Жазатайым оқиғалардың негізгі себебі – жауапсыздық
Жазым дегеніңіз аяқ астында. Жыл басынан бері кәмелетке толмаған балалардың биіктен құлауының 7 оқиғасы тіркеліп, салдарынан 2-17 жас аралығындағы 6 бала жарақат алса, 1 бала қаза тапқан. Жүргізілген талдау жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, балалардың жазатайым оқиғаларға ұшырауының бірден-бір себебі – жауапсыздық.
Балалардың терезеден құлау қаупін азайту мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаменті құзырлы органдармен бірлесіп 525 көпқабатты тұрғын үйге рейд жүргізген. Іс-шара барысында тұрғындарға 15 мыңнан аса жадынама таратылған. Сонымен қатар білім ордаларында «Балалардың қауіпсіздігі» тақырыбында 9 150 баланы қамтыған 215 жиын өтіпті.
Бұдан бөлек, жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін көпқабатты тұрғын үйлердің жоғарғы қабаттарында тұратын көпбалалы отбасылардың пәтерлерінің терезелеріне блокираторлар (арнайы бекіткіштер) орнату жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туралы облыс әкімідігіне ұсыныс хат жолданыпты. Нәтижесінде шілде айының соңына дейін 300 блокиратор сатып алу және орнату жоспарланып отыр.
Жалпы балалардың терезеден құлау деректері көбінесе ата-аналар балаларын қараусыз қалдырғанда орын алады. Осыған байланысты облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мамандары кішкентай балаларды қараусыз қалдырмауға, балалар үйде болғанда терезелерді мүмкіндігінше жабық ұстауға, жиһаздарды терезелерден алшақ орналастыруға кеңес береді.
Э.Тілеубердіқызы