Жаңалықтар

Қазақстан судың «қара нарығымен» күресті күшейтеді

Жыл басынан Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасы бойынша ведомство су ресурстарын басқарудағы құқық бұзушылықтарға, судың «қара нарығы» мен су саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне қарсы кешенді күресті бастады, деп хабарлайды arainfo.kz

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді. Министрліктің Ішкі аудит департаменті «Қазсушар» филиалдарына жоспардан тыс тексеріс жүргізіп жатыр. Мәселен, Жамбыл облысындағы аудит барысында су ресурстарын заңсыз пайдаланудың 10-ға жуық фактісі анықталып, тексеріс материалдар уәкілетті органдарға жіберіледі.

Ал, Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Жоғары аудиторлық палата жүргізген тексерістердің қорытындысы бойынша заң бұзушылыққа жол берген «Қазсушардың» басшылық лауазымдағы 5 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған болатын.

Бұдан бөлек, жаңа Су кодексінде суды пайдалану мен қорғауға мемлекеттік бақылау мен қадағалауды күшейтуге бағытталған маңызды өзгертулер қарастырылып отыр. Жаңа Су кодексінде уәкілетті ведомство мен бассейндік инспекцияларға қадағалау функцияларын беру жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, бассейндік инспекциялар мен мемлекеттік су инспекторларының функцияларын кеңейту, мемлекеттік бақылау мен қадағалау нысандарын өзгерту, жедел ден қою шараларын қабылдаудың жаңа құралдарын енгізу үшін қолданыстағы Кәсіпкерлік кодекске толықтырулар енгізу ұсынылып отыр.

Айта кету керек, еліміздің су ресурстарын қорғайтын бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 1,5 есе өсті. Осыған дейін елімізде бассейндік инспекция қызметкерлерінің саны 98 адам болса, қазір жалпы штат саны 242 адамға жетті. Бұл республиканың әрбір облыс орталығында бассейндік инспекция бөлімдерін ашуға мүмкіндік берді.