Жаңалықтар

Қордайдағы ахуал қатаң бақылауда

2024 жылғы 17 шілдеде Қордай ауданының Бетқайнар, Қақпатас ауылдық округтерінде кешкі сағат шамамен 18.30-да басталған дауыл және қатты жаңбыр салдарынан таулы жерлерде көлбеу ағын қалыптасты. Жеке аула аумақтарын, сондай-ақ тұрғын үйлерді су басу фактілері тіркелмеді.

Нақтылау шаралары кезінде «Береке» шаруа қожалығының 671 ұсақ малы мен 10 жылқысының суға ағып кеткені бойынша ақпарат расталмады. Қазіргі таңда ағын су салдарынан 6 ешкі, 1 қой, 1 бұзаудың өлексесі анықталды. Қосымша зерделеу, анықтау жұмыстары жалғасуда.Соғанды ауылында желдің жылдамдығы секундына 45 метрге дейін жеткен. Ағын су салдарынан «Соғанды-Бетқайнар» автожолындағы көпір бүлінген. Жергілікті атқарушы органдар мен полиция қызметінің күшімен (1 адам және 1 техника) бекет қойылып, жол қатынасы реттелді.

Бүгінде көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Шұғыл арада сметалық құжаттама әзірленетін болады. Соғанды ауылы бойынша 15 тұрғын үй және қора-жайлардың шатырлары жел салдарынан ұшып кеткен. «Beeline» ұялы байланысының мұнарасы құлаған.Соғанды ауылында 3 бригада (15 адам, 2 техника) электр желілерін қосу үшін жұмыс атқаруда. Жел салдарынан құлаған ағаштардан газ құбырлары сынған. Аудандық «ҚазТрансГазАймақ» тарапынан қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Беріктас ауылында желдің жылдамдығы секундына 43,5 метрге дейін жеткен. Электр желілерін қосу үшін 2 бригада (10 адам, 5 техника) жұмыс атқаруда (қосымша 1 бригада жіберіледі).
Жел салдарынан сынған газ құбырларын қалпына келтіру үшін 4 бригада жұмыс атқаруда (30-40 адам).Табиғи сипаттағы қатты дауыл салдарынан аудандық орталық ауруханаға 3 азамат қайырылды. 1 науқастың жағдайы ауыр, екеуі үйіне қайтарылды.Қордай ауданындағы жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі