Жамбыл жаңалықтары

Вегетация кезеңі қалай өтуде?

Былтыр өңірімізде ағын су мөлшері соңғы 50 жылда болмаған көрсеткішке дейін төмендеп, жамбылдық диқандардың қиналғаны есте. Нақтылап айтсақ, өткен жылы суару маусымы қыза түсетін шілде айында секундына небәрі 6 текше метр ғана су келген. Ал биыл ауылшаруашылығы саласынан мол өнім алуға ниеттеніп отырғанда қуаңшылық тағы да қыспаққа алмай ма? Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте егістік алқаптарын суару мәселесі егжей-тегжейлі талқыланды.

Жиында алдымен «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры Асқанат Қадыров есеп беріп, вегетация кезеңінің өту барысын баяндады. Айтуынша, аймақта 7 суқоймасы, 11 суторабы, 2 бөгет, 2 178 шақырым ирригациялық суландыру арнасы бар. Өңірде жалпы 221,6 мың гектар суармалы жер болса, биыл 88 896 мың гектарына шаруалармен келісімшарт жасалыпты. Суармалы жерлерге 595 миллион текше метр су беру жоспарланса, қазірге дейін нақты 200 миллион текше метрі жеткізілген.

Баяндамашының сөзінше қазіргі уақытта өңір диқандары су тапшылығын көріп отырған жоқ. Биыл жауын-шашын жылдағыдан көп жауғандықтан егінге қолайлы жағдай туғызған екен.Сондай-ақ А.Қадыров филиалдың 2024 жылға арналған іс-шаралар жоспарымен таныстырды. Баяндамашы өз сөзінде 101 кіші бағдарламасы есебінен – 3, тариф есебінен 2 жоба жүзеге асып жатқанын айтты. 

– Тарқатып өтсем, 101 кіші бағдарламасы арқылы өңірдегі 12 тірек гидротехникалық құрылысқа ағымды жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған болатын. Бүгінде 5 нысан бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 7 құрылыстың жұмысы аяқталған. Жоба құны – 418,42 миллион теңге. Сол сияқты 8 тірек гидротехникалық құрылысты инженерлік-техникалық тұрғыдан қамтамасыз ету жоспарланды. Қазірге дейін 5 тірек гидротехникалық құрылыс бойынша жөндеу жұмыстары аяқталып, 3 нысан бойынша жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 90 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ 11 тірек гидротехникалық құрылыс көпфакторлы зерделеу жүргізуді және бөгет қауіпсіздігін әзірлеуді қажет етуде.

Сөз соңында баяндамашы облыстағы су жүйелерін қалпына келтіру барысымен таныстырды. Айтуынша, құрылыс жұмыстары Еуразия қайта құру даму банкінің 2021-2024 жылдарға арналған бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Бүгінге дейін банк тарапынан бөлінген 27,2 миллиард теңге қаржының 17,4 миллиард теңгесі игерілсе, қалған 9,8 миллиард теңгесі 2024-2025 жылдары игеріледі деп жоспарланған. Мұнан соң тақырып аясында облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нартай Егембердиев баяндама жасады.

Басқармаға қарасты «Жамбыл су қоймалары» мекемесінің теңгеріміндегі 113 суқоймаға суару кезеңінің алдында 99,8 миллион текше метр су жиналған. Сонымен қатар, облысқа қарасты Қырғыз Республикасында орналасқан «Киров» суқоймасында 467,7 миллион текше метр, «Орто-Токой» суқоймасында 438 миллион текше метр су жиналған. Аталған суқоймаларында жинақталған судың көлемі Қазақстан үшін Қырғыз Республикасымен Талас өзені бойынша 380 миллион текше метр, Шу өзені бойынша 180 миллион текше метр көлемінде су алу жөніндегі келісімге келуге мүмкіндік берген. Осылайша облыста суару маусымы сәуір айының үшінші онкүндігінде басталып, қазіргі уақытта штаттық кестеге сай өтіп жатыр.

– Облыстың 6 ауданында егіс алқаптарын сумен жабдықтау мәселесін шешу үшін 2019 жылдан бастап халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен сушаруашылығы жүйелерін қалпына келтіру бойынша 2 жоба жүзеге асырылуда. Жобалардың құны 37,4 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі күнге 27,6 миллиард теңгесі игеріліп, ұзындығы 573,8 шақырымды құрайтын 137 канал жөндеуден өтіп, 47,5 мың гектар алқаптың ағын сумен қамтылу деңгейі артты. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған екі жобадан бөлек каналдарды қайта жаңғырту бойынша тағы 1 жобаны іске асыру ойда бар. Атап айтқанда Ислам даму банкінен 76 каналды қайта жаңғыртуға 86,5 миллиард теңге көлемінде несие алуды жоспарладық.

Осы бағытта шілде айының 10-11 күндері Астана қаласында басқарма басшысы «Қазсушар» кәсіпорнының басшылығымен бірлесіп Ислам даму банкінің сарапшыларына каналдарға қатысты әзірленген жобаларды таныстырды. Нәтижесі бойынша ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдері мен банк сарапшыларынан жұмыс тобы құрылып, 13-14 шілде күндері облыс тарапынан ұсынылған су нысандарына бағалау жұмыстарын жүргізді. Жергілікті әкімдік өкілдері жұмыс тобына жобаларды таныстырып, оларды іске асырудың маңыздылығы жөнінде тиісті ақпараттарды берді.Осылайша несие беру мәселесі алдын ала мақұлданды.

Бүгінде су нысандарын қайта жаңғыртуға арналған конкурс рәсімдері талқылануда, – деген Нартай Әлібекұлы облыста 2026 жылға дейін жаңа 12 суқойманың құрылысын жүргізу, қолданыстағы 4 суқойманы қайта жаңғырту жоспарланғанын жеткізді. Бүгінгі таңда аталған іс-шаралар аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Сарысу ауданында орналасқан «Ынталы» суқоймасын қайта жаңғыртуға республикалық бюджеттен 202 миллион теңге бөлінген. Дегенмен нысанда құрылыс жұмыстары жобаға түзетулер енгізілуіне байланысты тоқтап тұр екен.

Ал Шу ауданында орналасқан «Тасөткел» суқоймасына 2019 жылдан бастап қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 3 115,0 миллион теңгені құрайды. Осы уақытқа дейін 2 988,0 миллион теңгесі игеріліп, құрылыс жұмыстары 90 пайызға еңсерілген. Сонымен қатар республикалық меншіктегі «Теріс-Ащыбұлақ» және «Қарақоңыз» суқоймаларын қайта жаңғырту үшін арнайы жобалар әзірленуде.Сол сияқты 2022 жылдан бастап Меркі ауданындағы көлемі 1,9 миллион текше метрді құрайтын жаңа «Андас 1», «Андас 2», «Андас 3» суқоймаларының құрылысы жүргізілуде.

Ал, Талас ауданындағы «Ақмола», Қордай ауданындағы «Ырғайты» және «Қалғұты» суқоймаларының құрылысына Су ресурстары және ирригация министрлігі тарапынан жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде. Қалған кіші 6 суқоймаға байланысты аудан әкімдіктері жобаларын әзірлеп жатыр екен.Сондай-ақ басқосуда облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың баяндамасы тыңдалды. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, облыста суармалы жердің көлемі 181,8 мың гектарды құрайды.Оның 141,8 мың гектары жерүсті әдісімен, 28,5 мың гектары заманауи жаңбырлатып суару әдісімен, 11,5 мың гектары тамшылатып суарылады.


Мұнан аймақ басшысы былтырғы қуаңшылық кезеңін мысалға келтіре отырып, вегетация кезеңіне немқұрайды қарауға болмайтынын ескертті. 


Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Руслан Орынбеков баяндама жасап, су тасқынының алдын алу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанынан хабардар етті. 

Облыс әкімі департамент мамандарының алдына су тасқынының себептерін жақсылап зерделеп, сараптама жасап, он күн ішінде қорытындысын дайындау міндетін жүктеді.

Ақтоты Жаңабай