Руханият

Аты аңызға айналған Үлпер ана жайлы не білеміз?

Өзім жақсы білетін, танитын, сыйлайтын Қоқымбай Мәндібайұлы 90 жасқа келіп, осыдан 10 жыл бұрын о дүниелік болды. Көкірегі сара, құймақұлақ көп білетін қария еді. Өлең жазатын, тіпті сазгерлігі де бар. Өмірінің соңғы жылдары өлең жазумен айналысып «Асқақ, ізгі кісілер» деген кітап шығарды. Мақтанып, маған біреуін қолтаңбасымен берді. Оқыдым, ұнаттым. Адамға ой салатын дүниелер көп екен. Өзінің басынан кешкендері бір төбе. Әсіресе маған ұнағаны «Үлпер ана» деген поэмасы. Поэманы оқыған соң төменгі Талас бойындағы есті қариялардан батыр ана туралы сұрастырдым. Ешқайсысы мандырымды жауап бере алмады. Әттең, бір білсе сұңғыла, көзі ашық, көңілі ояу, ескі әңгімелердің шебері Қарсан Батайұлы білетін еді. Өкінішке қарай Қоқымбай да, Қарсан да дүниеде жоқ.

Қоқымбайдың жазуына қарағанда оқиға ХІХ ғасырда Қоқан хандығы тұсында болған. Үлпердің руы қандай екені белгісіз. Бірақ оның бас құраған жұрты – Ысты - Ойық - Қызылқұрт, оның ішінде – Жаңай Жапақ. Соңғы екеуінің сағаналары Аққұм ауылының батыс беткейіндегі Терсебай жазығының биігінде орналасқан. Екі-үш жыл бұрын бұл атаның балалары ұйымдасып, көрікті күмбез тұрғызды.Ол жиынға мен де қатыстым.

Ол кезде Аққұм ауылының от ауызды, орақ тілді шешені, биі Пәрімбек Бейсенұлы тірі болатын. Сонда сөйлеген сөзінде ол Жаңай Жапақтардың Қоқан заманы кезінде жаумен жағаласып, Шу бойына үдере көшкенін, кейін атамекендеріне оралғандарын айтқан. Қоқан хандығының 167 жыл билік құрып, оның ішінде Талас өңірінде де із қалдырғанын білеміз.

Тарихшылардың зерттеуіне қарағанда сол уақыт ішінде 89 хан билеп, тек қана қазақтардан 127 датқа шыққан. Солардың ішінде Ошақтыдан – Наурызбай, Тоқберген, Сапақ, Ыстыдан Жамбыл, Ілебай, Құлшық, Бегалы және тағы да тұлғалардың шыққанын білеміз.Сол бір қиын-қыстау заманда ерлермен бірге аналарымыз да жауға қарсы шапқан, елін қорғаған, жерін қорғаған. Солардың бірі – Үлпер ана. Ол жайлы Қоқымбай былай деп жырлайды. 

«Жақсыны айтпай, жамағат ірке ала ма?
Жұрт білген Терсебайда үлкен ана.
Төрт құлақты қорғанда мәңгі ұйықтап,
Жатыр биік басында Үлпер ана.

Өтіпті Үлпер ана тар заманда,
Панасыз зорлығы мол зар заманда.
Біреудің қолда барын тартып алған,
Қауіпті жаугершілік бар заманда.

Өтеді жұмыр бастан кесірлі арман,
Жарынан ажыратар есіл жалған.
Жетелеп екі ұлы мен екі қызын,
Күйеуден Үлпер ана жесір қалған.

Өткен іс қайта келмес өкінгенмен,
Басбілмес асау тайдай секіргенмен.
Реңді жас келіншек үйленбеді,
Алам деп дәулеттілер бекінгенмен.

Өзіндей кедейлер бар, жалшы бәрі,
Маңдай тері олардың тамшылады.
Байлармен кейде бірге, кейде бөлек,
Ақы алып болушы еді малшылары.

Бәріне Үлпер ана ақыл берді,
Айтқанын қысылғандар мақұл көрді.
Бес-алты еркекпенен сойылдасса,
Атынан құлататын батыр да еді.

Құм көшіп, Қаратауға барды алысқа,
Түнеді Жылауанда нар қамысқа.
Көшімен бір түбекке жау қамады.
Қой менен еркек біткен қалды алыста.

Әйелдерге көш шөгеріп, беріпті үйіп,
Мінді атқа Үлпер ана бөрік киіп.
Қылтада тосып тұрған бір аттыға,
Жау жағы ала алмады келіп тиіп.

Үлпердің қолындағы бақан еді,
Кезекпен аттан ұшты тақап еді.
Палуаны атынан мұрттай ұшты,
Бәрінен «мен барам» деп бата ап еді.

Біздерден көштен олжа тие ме деп,
Жалғыз атты бұл көшке ие ме деп.
Тең жартысы сойылдан есеңгіреп,
Бір-бірін кейін қайтты сүйемелдеп.

Бір ауыл сол күн түні аман қалған,
Жауға олжа боп көп болған адамда арман.
«Қатын қамалған түбек» деп осы күні,
Бір аңыз осы күні содан қалған. 

Үлперге содан былай берілді атақ,
Байларға жалынбады өңкей жатақ.
Там салып, егін жиып, қоныстанды,
Жәдік пен Терсебайға Жаңай Жапақ.

Сол жерден үш ата ауыл тоған алды,
Жайқалып салған егін қоғаланды.
Әр ауыл өз алдына мұрап сайлап,
Үш тарау терең етіп оман алды».

Елін, жерін жаудан қорғаған Үлпер ана өзі бас болып, Жәдік, Жаңай Жапақты Аққұм ауылының маңайына қайта қоныстандырып, егін еккізіп, елін еңбекке үйретеді. Оның әділдігіне қанық болған жарлы-жақыбайлар «шық бермес Шығайбай» байлардан қашып, Үлпер ананы сағалайды. Өзі батыр, өзі ақылды, өзі сұлу Үлпердің атағына қызыққан байдың бірі Арыс екен. 

«Бай еді асып тұрған Арыс деген,
Ырысы маңдайынан қарыс келген.
Үлперге кісі салып, сөз жүгіртті,
Тоған жауып, біздермен табыс деген» деп жырға қосады. 

Сонда Үлпер ана Арысқа:
«Қанша айтсаң тастамаймын жатағымды,
Сізге ілесіп шығарман атағымды.
Арысжан би, болысқа арқа сүйеп,
Алдыма тарта берме шатағыңды», депті.
Үлпердің қатқыл жауабына Арыс әжептәуір намыстаныпты. Оған: 
«Мұндайда тыныш жатсын Арыс қайдан,
Арысты шыдатады намыс қайдан.
Шаруаның егісін қалдырмаққа,
Жылқыларын бір қырға алыс қойған.

Әзір тұр бұл ауылда келсе майдан,
Малшылары жылқысын ерте жайған.
Егістің жігіттері жолатпады,
Топырлатып асырып Терсебайдан.

Бай іздеп жылқыларын келе алмады,
Айыбы үшін көп бетін көре алмады.
Бір ниетте отырған көп жамағат,

Намысын зорлығына бере алмады», деген жыр жолдары айғақ.

Міне, осындай дана Үлпер ана Ілебай датқамен сыйлас болғанға ұқсайды. Жұрттың айтуына қарағанда Ілебай датқа халықтың қамын ойлаған қайраткер. Жұрты сыйлап, Жаңай Жапақтар осы күнгі Сейілбек ауылының солтүстігінен кесене соққан. Өкінішке қарай, кесене толық сақталмаған. 

Ел аузында аңызға айналған Үлпер ана Қарақожа мешітінің онтүстік жағындағы қырдың үстіне жерленген. Қоқымбай ол туралы: 

«Сол жерде Үлпер ана бір тамаша,
Жақсыдан үлгі болар сөз тараса.
Мешіттің оңтүстігі биігінде,
Жалғыз қорған Үлпер ана тұр оңаша», деп нақтылайды. 

Иә, содан бері қаншама заман өтті. Үлпер ана қорғаштаған Жаңай Жапақтар да өсіп-өніп, алып бәйтерекке айналды. Бірақ, бір өкініштісі олардың ұрпақтары Үлпер ана жайлы еске ала бермейді. Ол сірә да, халқымыздың ер адамдарды пір тұтып, аналарды екінші қатарға қойғанынан ба деп ойлаймын. Алайда, Үлпер анадан Бектен, Найманбай деген екі ұл, екі қыз қалыпты. Екеуі де егін егіп, мал баққан шаруа жандар болса керек. Енді олардан тараған ұрпақтар бар ма? Бар болса, көне көздерден сұрастырып Үлпер ананың сағанасын дәл тауып, құрметтеп жатса нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені, ұлттың сақталуында, өсіп-өнуінде аналардың орны бөлек екендігін естен шығармайық, ағайын. 

Сәулембай Әбсадықұлы,
ҚР үздік өлкетанушысы,
Талас ауданы