Заң

Вейп сататын жасырын дүкен анықталды

Қазақстанда 20 маусымнан бастап вейптерге (электрондық шылымдар) және шекпейтін темекі өнімдеріне тыйым салынды. Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған болатын.

Заңға енгізілген түзетулер Қылмыстық кодекске де өзгерістер әкелді. Жаңа заңның 1-бөлімінде вейптерді сатқаны және таратқаны үшін жаза қарастырылған. Яғни, жазаланушы 200 АЕК-ке дейін айыппұл (738 400 теңге) арқалайды немесе 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа жегіліп, 50 тәулікке дейін қамау сынды жауапкершілікке тартылады. Баптың 2-бөлігінде вейптерді әкелгені және өндіргені үшін жаза да қарастырылған.

Онда 2 мың АЕК-ке дейін айыппұл (7,3 миллион теңге) немесе 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын айыру жазалары қамтылған. Ал, рұқсат етілмеген жерлерде вейп шеккені үшін 3 АЕК (11 076 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.

Жалпы электронды темекі немесе вейптердің тарихы сонау 1927 жылдан басталады. Қазіргі уақытта шылымның бұл түрі әлдеқайда өзгерді, бірақ келтіретін зияны ауыр. Мектеп жасындағы балалардың өзі вейптің арбауына түсіп қалды.

Электронды темекі дәстүрлі шылымға қарағанда зиянсыз дегендер қателеседі. Химиялық қоспаларға толы өнім әлбетте денсаулыққа кері әсер етеді. Сондықтан мемлекет деңгейінде онымен күрес қолға алынды.Осыған орай биылғы жылдың 20 маусымынан бастап облыстық полиция департаменті күшейтілген режимде жұмыс істеуде. 


Сондай-ақ Тараз қаласында «Қарасора – 2024» іс-шарасы барысында темекі өнімдерін сататын «Smoking shop» жерасты дүкені анықталды. Тінту барысында 113 электрондық вейп табылып, тәркіленді. 45 жастағы тұрғынға қатысты вейптерді тарату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті өз кінәсін толық мойындады.

Іс-шара аясында полиция қызметкерлері бейнеоператорлармен бірге Тараз қаласында кафе, барларға рейд ұйымдастырды. Екі күн ішінде темекі өнімдерін (кальян) тұтынуға тыйым салу талаптарын бұзған 27 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұзушылық деректері «MUSETTI», «LORD», «MATADOR», «BarBQ», «SKY LOUNGE», «Bult», «Janym soul», «Мята», «С Кайфом», «МANSARD», «PABLO» сынды кафе-барларда анықталды. 

Әкімшілік хаттамалар мекеме иелеріне, сондай-ақ олардың қонақтарына қатысты толтырылды.Облыстық полиция департаменті осы жылдың 20 маусымынан бастап Қазақстанда шегілмейтін темекі өнімдерінің, электрондық тұтыну жүйелерінің (вейптердің), олар үшін хош иістендіргіштер мен сұйықтықтардың айналымына тыйым салынғанын және криминализацияланғанын ескертеді. Оларды өндіру, әкелу, сату және тарату қазіргі таңда қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғады. 

А.Орынбасарқызы