Денсаулық

Әйел құрсағында құпия көп

Әйел адамның жүктілігі басталғаннан баланы дүниеге әкелгенге дейін қадағалап, осы аралықта болашақ ана мен нәрестенің жай-күйін бақылайтын гинеколог мамандарға артылатын жауапкершілік жүгі салмақты. Мемлекеттің басты байлығы саналатын халық санының өсіп, олардың денсаулығына құрсақтағы кезеңнен бастап жауап беретін де гинекологтар.

№8 қалалық емхананың қыз-келіншектерге арналған алдын ала қарау бөлімінің акушер-гинекологі Бағила Байназарованың аталған бөлімде табан аудармай жұмыс істеп келе жатқанына 20 жылға жуықтаған. Ол 1965 жылы 8 шілдеде Сарысу ауданы, Тоғызкент ауылында дүниеге келген. Тараз қаласындағы Жамбыл медициналық жоғары колледжін тәмамдаған жас маман бастапқыда қалалық перинаталды орталықта жұмыс істейді. Одан соң М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Психология» мамандығы бойынша білім алады. 


Үш ұлдың анасы, үш немеренің әжесі Б.Байназарованың жұмыс өтілі отыз жылдан асыпты. Өте қарапайым жанның әр күні анализдерді талдаумен, әйелдерді тексерумен, кеңес берумен өтеді. 

– Әрбір әйел алты ай сайын скринингтен өтіп тұруы керек. Қазір әйелдерде эрозия, кеудесіндегі мастопатия, миома көп. Біз әрбір пациентке қамқорлықпен қарап, жанашырлықпен жауап береміз.


Дәрігер әйелдердегі бедеулік, киста, ісік, қабыну, онкологиялық аурулардың алдын алу үшін қарапайым ғана тазалық мәселесін сақтауды, жыныстық сауаттылыққа мән беру керектігін ескертті. 
Дәрігердің үш қаруы бар. Бірі – пышақ, екіншісі – шөп, үшіншісі – сөз. Бағила Байназарова сөзі шипалы, қолы алтын дәрігердің бірі. Қыз-келіншектердің денсаулығын басты орынға қойып, тексеріп, ауруын анықтап, ем береді, сөзбен дем береді.

 Эльмира Байназарова