Қоғам

Оқушылар қауіпсіздігі ойландырады

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстағы барлық 525 мектепте, 461 балабақшада, 46 колледжде, білім басқармасына қарасты 10 білім мекемесінде (арнаулы мектеп, түзету мектеп-интернаттары, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдар) және 11 қала сыртындағы лагерьде өртке қарсы дабылқаққыштар орнатылған. Сонымен қатар білім мекемелерінде 15 450 өрт сөндіру құралдары дайындалып, 854 нысан шатыр асты құрылымдары өртке қарсы қоспамен өңделген. Мұнан бөлек 2 154 өрт сөндіру қалқанымен жабдықталған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы, азаматтық қорғау подполковнигі Дархан Қалдарбек мәлім етті.

Дархан Өскенбайұлының айтуынша, оқушылардың қауіпсіздігі үшін білім беру нысандарында барлық жағдай жасалған. Ең бастысы ахуал бақылауға алынып, жоспарға сәйкес тұрақты түрде түрлі бағытта іс-шаралар өткізіліп тұрады. 


Облысымызда 12 жазғы сауықтыру лагері болса, 7 демалыс орнында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты адамдарға нұсқау бере отырып, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуына тексеру жүргізілген. Профилактикалық жұмыстарды жүргізу бойынша көрсеткіштер алдыңғы жылға қарағанда 3 есеге ұлғайған. Өндірістік және тұрмыстық өрттердің саны 11,4 пайызға, қаза тапқан және зардап шеккен азаматтардың саны 1,8 есеге төмендепті.

«AR-AI»-ақпарат