Жылыту маусымына дайындық қалай?
Облыс бойынша 9 жылу энергетика кешені және 593 автономды қазандық бар. Өңірде барлығы 1 646 көпқабатты тұрғын үй мен 1 737 әлеуметтік нысан жылумен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды.
Жиында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек алдағы жылыту маусымына дайындық бойынша баяндама жасады. Жылыту маусымының дайындық іс-шараларына жалпы 15,3 миллиард теңге қаралыпты. Оның 3,9 миллиард теңгесі инвестициялық бағдарлама бойынша, 525,2 миллион теңгесі тарифтік смета, 10,9 миллиард теңге бюджет есебінен бөлініпті.
Қанатбек Қайшыбекұлы өңірде кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен 7 шақырым жылу желісінде ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Жалпы облыста 194,6 шақырым жылу желісі ауыстыруды қажет етеді.
– Биыл «Таразэнергоорталық» компаниясы 473,4 миллион теңгеге жөндеу жұмыстарын жоспарлап отыр. Тарқатып айтқанда, инвестициялық бағдарлама аясында 106,7 миллион теңгеге ТЭЦ-4 стансасының аккумуляторлық багын ауыстыру және эжектор сатып алу, 336,472 миллион теңгеге негізгі жабдықтарды жөндеу, 30 миллион теңгеге қосалқы құрал-жабдықтарды сатып алу жобалары жүзеге аспақ.Тарифтік смета есебінен 22 іс-шара әзірленді. Үкіметтік кеңесте айтылған №2 турбогенераторды күрделі жөндеу аяқталып, №1 турбогенераторды күрделі жөндеу жұмыстары басталды.«Т.И.Батуров атындағы Жамбыл ГРЭС-і» акционерлік қоғамының стансасы қазіргі таңда сағатына 450 МВт жүктемемен 3 блокты режимде жұмыс істеуде. Дайындық аясында 5 энергоблокта ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Негізгі электр өндіру қызметінен бөлек, компания Тараз қаласындағы «Солнечный» алқабының 55 көппәтерлі тұрғын үйін жылумен қамтамасыз етеді. Сол сияқты «Жамбыл-Жылу» кәсіпорны бойынша жылыту маусымына қазандықтарды және жылу жүйелерін жөндеу үшін жалпы 200,2 миллион теңге қаралған. Кәсіпорын 45,5 шақырым жылу желісін, оның ішінде 22,1 шақырым магистральдық және 23,4 шақырым ішкі кварталдық жылу желілерін пайдаланады. Кәсіпорынның теңгеріміндегі жылу желілерінің тозу деңгейінің ең жоғарғы көрсеткіші «Қант зауыты» алқабындағы 12,5 шақырым жылу желілерінің бойында. Тозу деңгейі – 65 пайызды құрап отыр, – деген Қ.Мәдібек Жаңатас қаласының орталық қазандығын газдандыру жобасының құрылыс-монтаж жұмыстарына былтыр 620,4 миллион, биыл 2,5 миллиард теңге бөлінгенін жеткізді. Жобаның құны – 4,184 миллиард теңге.
Жобаны аяқтау үшін қосымша бюджеттен 976,8 миллион теңге қажет екен. Сондай-ақ Қаратау қаласындағы «Игілік» кәсіпорнының резервтік отынмен жұмыс істейтін мазут шаруашылығын 653,9 миллион теңгеге және жеке қазандығын 680,8 миллион теңгеге қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Қаратау қаласында алдағы жылыту маусымының ойдағыдай өтуі үшін бүгінгі күні жобада қарастырылған 1000 шаршы метрлік мазут сақтау қоймасын орнату жұмыстары жүргізіліп жатса, мазутты айдауға арналған құбырларды ауыстыру жұмыстары толығымен аяқталған.
Сол сияқты «Шу-Жылу» кәсіпорны өз қаражаты есебінен 27 миллион теңгеге негізгі және қосалқы жабдықтарды және 1,8 шақырым жылу желісін жөндеуде.
Алайда қазандықтың көмір отынымен жұмыс істейтін резервтік қазанының түтін мұржасын қайта жаңғырту жобасын қаржыландыру үшін 217,1 миллион теңгеге республикалық бюджеттің 2023 және 2024 жылғы нақтылауына өтінім беріліп, қолдау таппаған. Осы ретте аталған жоба алдағы облыстық бюджеттің нақтылануына ұсынылатын болады. Резервтік қазанның түтін мұржасын қайта жаңғырту жұмыстары жылыту маусымының үздіксіз өтуіне және негізгі қазандықтың жұмысына ықпал етпейді.
Алдағы жылыту маусымына орай елді мекендердегі тұрғындарға қажетті көмірдің көлемі 144,8 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі күнге дейін өңірдегі теміржол тұйықтарына 12 мың тонна көмір жеткізілген. Өткен жылғы жоспармен салыстырғанда көмірге қажеттілік 5,1 мың тоннаға төмендеген. Бұл көрсеткіш былтыр газдандырылған 11 елді мекеннің нәтижесінде қалыптасқан.
Ал әлеуметтік нысандар үшін 62 623 тонна көмір қажет.
Бүгінгі күнге әлеуметтік нысандарға қажетті көмірді жеткізу бойынша мердігерлер анықталып, жоспарға сәйкес жеткізіліп жатыр екен.
Баяндамашының сөзінен кейін аймақ басшысы облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақовтан халық әлеуметтік желіде көмірдің сапасына жиі шағымданатынын айтып, атқарылып жатқан жұмыстың барысын сұрады.
Ербол Шырақпайұлы көмірдің сапасына мониторинг жасауды тапсырды. Сонымен қатар аймақ басшысы биыл бірінші шілдеден бастап газ және электр энергиясының тарифі өсуіне байланысты жылу беруші кәсіпорындардың шығындары көбейгеніне назар аударып, биыл тарифті қосымша өзгерту мүмкіндігі бар-жоғын сұрады. Сұраққа жауап берген ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары Қалдыбай Мүслім «Табиғи монополиялар» туралы Заңның 22-бабына сәйкес табиғи монополия субъектілері стратегиялық жалақының өсуіне байланысты тарифті жылына бір рет қана өзгерте алатынын мәлімдеді.
Қалдыбай Әбдімүтәліпұлының сөзіне сүйенсек, «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы, «Жаңатас-Су-Жылу» коммуналдық мекемесі биылдыққа тарифті қосымша өзгерту мүмкіндігін қолдана алмайды. Келесі жылы ғана өзгертуге мүмкіндік болатындықтан тариф құны биылға өзгертусіз қалады.Мұнан соң аймақ басшысы әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына әзірлігін пысықтады. Е.Шырақпайұлы сонымен қатар ағымдағы жөндеу жұмыстары үшін «Жамбыл-Жылу» мекемесіне бөлінген 200 миллион теңгеге қанша шақырым құбыр жүйелерін жөндеп, тозу деңгейін қанша пайызға азайту жоспарланғанын сұрады. Сондай-ақ құрылыс жұмыстарына бөлінген қаражат аздық ететіндігіне назар аударды.
«Жамбыл-Жылу» кәсіпорнының директоры Мүслім Қасымовтың айтуынша, жоспарға сәйкес 18 нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал жылу құбырларын жөндеуге бөлінген қаражат тарифпен белгіленгендіктен кәсіпорын көрсетілген көлемнен аса алмай отыр екен. Сондықтан жетпеген соманы өз қаражаттары есебінен төлеуге тура келген. «Жамбыл-Жылу» биыл Тараз қаласындағы екі орта мектеп, психо-неврологиялық диспансер орталығына жаңа қазандықтарды өздері сатып алып, құрылысты қарқынды атқаруда. Облыс орталығындағы тағы 6 жылыту нысаны бойынша жобамен 3,5 шақырым жылу жүйелерін де өз қаражатына ауыстырып жатыр. Ал, «Қант зауыты» алқабындағы ұзындығы 7,1 шақырым жылу жүйелерін жөндеуге 1,5-,2,5 миллиард теңге қажет. Бұл мәселе бойынша кәсіпорын қаржы басқармасына несиеге өтініш беріп, қолдау таппаған.
– Алда келе жатқан жылыту маусымы кезінде тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтау қажет. Мердігерлер жұмысының жоспарына баса назар аударған жөн. М-1 жылу магистралін жөндеу жұмыстарын қатаң бақылауға алып, құрылысты жеделдетіңіздер. «Жамбыл-Жылу» мекемесі тозу деңгейі төмен жылу желілері бойынша жобалық-сметалық құжаттарды дайындасын.
Ақтоты Жаңабай