Ауызсудың сапасы алаңдатады
Адам баласының күнделікті тіршілігін сусыз елестету мүмкін емес. Алайда әртүрлі жұқпалы аурулардың басым бөлігі ауызсу арқылы жұғатыны да жасырын емес. Ал өзіміз күнделікті тұтынып жүрген ауызсудың сапасы қандай? Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен кезекті брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Әлібаева осы мәселе төңірегінде баяндама жасады.
Баяндамашының сөзіне сүйенсек, облыс бойынша барлығы 371 елді мекен болса, 262 елді мекендегі 1 миллион 132 мың 817 адам орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар 107 елді мекендегі 89 946 мың адам орталықтандырылмаған ауызсуды пайдаланса, 352 тұрғыны бар 2 елді мекенге су тасу арқылы жеткізіледі екен.
– Департаменттің бақылауында 249 су құбыры бар. Өткен жылы Байзақ ауданындағы Үлгілі, Көктал, Көкбастау ауылдарында 3 су құбыры салынғандықтан көрсеткіш ұлғайған. Қазіргі таңда 249 су құбырының 241-і жұмыс істейді. Жұмыс істемейтін 8 су құбырының бірі Меркі ауданындағы Жауғаш батыр ауылында орналасқан.
Бұл ауылда электр қуаты жоқ болғандықтан құбыр іске қосылмаған. Ал Мойынқұм ауданына қарасты Бірлік ауылында құбыр судың тұзды болуына байланысты жұмыс істемейді. Сол сияқты Шу ауданындағы Жайсан, Шоқпар, Сауытбек ауылдарында су құбырлары экономикалық соттың шешімімен жабылған. Байзақ ауданындағы Дихан-1 ауылы мен Талас ауданындағы Есейхан ауылындағы су құбырлары күрделі жөндеуді қажет етеді.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және мекеменің аумақтық басқармалары ауызсудың сапасын үнемі бақылап отырады. – Биылғы мониторинг кезінде орталықтандырылған сумен жабдықтау көздерінен микробиологиялық көрсеткіштерге 1 893 ағын су сынамасы зерттеліп, 10-ы санитариялық талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 2 589 ағын су сынамасы зерттелсе, 135-і нормаларға сай емес. Сондай-ақ орталықтандырылмаған көздерден микробиологиялық көрсеткіштерге 160 су сынамасы бақыланса, 10-ы сәйкес емес. Кемшіліктер Талас, Байзақ аудандары бойынша анықталды.
Спикердің айтуынша, әсіресе ашық су көздерінен су пайдаланатын елді мекендерге ерекше көңіл бөлінеді екен. Облыста I санаттағы 8 ашық су көзі бар екен. Атап айтқанда, Қордай ауданындағы Күнбатыс-1, Күнбатыс-2, Сұлутөр, Үлкенсұлутөр, Көктөбе ауылының тұрғындары бұлақтардан бастау алатын тау өзендерінен суды пайдаланады. Меркі ауданындағы Гранитагорск, Т.Рысқұлов ауданындағы Көгершін ауылының тұрғындары тау суын тұтынады.
Ал Мойынқұм ауданындағы Мыңарал ауылы, Мыңарал стансасы, Шығанақ ауылының тұрғындары тіршілік нәрін Балқаш көлінен алады екен. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында І санаттағы ашық су көздерінен микробиологиялық көрсеткіштерге 55 сынама алынған. Оның ішінде 15 сынама талапқа сәйкес келмеген. Барлық ауытқулар жалпы микробтық сан бойынша туындаған.
Санитариялық-химиялық көрсеткіштерге 72 сынама алынып, оның 24-і нормаға сай болмай шыққан. Көрсеткіштер түстілігі, лайлылығы бойынша орын алған. Аталған ауытқулар бойынша жергілікті атқарушы органдарға хаттар жолданыпты. Сондай-ақ Тараз қаласында, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Т.Рысқұлов, Сарысу, Талас, Шу аудандарында II санаттағы 24 ашық су айдыны бар екен.
Есепті кезеңде II санаттағы ашық су айдындарынан микробиологиялық көрсеткіштерге 35 сынама алынса, оның ішінде екеуі талапқа сәйкес келмепті. Санитариялық-химиялық көрсеткіштерге алынған 36 сынамадан ауытқушылықтар байқалмаған.
Сөз соңында Салтанат Қордабайқызы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің «Ұлттық сараптама орталығы» республикалық коммуналдық мекемесінің облыс бойынша филиалымен бірлесіп «Жамбыл облысындағы 2024 жылға арналған негізгі су тасқыны оқиғаларының жоспары» әзірленіп, келісілгенін хабардар етті.
А.Бекенқызы