Кәсіп

Мақсаты айқын Мадина

Кәсіп бастау оңай болғанымен, дөңгелетіп әкету екінің бірінің қолынан келе бермейді. Себебі қазір елімізде бәсекелестік орта қалыптасқан. Соңғы жылдары сұраныстың жоғары болуына байланысты кондитерлік өнім дайындап, табыс табуға ниетті жандардың қатары көбейген. Біздің кейіпкеріміз «Madina cakes» кофеханасының иесі Мадина Далабаева да бала күтіміне байланысты үйде отырса да, шағын кәсібі арқылы нәсібін тауып, көпшілікке үлгі болып отыр.

Облыс орталығындағы Қойгелді көшесінің бойында орналасқан «Madina cakes» кофеханасының дизайны ерекше, интерьері көз тартады. Мұнда макаронстар, мадлен, бельгиялық вафли, жапондық моти, торттар, самсалар, тәтті бәліштердің түр-түрі сатылады.Мадина Далабаева 1995 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. №54 орта мектепті аяқтаған соң М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Филология» факультетіне оқуға түседі. Мадина тәтті пісіруге ойда-жоқта келгенін айтады. 2019 жылы екінші сәбиін босанған кейіпкеріміз кәсіп ашуға бекініп, тараздық белгілі кондитер Мөлдір Сәбитқызынан сабақ алады. Шеберлік сыныбында кондитер түрлі тәттілерді пісірудің жолын үйретіп қана қоймай, жасаған дүниесін саудалаудың да қыр-сырын меңгертеді.


Мадина бастапқыда үйден тапсырыс қабылдап, торттар мен тәтті бәліштер пісіріп жүреді. Торттарының дәмді болғаны соншалықты алғашқы кездің өзінде қарапайым халық үйінен талап әкетіпті. Бір тапсырыс берген адам бірнеше рет қайта келе бастайды. Кейіпкеріміз баламен үлгермей жатқанда енесі қолғабыс етіп, екеулеп торт пісірген күндерін күліп еске алады. Жұбайы да кәсібіне қолдау көрсетіп, көмегін аямағанын айтады. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» демекші, отбасындағы ауызбіршіліктің арқасында Мадинаның тірлігі тіктеле бастайды. Жас болса да бас болып, тәуекелге бел буған ол 2020 жылы шағын әрі сәулетті етіп өз атымен кофехана ашады. Бұл уақытта Мадинаның сатып алушылары екі есе көбейген еді. 

Нәтиже шыққан істі одан сайын ілгерілету керек. Тынбау керек. Тұрақтылық жеңіске апарады. Тамшы тама береді, тама береді, сөйтіп тасты теседі. Мықтылығынан емес, тұрақтылығынан. Мадина да солай жасады. Тәттілерін түні бойы ұйықтамай пісіріп, сатты. Түбінде жеңіске жетті. Өзі бір үйдің жалғыз келіні. Тұрмыс құрғанына 10 жыл болған үш баланың анасы бүгінде танымал кәсіпкер. 20 адамды жұмыспен қамтып отыр. Жұмысшылар күніне кемі 5 000 теңге жалақы алады. Сағат 9:00-ден кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейтін кофехананың нарықта алдыңғылардың қатарында келе жатқанына да үш жылдай болыпты. Күніне мұнда 100 данадан бес түрлі тәтті бәліш, 15 түрлі жапон десерті, 50 шақты торт, самса пісіріледі. Дайындалған тәттілер бір күнде-ақ сатылып кетеді. Тіпті алдын ала тамыз-қыркүйек айларына да тапсырыс қабылдап қойған. Мұны да арнайы маман жазып, тіркеп, тапсырыстың уақытылы жіберілуін қадағалап отырады. 

«Еңбек етемін, табыс табамын» деген адамға қолыңнан келмейтін дүниені де үйреніп, бірінші хоббиға, екінші кәсіпке айналдыруға болады екен. Оны Мадина Далабаева дәлелдеп отыр. Ең бастысы ынта мен құлшыныс керек. 

Мадинаның алдағы арманы – қаланың кез келген нүктесінен кофехананың филиалын ашу. Және аудандарда да өз кәсібін дөңгелетуді жоспарлап отыр. Адал кәсіптің қаншама қиындығы болса да жемісі тәтті болады. 

Эльмира Байназарова