Жаңалықтар

Жылу құбырларын жаңғырту жұмыстары қашан аяқталады?

Тараз қаласында бірнеше айдан бері М-1 орталық жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жаңғыртуды қажет ететін жылу магистралінің жалпы ұзындығы – 6 138 шақырым. Ал жобаның жалпы құны 10 миллиард 756 миллион теңгені құрайды. Бас мердігер – «Сарыағаш-Аман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Облыс орталығындағы 35 жыл жөндеу көрмеген жылу желісінің құрылыс жұмыстары қашан аяқталады? Кеше Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмайл осы мәселеге қатысты бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне сұхбат берді. Қайрат Әбілханұлының айтуынша, қазіргі сәтте демонтаждау жұмыстары 75 пайызға орындалған. Сондай-ақ лотокты орналастыру жұмыстарының – 65, құбырларды орналастыру жұмыстарының 50 пайызға жуығы аяқталған.

– «Тараз қаласындағы Сыпатай батыр, Төле би, Тұрысов көшелерінің бойындағы М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту» жұмыс жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. Жалпы М-1 жылу магистралі 1990 жылдан бастап 34 жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Жылу желісінен 2022 жылы 6 ақау анықталса, былтыр желіден тағы 3 ақау табылды. Осыған орай облыс әкімдігі мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан конкурс жарияланды.

Жеңімпаз деп танылған бас мердігер – «Сарыағаш-Аман» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, техникалық қадағалаушысы – «АДС Сапа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және авторлық қадағалаушы ретінде «Институт «КазНИПИЭнергопром» акционерлік қоғамымен келісімшарттар жасалды.Айта кетерлік жайт, құрылыс жұмыстарының ұзақтығы кесте бойынша 9,5 айды құрағанымен мердігер компанияның жан-жақты мүмкіндіктерін ескере отырып 5,5 айға қысқартылды.

Яғни 4 ай үнемдеп отырмыз. Одан артық қысқартатын мүмкіндік жоқ. Мәселен жылу камерасын бетондау жұмыстары арнайы нормативке сәйкес 28 күн қату керек. Одан кейін лабараториялық жұмыстар жүргізіледі. Ол кемінде 5 күнде іске асырылады. Жұмыс сапалы аяқталуы үшін тиісті мерзімдік нормативтер сақталуы тиіс. Жалпы құрылыс-монтаждау жұмыстары полиция органдарымен жол жабу келісілгеннен кейін ғана жүргізілді, – деген Қ.Исмайл бүгінгі таңда Төле би даңғылының Абай даңғылы мен Әйтиев көшесі аралығындағы бөлігінде орнатылған жылу құбырлары тиісті гидравликалық тексерістен өтіп, қайта көму жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. 

Нақтылап айтсақ, орталық алаңдағы жылу құбырларын жаңғырту жұмыстары өз мәресіне жетіп, қолданысқа берілді. Бірақ жол бетіне әлі асфальт төселмеген. Сондықтан тиісті нығыздау жұмыстары аяқталғаннан бірнеше апта немесе бір айдан кейін жол қайтадан жабылып, асфальтталатын болады.Сондай-ақ келесі кезеңде қолданысқа берілгелі отырған Әйтиев пен Төле би даңғылының қиылысындағы өткел жол жұма күні кешке жабылады. Десе де жауаптылар үш күнде аталған аймақтағы жұмыстарды аяқтайтындарын айтады.


Бүгінде қарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмыстарын 2024 жылдың 1 қазанына дейін аяқтау жоспарланып отыр. 

Ақтоты Жаңабай