Жаңалықтар

Балықшы қыз

Халық даналығында «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» деген сөз бар. Расында да су арналары балыққа толса, халықтың берекесі артады, нәсібі молаяды. Бүгінде табиғаттың сыйын тиімді пайдалана отырып, балық шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп келеді. Бұл тұрғыда білікті мамандардың өмірлік тәжірибесі жас толқынға үлгі-өнеге. Осы орайда өзімнің сүйікті басылымым-«AR-AI» газетіне балық шаруашылығы саласының ардагері Найла Қондыбаева туралы жазуды жөн көрдім.

Найла Ескенқызы 1961 жылдың 6 қыркүйегінде Шу ауданы, Ақтөбе ұжымшарында  дүниеге келген. 1986 жылы Астраханның балық өндірістік және шаруашылық техникалық институтына түсіп, оны «Балық өндіру-өсіру» мамандығы бойынша тәмамдайды.

Еңбек жолын 1978 жылы бастаған Н.Қондыбаева 1984-1985 жылдары Шу ауданы, Балуан Шолақ ауылындағы Тасөткел тоспа балық шаруашылығында күзетші, лаборант, инкубациялық цехтың басшысы болып, одан кейін осы мекеменің директоры қызметіне дейін көтеріледі. Өз мамандығын жан-тәнімен сүйгендіктен де болар көпшілік оны «Балықшы қыз» деп атап кетті. 

Кейіпкеріміз 2010-2012 жылдар аралығында Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бас маманы қызметін атқарды. Ал 2012-2021 жылдар аралығында Дулат және Жаңақоғам округінің әкімі ретінде өңірдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қоса білді.

2022 жылдан бастап Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Ихтиология және гидробиология» зертханасында ихтиолог маман ретінде өзіндік қолтаңбасын қалдырды.Найла Ескенқызы зейнеткерлікке шығып жатса да адал еңбектен қол үзген жоқ.

Ол  бүгінде  «Қондыбай» балық шаруашылығын ашып,  еселі еңбек етуде. Сонымен қатар үстіміздегі жылдың мамыр айынан бастап Шу ауданында балық шаруашылығын жандандырған «KazAquaAlliance» ЖШС директоры болып тағайындалған. Көп жылдық еселі еңбегі үшін кейіпкеріміз  «Еңбек даңқы», «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін», «Шу ауданына сіңірген еңбегі үшін»  төсбелгілерімен марапатталған.    

Жұмахан Төлеуұлы, 
Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі