Тұтынушылық кредиттің сомасы шектелуі мүмкін
Елімізде тұтынушылық кредиттің сомасы шектелуі мүмкін. Екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары белгіленген межеден асырып несие бере алмайды. Мұндай ұсынысты Қаржы нарығын реттеу агенттігі жариялап отыр.
Екінші деңгейлі банктерге кепілсіз несиені 2 мың 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінен артық беруге тыйым салынбақ. Ал ол теңгеге шаққанда 8 миллион 122 мың 400 теңгені құрайды. Микроқаржы ұйымы да 4 миллион 61 мың теңгеден артық ақшаны рәсімдемейді. Мұндай шектеулердің кепілдендірілген несиелерге қатысы жоқ.
Қаржы нарығын реттеу агенттігінің ақпарына сай, 1 мамырдағы дерек бойынша қазақстандықтардың екінші деңгейлі банктер алдындағы қарызының көлемі 18 триллион теңгені құраған. Ал микроқаржы ұйымдарының алдында жеке және заңды тұлғалардың 1 триллион 300 миллиард теңге берешегі бар. Несиесін уақытылы төлей алмай жүргендер де жетерлік.Бұған экономист Бақытжан Омаров кредит беру сомасын шектеу қаржы нарығындағы компанияларға кері әсерін тигізеді деп отыр.
Кредит сомасын шектеу туралы ұсынысты Қаржы нарығын реттеу агенттігі ашық нормативтік құқықтық актілер порталына жариялады. Құжат 31 шілдеге дейін қоғам талқысында болады. Бұл ұсыныс қолдау тапса, онда екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдары заңды түрде белгіленген шектен асырып, несие бере алмайды.Айта кетейік, қазір банктер тұтынушыға қанша кредит беретінін өздері шешеді.
Эльмира Байназарова