Денсаулық

Мақтаулы Майра

Тіршілік үшін су мен ауаның қажеттілігі қаншалықты зор болса, адам өмірі үшін де дәрігерлердің маңызы сондай жоғары. Жауапкершілігі мол, атқаратын жұмыстары ауқымды салаға бар өмірін арнап келе жатқан білікті маманның бірі – невропатолог дәрігер Майра Көрпебаева.

Кейіпкеріміз жан саулығының емі сабырлық сақтау екенін айтады. Алдына келген сырқат жанға ең бірінші уақыттан бұрын күйремеуге кеңес береді. Яғни адам баласы қандай жағдайда да салы суға кетпей, мықты болса, кез келген дертті жеңіп шыға алады. 30 жылдық тәжірибесі бар дәрігер Майра Көрпебаева 1969 жылы Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Жоғары білімді Ақтөбе қаласындағы Ақтөбе медициналық университетінде алған. Бүгінде облыстық көпбейінді ауруханада күндізгі стационардың басшысы қызметін атқаруда. 55 адамға арналған күндізгі бөлімде әртүрлі аурумен ауыратын науқастар ем алады.


Майра Абланқызы сөз арасында соңғы он жылда науқастардың көбі инсультпен, тоқтаусыз бас ауруымен, нақтырақ айтсақ, неврологиялық аурулармен түсіп жатқанын тілге тиек етті. 

– Күйзелістен, депрессиядан туындайтын неше түрлі ауру бар. Солардың бірі – инсульт. Ол – мидың қан айналымының бұзылуын қамтитын жүйке жүйесі ауруы дамуының соңғы нүктесі. Бұл ауру кезінде мидың кейбір аймақтарына қан ағымы азаяды немесе ол жерге жетуді толығымен тоқтатады.


Жақсы адамның қашанда жүзі нұрланып тұрады. Майра Абланқызы да әрбір науқасқа туысы, жақыны секілді қарайды. Жылы сөзімен қолдау білдіріп, ем тағайындап, бізге де сұхбат беріп үлгерді. 

 Эльмира Байназарова