Қоғам

Өңірде орман өрті өршіп тұр

Көктем, жаз, күз мезгілдерінде табиғи өрттің шығу қаупі де жоғарылай түседі. Бұл тұрғыда орманды алқаптарды өрттен қорғаудың маңызы зор. Сол себепті жаз айларында орман-тоғайлардағы «тілсіз жаудың» алдын алу мақсатында өрт қауіпсіздігі маусымын өткізу жоспары белгіленіп, тиісті шаралар қабылданады. Орманды өрттен қорғау бойынша тәжірибелік оқулар жиі өтіп тұрады. Десе де атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан биыл өңірде орман өрті өршіген.

Облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нартай Егембердиевтің айтуынша, мемлекеттік орман қорында өрт қаупі бар маусым 20 наурыздан басталған. Осыған байланысты, орман қорындағы орманшылықтарда 26 өрт бақылау мұнарасы жұмыс жағдайына келтіріліп, қауіпті аумақтардағы 61 бекетте тәулік бойына кезекшіліктер құрылған.

– Орман қорында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 11154,5 шақырым өртке қарсы минералды жолақтарға күтім жасау жұмыстары толық жүргізілді. Орман қорын күзету және патрульдеу үшін өртке қарсы техникалар жанар-жағармаймен толығымен қамтамасыз етілді.Қазіргі уақытта мекемелер бойынша орман қорғау қызметкерлерінен өрт сөндіруші топтарда 305 адам және бірінші, екінші орман өртін сөндіру стансаларында 352 өрт жасақшысы құрылды.Өрт сөндіру жасақшылары толықтай нысаналы киімдермен қамтамасыз етілген және арнайы оқудан өтіп, сертификат алды.

Жауапты маусымда облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жоспарға сәйкес 25-26 сәуір аралығында облыстық төтенше жағдайлар департаментімен, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясымен және аудан әкімдіктерімен бірлесіп арнайы оқу-тәжірибелік жаттығулар өткізген. Оқу-жаттығудың мақсаты – орман өрттерінің алдын алып, мемлекеттік орман қоры жерлерінде «тілсіз жаудың» таралуына тосқауыл қою. Сонымен қатар, 28 маусымда Қордай ауданы аумағында Қырғыз Республикасымен трансшекаралық аумақта орман және дала өрттерін сөндіру бойынша оқу-жаттығу жиыны ұйымдастырылған.

– Өткен жылы материалдық-техникалық базаны толықтыру мақсатында 280 миллион теңге бөлініп, қажетті техникалар мен агрегаттар алынды. Ал биыл материалдық-техникалық базаны жаңарту мақсатында жергілікті бюджеттен 393 миллион теңге қарастырылыпты. Нәтижесінде өртке қарсы техникалар, патрульдік автокөліктер мен агрегаттар және өрт бақылау мұнараларын сатып алу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. 

Биыл өрт қауіпті маусымы басталғалы өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына 31 мақала жарияланды. Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау туралы жеке тұлғаларға 1 177 парақша таратылды, – деген Н.Егембердиев «Орман» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу туралы да баяндады.

Ал облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Дархан Қалдарбектің сөзіне сүйенсек, биыл облыста өрт қауіпті кезең басталғалы 11637,8 гектарды құраған 21 орман өртінен бөлек жалпы көлемі 148 гектар болатын 21 жану оқиғасы тіркелген. Көлемі 131 гектар болатын 13 жану оқиғасы ерікті өрт сөндіру жасақтарының көмегімен сөндірілген.

– Орман және далалық алқаптардың өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыру мақсатында 12 сәуірде облыс әкімдігінің «Облыс аумағында табиғи өрттердің алдын алу жөніндегі шаралар туралы» қаулысы қабылданып, мемлекеттік орман қоры мен дала алқаптарының аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен алдын алу және ескерту іс-шараларының жоспары бекітілген болатын.


Дархан Өскенбайұлының айтуынша, облыстың ауылдық округтерінде 2 128 адамнан тұратын 165 ерікті өртке қарсы құрылым құрылып, олар 508 трактормен, 49 су тасушы техникамен, 88 өрт сөндіру мотопомпамен және 175 ранецті өрт сөндіргішпен жабдықталған. Облыс аудандарындағы ерікті өртке қарсы құрылымдардың барлығы қоғамдық бірлестік нысанында құрылғанын айта кеткен жөн. 


Сондай-ақ «Орман» жедел-профилактикалық іс-шарасының жоспарына сәйкес және мемлекеттік орман қоры мен дала алқаптарының аумағында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен алдын алу және ескерту іс-шараларының жоспары негізінде жергілікті атқарушы орган өкілдері, орман қорғау мекемелері, ішкі істер және азаматтық қорғау қызметкерлерінен 16 мобильді топ құрылып, орман алқаптарында 337 рейдтік іс-шара жүргізіліпті. Нәтижесінде орманды далалық алқаптарда өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу деректері бойынша 660 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 296 азаматқа 3 миллион 995 мың 650 теңге айыппұл салынған.Соңғы екі жылда өрт сөндіру бөлімдері және мамандандырылған оқу орталықтарында 2 мыңнан астам ерікті өрт сөндіруші оқытылған. Жергілікті атқарушы органдар ерікті құрылымдарды техникалық жағынан нығайтуға бағытталған іс-шараларды қаржыландыру бойынша да жұмыстар жүргізуде. Мәселен, ерікті өртке қарсы құрылымдардың техникалық құрамын нығайтуға аудан әкімдіктері биыл 43 миллион теңгеден астам қаражат бөлген.

Ақтоты Жаңабай