыққанда арымызға ақ малтадай азық, белімізге тірек, көңілімізге қорек, болдырғанда ұстап мінген төл атымыздай болды» деп айтқан өсиетін жадымызда мәңгі сақтау керекпіз. Отанға деген адалдық әркімнің бойында болуы міндетті. Олай дейтініміз, кез келген адам өз елінің патриоты болып, Отанның өсіп-өркендеуіне, дамуына елеулі үлес қоса білуі тиіс. Бұл ретте адал еңбек ету, парасаттылық таныту – басты қағида болмақ.
Расында, еліміздің өркениетті мемлекеттерден қалыспай, тең қадам басуы үшін болашақтың тұтқасын ұстар адал әрі патриот ұрпақ тәрбиелеу – басты міндет. Осы жолда абыроймен атқарып жүрген Руслан Оразбақовқа тек сәттілік тілейміз!
Аяулым Жаманқара