Еңбек қатынастарын заңдастыру – маңызды мәселе
Соңғы уақытта жұмыс беруші тарапынан түрлі қудалаулар мен әділетсіздіктерге ұшыраса да күнкөріс қамымен оған төзіп жүрген азаматтар туралы жиі естиміз. Көп жағдайда мұндай әділетсіздіктерге ауылда малшылар мен маусымдық жұмыстарға тартылған азаматтар, ал қалада ірі сауда орталықтары мен жанармай құю бекеттерінде, мейрамханаларда жұмыс істейтіндер ұшырайды екен. Олардың құқықтары да үнемі қорғала бермейді.
Облыстық еңбек инспекциясы басқармасының қызметі ең алдымен еңбек адамдарының құқығын қорғауға бағытталған, яғни басқарма облыс аумағында еңбек заңнамасының орындалуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган. Сондықтан ұжымда қандай да бір еңбек заңнамасының талаптарына қайшы келетін жағдай орын алып, басқармаға шағым түссе, ол бойынша тексеру тағайындалып, жан-жақты қаралып, мәселе түбегейлі зерттеледі. Егер еңбек заңнамасын бұзу фактілері анықталса, орын алған заңбұзушылықтарды жою жөнінде нұсқама беріледі және қолданыстағы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінде айқындалған әкімшілік жаза қолданылады. Айыппұл салынған жағдайда, ол қазіргі айлық есептік көрсеткіштің еселенген мөлшеріне сәйкес болады.
Айта кету керек, мемлекеттік еңбек инспекторлары тек 2 жағдайда ғана арыз-шағым бойынша тексеру жүргізе алады. Біріншісі – еңбек инспекциясына жұмыскерлерден түскен шағым бойынша, екіншісінде прокуратура органдарының талабы бойынша. Одан басқа әлеуметтік желіде немесе қоғамдық ортада айтылған, көтерілген еңбек заңнамасын бұзу фактілері бойынша тексеру жүргізу заңмен қарастырылмаған. Мемлекеттік еңбек инспекторының заңмен бекітілген құқықтары бар. Мемлекеттік қызмет болғандықтан, түскен арыз-шағымды қарауда салғырттық танытпай, уақытылы әрі заң аясында дұрыс қарауға міндеттіміз. Сонымен қатар, құзыреттілігімізді асыра пайдалануға да болмайды.Кейбір шағымдарда айтылған жайттар біздің құзыретімізге кірмейтін болса, шағымданушыға кеңес бере отырып, оны тиісті органдарға жолдаймыз.
Кез келген ұйымда жалақы алып жұмыс істейтін азаматтардың бәрі де жалдамалы жұмыскерлер. Бәрінің де құқығы заң аясында белгіленген. Қазір ірі кәсіпорындар «Vision-Zero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасына қосылуда. Яғни, өндірістік жарақатты азайтып, еңбек қауіпсіздігі жағдайларын жақсартуға бағытталған іс-шара. Бұл да жұмыс берушінің жауапкершілігін арттырып, жұмысшының құқығын қорғау үшін жасалып отыр. Әрине, туындаған түсініспеушіліктердің ушықпай, неғұрлым қос тараптың келісімімен, татуласуымен шешілгені тиімді. Жалпы түскен шағымдардың көпшілігі жалақыны уақытылы төлемеу, жұмыстан заңсыз босату және еңбек жағдайларына қатысты мәселелер.
Жұмыста еңбек заңнамасының қолданылуына қатысты қандай да бір кикілжің орын алғанда шағымданудың жолдары қарастырылған. Ұжымдық даулар туындағанда алдымен жұмыскерлер өз талаптарын жұмыс берушіге ұсынуы керек. Ол 3 жұмыс күні ішінде қаралуы тиіс. Егер ол талапкерлерді қанағаттандырмаса, сол ұжымда татуластыру комиссиясы құрылып, сонда қаралады. Онда да оң шешілмесе, еңбек инспекторлары және жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдары араласатын еңбек төрелігі құрылып, талқыланады. Ол жерде де шешілмесе ғана сотқа қайырылуға болады. Егер соттан да оң шешімі табылмаса жалпы қоғамға, билікке наразылығын білдіріп, акцияларын өткізе алатын сатылары бар.
Еңбек шарты жұмыс берушінің де, жұмысшының да құқығын қорғауда кепіл болады. Сондықтан барша азаматтарға кез келген ұйымға жұмысқа тұрғанда алдымен еңбек шартын жасасып алуға кеңес береміз. Иә, бүгінде өзін-өзі өзектендірмеген, яғни ешқандай еңбек шартсыз еңбек етіп жүргендер бар. Олар бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалар, бұл «көлеңкелі экономикаға» жол береді.
Ал еңбек шартын жасамау жұмыс беруші тарапынан жұмыскерге жасалған әлеуметтік әділетсіздік деуге негіз бар. Неге? Себебі, еңбек шартын жасаспай, екеуара ауызекі келісіп алғанымен уақыт өте келе әйтеуір бір келіспеушіліктер туындағанда заңбұзушылықтар орын алатыны белгілі. Сондықтан жұмысқа тұрдыңыз ба, алдымен еңбек қатынастарын заңдастырыңыз. Басқармаға шағымданса да біз алдымен сол еңбек шартын сұраймыз. Себебі, біз түскен шағым бойынша тексеруге барсақ, жұмыс беруші ол жұмысшымен еңбек шартына тұрмағанын алға тартып, тіпті оны танымаймын деуі де ғажап емес. Біз тергеуші емеспіз, еңбек шарты болмаса ары қарай тексере алмаймыз, еңбек құқығын қорғай алмаймыз. Тек сотқа жүгінуді ғана ұсынамыз.
Сонымен қатар еңбек қатынастарын заңдастырмағандықтан, медициналық және әлеуметтік сақтандыру қорына, міндетті зейнетақы қорына қаражат түспейді. Осының салдарынан азамат сырқаттанып қалса тегін медициналық көмек ала алмайды, зейнетақы қорына қаражат түспегендіктен еңбек өтілі жүрмейді. Ешбір екінші деңгейлі банктер қажет кезде оған несие бермейді, зейнеттік демалысқа шыққан жасында зейнетақы қорында жинағы болмайды. Сол себептен әрбір азамат қазірден бастап лайықты зейнеттік жасқа жетуді көздеп, қамданғаны жөн. Ал, әлеуметтік сақтандыру қорына ақша түспеген соң денсаулығы сыр беріп, жұмыстан қалған күндеріне немесе жүкті келіншек бала күтіміне байланысты демалысқа шықса, тиісті төлемақысын ала алмайды.
Мұндай жағдайда науқасқа жұмыстан қалған күндеріне төлемақыны жұмыс беруші төлемейді, әлеуметтік сақтандыру қорынан беріледі. Ал, жұмысынан айырылып қалған жағдайда оған әлеуметтік сақтандыру қоры соңғы екі жылдағы алып жүрген айлығының 60 пайызын 6 айға дейін төлеп отырады.Кәсіпкер ретінде тіркелмеген өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бар. Сол кісілер бірыңғай жиынтық төлем төлеп отырса, оның бір бөлігі медициналық сақтандыруға, бір бөлігі әлеуметтік сақтандыру қорына, тағы бір бөлігі зейнетақы қорына салынып отырады.
Еркін Ибраимов,
облыс әкімдігі еңбек инспекциясы
басқармасының мемлекеттік еңбек инспекторы