Жаңалықтар

Жайлы мектептер есігін айқара ашатын күн жақын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы басталған болатын. Баянды бастама аясында облысымызда 9 500 орындық 12 мектеп салу жоспарланып отыр. Ұлттық жоба бойынша салынатын білім ұялары өңірдегі үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мәселесін түбегейлі шешуге сеп болмақ. Бұл туралы Президент өз Жолдауында: «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Біз 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз. Бұл ауыл және қала мектептерінің айырмашылығын едәуір азайтады» деген болатын.

«Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамы баспасөз қызметінің берген мәліметіне сүйенсек, жалпы Қазақстан бойынша 2023-2025 жылдар аралығында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 369 мектептің құрылысы жоспарланған. Осының арқасында 740 мыңға жуық жаңа оқушы орны ашылып, үш ауысымды оқыту, оқушы орындарының тапшылығы және апаттық жағдайдағы мектептердің мәселесі шешіледі. Мектептердің құрылысына жауапты бірыңғай дирекция болып табылатын «Samruk-Kazyna Construction» АҚ тапсырысы бойынша 208 нысан биыл қолданысқа беріледі.

Жобаның жалпы бюджеті – 2,3 триллион теңге. Ең көп жайлы мектептер оқушы орындарының тапшылығы қатты сезілетін Түркістан, Алматы облыстары мен Шымкент қаласында салынады.Электронды платформада өткізілген ашық конкурстардың нәтижесінде еліміз бойынша жайлы мектептердің құрылысына жауапты 92 компания анықталған. Олар толық көлемде аванстық төлемдермен, эскроу шот арқылы материалдармен қамтамасыз етілген. Құрылыс жұмыстары директивті кестеге сай жүріп жатыр. 

Жоспарға сәйкес биыл Байзақ ауданында – 1, Қордай ауданында – 2, Тараз қаласында – 4, яғни 7 мектеп салынып, пайдалануға беріледі. Заманауи талапқа сай білім ордасының бірі Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында салынуда. Жоспар бойынша мектеп құрылысы 31 тамызға дейін аяқталуы тиіс.Білім ордасының құрылысы тура 1 жыл бұрын басталған. Ауылдағы мектеп жасындағы балалардың санына байланысты 600 оқушыға есептелген. Мұнда аты айтып тұрғандай оқушының жайлы ортада білім алуына барлық жағдай жасалады.

– Жалпы жайлы мектептер озық стем-зертханалар, робототехника кабинеттері, хореографиялық зал, демалыс және коворкинг аймақтарымен жабдықталады. Техникалық жарақтандыру үлесі қарапайым мектептермен салыстырғанда 4 есеге артады.

Ал ауданы 15-20 пайызға кең болады. Ерекше қажеттіліктері бар балалар үшін инклюзивті орта (пандустар, кең есіктер, бөлек дәретхана, лифтілер), озық қауіпсіздік әрі бақылау-өткізу жүйелері қарастырылған.

Құрылыс барысында жалпы жағдайды бақылайтын ақпараттық цифрлы платформа жұмыс істейді. Ақпараттық жүйе алғаш рет осындай ірі ұлттық жобада қолданылып отыр. Электронды жүйе құрылыстың барлық кезеңін ашық бақылауға мүмкіндік береді.

Сарыкемер ауылындағы білім нысанының басым бөлігінде бетон құю жұмыстары аяқталып, мектептің қаңқасы тұрғызылған. Қазір ішін әрлеу, сыртқы қасбетін қаптау, инженерлік желілерді тарту, ауланы абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жоспарға сәйкес 2024 жылдың бірінші қыркүйегінде 2 нысан пайдалануға беріледі. Қалған мектептер желтоқсан айында халық игілігіне тапсырылады.

Ал жайлы мектептердің құрылыс жұмыстарына беделді әрі бәсекеге қабілетті компаниялар тартылған. Яғни, жобаға кеше ашылып, бүгін майлы жіліктің басын ұстап отыратын бір күндік фирмалар қатыса алмайды. Бір сөзбен айтқанда, мердігер компанияларға қойылатын талап та қатаң болып тұр. Мәселен Сарыкемер ауылындағы білім ошағының құрылысын салада 25 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар «Тараз құрылыс Дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. 


Расымен, алыстан менмұндалап тұрған жаңа ғимараттың сыртқы көрінісі ерекше. Мамандардың айтуынша, сейсмикалық жағдайға байланысты облыстағы мектептердің биіктігі 3 қабаттан аспайды. 

«Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтеретін білім нысандарының басты ерекшелігі – жабдықталуында. «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның облыс бойынша өңірлік басшысы Қанат Мұрбековтің айтуынша, жайлы мектептердің қалыпты мектептерден бір айырмашылығы – бастауыш сыныптар мен ересек сыныптардың кіріп-шығатын есігі жеке болады. Яғни, әртүрлі блокта орналасады. Олар бір-бірімен мектеп ішінде кездесе алмайды.

Бастауыш сынып оқушыларының өз спортзалы, дәретханасы, асханасы болады. Сонымен қатар, компьютермен жабдықталған физика, химия, биология дәрісханалары мен оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, STEM-зертханалар қарастырылған.Жарқын жобаның тағы бір айта кетерлік тұсы, оны жүзеге асыру барысында отандық тауар өндірушілерді қолдауға барынша көңіл бөлінген. Яғни жайлы мектептерге арналған жиһаз толық отандық тауар өндірушілерден сатып алынады. 

– Гипсокартон, цемент, керамогранит, кафель, басқа да құрылыс материалдарының барлығы отандық өндірушілерден сатып алынған. Бұдан бөлек тақта-парталар секілді бұйымдар, жиһаздар да отандық өндірушілердің өнімдері. Арматура, швельер секілді темір бұйымдары Ресейден, интерактивті тақталар Қытайдан жеткізіледі. Елімізде өндірілмейтін құрылыс материалдары, басқа да керек-жарақтар ғана шетелден әкелінеді. Жұмысқа да жергілікті тұрғындар тартылған.


Ұлттық жоба аясында келесі жылы Тараз қаласы мен өзге де аудандарда тағы 5 мектеп бой көтереді деп жоспарланып отыр. 

Айжан Өзбекова