Жанға жайлы «Зербұлақ» жағалауы
Былтыр Тараз қаласында халықаралық деңгейдегі туризмді дамыту мақсатында «Зербұлақ» көлінде еліміздегі ірі мәдени-сауықтыру отбасылық демалыс аймақтарының бірі ашылған болатын. Енді аталған жағажайдың екінші кезеңі іске қосылып, иесіз бос жатқан жердің 6 гектарына халыққа тиімді бағада жаңа су айдыны пайдалануға берілді.
Салтанатты іс-шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қанат Исмаил қатысып, ізгі тілегін білдірді.
Жағажайдың құрылыс жұмыстарын «Зербұлақ» аквапаркі мен «Balbulaq» демалыс орнын салған «South Holiday» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Үш жылға жуық уақытқа созылған құрылыс жұмыстары мен көл аумағын тазалау, айдынның табанын тас төсендімен тегістеуге 500 миллион теңгеден астам қаржы жұмсаған. Осы орайда айта кетерлігі, жағалауға кіру құны ересектер үшін 1 000 теңгені құраса, бір отбасы үшін 16 жасқа дейінгі 2 балаға кіру тегін. Қала әкімінің орынбасары жағажайдың не себепті ақылы екендігіне де тоқталды.
Айта кету керек, компания тарапынан көпбалалы аналарға жеңілдіктер де қарастырылған. Арнайы белгіленген күндері 50 пайыздық жеңілдікпен жағажайда демалуға болады.
Аяулым Жаманқара