«Жастар практикасы» – жастарға демеу
Бүгінде елімізде жұмыссыз әрі білім алмайтын жастардың саны 379,3 мыңға жетті. Қайраты тасыған жастардың екі қолға бір күрек таба алмауы кейде көңілге мұң ұялатады. Дегенмен жастарды жұмыспен қамту бағытында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалар аз емес. Әсіресе «Жастар практикасы» бағдарламасы жастардың тұрақты жұмысқа орналасып, қоғамнан өз орнын табуына үлкен септігін тигізуде.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – университет немесе колледж бітірген жас мамандардың мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына көмектесу. Еңбек өтілі жоқ жас маман жұмыспен қамту орталығынан жолдама алып, алғашқы жұмыс орнынан тәжірибе жинақтайды. Сәйкесінше бағдарлама арқылы тек табыс тауып қана қоймай, білікті мамандардың көмегімен өз мамандығымен жақынырақ танысуға мүмкіндік ала алады. Премьер-министрдің экс-орынбасары Алтай Көлгінов бағдарлама аясында жастардың ауыр кәсіпорындар мен зиянды жұмыстарға жіберілмейтінін айтқан болатын.
Облыс бойынша да бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқан жастардың саны күн санап артып келеді. Мәселен, қазіргі таңда Тараз қаласы бойынша 702 бос жұмыс орны болса, оның ішінде мемлекеттік мекемелерде 170 бос жұмыс орны, ал жеке секторларда 532 бос жұмыс орны бар. Жыл басынан бері бағдарлама аясында 355 жас маман мамандығы бойынша жұмыспен қамтылған. Ал облыс бойынша биылға қойылған жоспар 2 660-ты құраса, бүгінгі таңда орындалғаны – 1 383.
Өткен жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Конвергентті журналистика» мамандығы бойынша тәмамдаған Нұрсауле Мырзағали дипломын қолға алғаннан кейін біраз уақыт жұмысқа орналаса алмай жүрген. Жұмыс берушілер жұмыс өтілін сұрағандықтан біршама уақыт екі қолға бір күрек таба алмапты.
Жанар Жанатқызы да «Жастар практикасы» бағдарламасының артықшылығы көп екенін жасырмады.
– Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында білім алдым. Оқу бітіргеннен кейін көп ойланбай қалалық мансап орталығына барып, өтініш қалдырдым. Мамандығым бойынша жұмыс істеп, тәжірибе жинақтағым келетінін айттым. Кейіннен маған «Жастар практикасы» бағдарламасымен жұмысқа орналасуды ұсынды. Байқап көрейін деп бірден келісімімді бердім. 9 айдан бері «Парасат» колледжінде ағылшын тілі пәнінен оқытушы болып жұмыс істеп жатырмын. Мұғалімдік қызметімдегі алғашқы жылым аяқталып, осы уақыт ішінде көптеген тәжірибе жинадым. Студенттермен оңай тіл табысып, оқу материалдарын дайындау және әртүрлі оқыту әдістерін қолдану арқылы оқушылардың білімін арттыру дағдыларын дамыттым.
Дәл осы колледжде еңбек жолын бастаған Ұлдана Мықтыбекқызы да бағдарлама арқылы жұмысқа орналасқанына өкінбейтінін жеткізді.
– Өткен жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін аяқтап, «Химия мұғалімі» мамандығы бойынша қолыма дипломымды алдым. Мамандығым бойынша жұмысқа орналасу үшін мансап орталығына тіркелдім. Қызметкерлер «Парасат» колледжінде тәжірибе жинақтауды ұсынды.
Мен де қуана келістім. Шыны керек, жұмыс орныңдағы орта адам үшін маңызды ғой. Сені жылы қарсы алып, білгенімен бөлісіп отырса, білмегеніңді жөндесе, жас маманға бұл жерден артық жұмыс орны табылмайтыны анық. Мен де сондай күйді бастан кешірдім.Тәжірибесі мол ұстаздар сабақ өтудің түрлі тәсілдерімен таныстырды, уақыт өте келе мен де өзімнің алғашқы сабақтарымды өте бастадым.
Осы орайда айта кетейік, жұмыссыз жүрген жастардың тағы бір мәселесі – айлық. Жастарға өз-өзін көрсетуге мүмкіндік берген жақсы, әрине. Бірақ, сонымен қатар оларға мотивация да керек. Жас мамандарды айтпағанда тәжірибелі, тісқаққан қызметкерлердің өзі жоғары жалақы алса, жұмысты құлшыныспен істейді. Ал қолына дипломын енді ғана алған жас маман үшін мақтау-мадақтаудың өзі жеткілікті. Әйткенмен еңбегі қаржылай бағаланса еңсесі көтеріліп, қуанып қалатыны жасырын емес.
«Жастар практикасы» арқылы уақытша болса да жұмысқа орналасқандарға 110 760 теңге көлемінде жалақы қарастырылған. Бұл қаржы 1 жыл бойы бойы мемлекеттің қазынасынан төленеді. Бағдарлама арқылы уақытша жұмысқа орналасқан маман ҚР Еңбек кодексімен қорғалған. Соған сәйкес, оның мекемедегі құқығы басқа да қызметкерлермен тең. Оның жалақысынан барлық аударымдар шегеріледі екен. Бір сөзбен айтқанда «Жастар практикасы» – жастарға берілген үлкен мүмкіндік.
«Тамағы тоқтық,
Жұмысы жоқтық,
Аздырар адам баласын» деп хәкім Абай айтқандай теріс жолға түспес үшін күпірлігімізді емес, шүкірлігімізді арттырып, жалқаулықты емес, еңбекқорлықты серік ету керек.
Аяулым Жаманқара