Жаңалықтар

Туризм саласының тынысы қайтсе кеңейді?

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен туризмді дамыту жөніндегі кеңес өткен болатын. Кеңесте Мемлекет басшысы еліміздің туристік әлеуетіндегі маңызды мәселелерді көтеріп, ішкі туризмді дамыту қажеттілігін атап өтті. Президент тапсырмасы аясында ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев облысымызға жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі туризм саласының белсенді өкілдерімен кездесті.

«Туризм және қолөнер» орталығында өткен жиынға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил қатысты. Қайрат Әбілханұлы вице-министрге саладағы жетістіктерді баяндап, шаһарда туризм саласы қарқынды дамып жатқанын айтты.


Сала жетекшілерімен кездесуде Ержан Еркінбаев еліміздің туризм саласын дамытуда Әулиеата өңірінің орны ерекше екенін атап өтті. 

– Туризм және саяхат жөніндегі Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде Қазақстан туристік бағыттар тізімінде 119 мемлекет арасынан 52-орынды иеленді. Бұл ретте еліміз Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Тәжікстаннан озып, өз позициясын айтарлықтай жақсартты.Ол біздің туризм индустриясын сапалы дамытуға деген ұмтылысымызды көрсетіп, Қазақстандағы туризмнің бәсекеге қабілеттілігін, қызмет көрсету сапасының едәуір жақсарғанын көрсетеді.

Бұл жетістікке киелі Әулиеата өңірінің қосқан үлесі мол.Былтыр өңірге 156,6 мыңнан астам турист келген. Сонымен бірге негізгі капиталға түскен инвестиция 25,4 миллиард теңгені құраған. Ал биыл соңғы 6 айда облыста туризм секторындағы негізгі капиталға түскен инвестиция көлемі 9,8 миллиардқа тең.

Қазіргі таңда облыста жалпы сомасы 16,3 миллиард теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Тарқатып айтқанда, 655 миллион теңгеге «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің үшінші кезеңі, 3 миллиард теңгеге «Koksai resort» туристік демалыс аймағы, 2,5 миллиард теңгеге «Aksai resort» этно-туристік демалыс орталығы, 200 миллион теңгеге «Таскөл» демалыс орталығының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар құны 2 миллиард теңге болатын «Алмалы resort» туристік демалыс орталығы, 1,2 миллиард теңге қаражат жұмсалған «Зербұлақ» аквапаркі, 6,3 миллиард теңге бөлінген «Қаралма» тау-шаңғы кешені мен 500 миллион теңгеге салынып жатқан «Мухиева» жеке кәсіпкерлігінің демалыс аймағы туристерді қуантатын күн алыс емес.

Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 106 уақытша және 95 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде, – деген вице-министр облыстың спорт саласында қол жеткізген жетістіктеріне де тоқталып өтті.


Парижде өтетін ХХХІІІ Олимпиада ойындарына 4 спорт түрінен облыстың 5 спортшысының лицензия жеңіп алуы да ауыз толтырып айтарлық жетістік. Атап айтқанда, бессайыс спорт түрі бойынша Георгий Борода, бокстан Асланбек Шымбергенов, еркін күрестен Әлішер Ерғали, дзюдодан Данияр Шамшаев, Елдос Сметов сынды мақтаныштарымыз бақ сынайтын болады. 

– 2024 жылдың маңызды оқиғаларының бірі – 2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Байрақты бәсекеге 100-ден аса елден жалпы саны 2 000-нан астам адамнан тұратын делегация қатысады. Бүгінге дейін 90-нан аса ел қатысуын ресми түрде растады, – деген Е.Еркінбаев саладағы өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды.

Вице-министрдің айтуынша, Жуалы ауданындағы «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы, «Таскөл» туристік орталығы және «Алмалы» демалыс аймағы сияқты бірқатар туристік нысандарға инфрақұрылым тарту мәселесі назарға алынған. Бұл ретте туристік жобалардың инфрақұрылымын жақсарту үшін Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігіне елді мекендерден тыс инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымын салу құзыретін беру мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді. Бұл бастама мақұлданғаннан кейін министрлік барлық туристік орындардағы жетіспейтін инфрақұрылымды жөндеу және орнату мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, Ержан Мәлікұлы курорттық аймақтардағы туризмді жеделдету мақсатында өз қаражатына инженерлік инфрақұрылым салған инвесторлардың шығындарын өтеу тетігін әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Сонымен қатар, вице-министр туристік агенттіктерге субсидия төленетінін айтып өтті. 

– Туроператорлар бір турист үшін 15 мың теңге алады. Соңғы бір жылда туроператорлар 8 мыңнан аса шетелдік туристерді тартып, жалпы сомасы 123 миллион теңге субсидия алды. 
Сондай-ақ жол бойында сапалы қызмет көрсету мақсатында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Туристік бағыттағы әрбір санитарлық-гигиеналық бөлімше үшін мемлекет ай сайын 83 мың теңге өтейді, – деп толықтырып өтті вице-министр.

Туризм саласын одан әрі дамыту мақсатында министрлік тың бастамаларды қолға алуда. Жаңашылдықтардың бірі қазірдің өзінде күшіне енген. Атап айтқанда, халықаралық франшизасы бар қонақүйлер үшін жеңілдікті несиелеу мерзімі жеті жылдан 10 жылға дейін ұлғайтылыпты. Бұқаралық туризмді ынталандыру мақсатында тур құнының 20 пайызына дейінгі туристік кешбэк жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде.

Сондай-ақ Ержан Мәлікұлы қонақүй секторындағы қызмет көрсету сапасын арттыру үшін қонақүйлерді жіктеу жүйесін реформалау ұсынылатынын айтып өтті. 

Мұнан соң жиынға қатысушылар өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. «АРК» ғылыми ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ескендірбек Төрбеков өңірде шетелдік қонақтарды қызықтыратын көрнекі жерлер, тарихи нысандар, табиғаты әсем демалыс аймақтары көп болғанымен облысымызда туризм саласы дамудың орнына кері кетіп бара жатқанын ашына айтты.

– Облысымызда туризм саласына қатысты мәселе жетіп артылады. Соның бірі – туристік орталықтарда инфрақұрылымның жоқтығы. Кәсіпкер қыруар қаржыға тамаша демалыс орнын салады, бірақ инфрақұрылым мәселесі жылдар бойы шешілмейді. Сондай-ақ тек Тараз қаласының маңайындағы тарихи нысандар ғана күтіп-бапталады. Қала сыртындағылары елеусіз қалып жатыр. Егер көңіл бөлмейтін болсақ туристік орынға айналдырғанша тізімнен шығарған дұрыс шығар.


Өзге де жиынға қатысушылар салаға қатысты мәселелерді көтеріп, сын-пікірлерін ортаға салды. Вице-министр өз тарапынан айтылған мәселелердің бәрін шешуге күш салатынын айтып, сендірді.

А.Бекенқызы