Z Ұрпақтың «арманы бөлек, талғамы басқа»
Әр заманның өз ұрпағы болады десек, әр ұрпақтың өз таным-түсінігі, көзқарасы, пікірі бар. «Заманына қарай адамы» демекші, сол заманға үйренген ұрпақтың да өзіне тән мінез-құлқы бөлек болады.
Өткен ғасырда ұрпақтарды латын әліпбиінің X, Y, Z әріптерімен белгілеу қалыпқа енді. Анығын айтқанда, 1990 жылдардың басында АҚШ социологі Уильям Штраус пен Нил Хоуви әлеуметтану саласына жаңаша түсінік әкелді. Яғни олар буын теориясын ойлап тапты. Ұрпақтар жіктелісін белгілі саясаттанушы Айдос Сарым да «Facebook» желісіндегі парақшасында былай келтіреді. «Осы теорияға салатын болсақ, бүгінгі Қазақстанда бірнеше ұрпақ өкілі ғұмыр кешіп жатыр.Үнсіз ұрпақ (1923-1943 жылы туғандар)Олардың құндылықтарының пайда болуына сталиндік қуғын-сүргін, жаппай ашаршылық, екінші дүниежүзілік соғыс сияқты ғаламдық оқиғалар әсер еткен. Басты құндылықтары – адалдық, ережелерді сақтау, заңға бағыну, қызметке, лауазымға құрмет, ар-намыс, шыдамдылық, төзімділік.
БЭБИ - БУМЕРЛЕР ҰРПАҒЫ
(1943-1963 ЖЫЛЫ ТУҒАНДАР)
Бұлардың құндылықтарының пайда болуына Сталиннен кейінгі жылымық, адамның ғарышқа ұшуы, қырғиқабақ соғыс, медицинаның, білім беру жүйесінің жақсаруы, ғылымның дамуы әсер еткен. Әкелері соғысқа қатысқандықтан өзін «жеңімпаз ұрпақ» санаған. Басты құндылықтары – оптимизм, пайда мен карьераға құштарлық, ұжымшылдық, «командашылдық», «жастық культі».
Х ҰРПАҚ НЕМЕСЕ БЕЛГІСІЗ ҰРПАҚ
(1963-1983 ЖЫЛДАРЫ ТУҒАНДАР)
Бұлардың құндылықтарының қалыптасуына қырғиқабақ соғыс, қайта құру, жариялылық, Ауғанстандағы соғыс, Чернобыль апаты сияқты оқиғалар әсер еткен. Басты құндылықтары – өзгеріске дайындық, таңдау мүмкіндігі, жаһандық ақпараттану, техникалық білім, индивидуализм, ғұмыр бойы оқуға әзірлік, көзқарастардың бейресмилігі, жаңа эмоция іздеу, прагматизм, өзіне ғана сену, гендерлік теңдік.
Ү ҰРПАҚ ЖЕЛІ ҰРПАҒЫ НЕМЕСЕ МИЛЛЕНИУМДЕ (1983-2003 ЖЫЛЫ ТУҒАНДАР)
Олардың құндылықтары КСРО-ның ыдырауы, террористік актілер мен аймақтық соғыстар, сандық технологияның күрт дамуы, ғаламдық аурулар, мода мен өнер әсерінен туындады. Ұялы телефондар мен интернет аталған буын үшін күнделікті үйреншікті дүние. Басты құндылықтары – парыз бен борыш, жауапкершілік, аңқаулық, бағына білу. Олар үшін табысқа тезірек жету маңызды.
Z ҰРПАҚ (2003-2023 ЖЫЛДАР АРАЛЫҒЫ)
Бұл ұрпақ дипломнан гөрі білімді артық санайды. Қауіпсіздік мәселесіне көп көңіл бөледі. Қалыптасқан ережелерді, заңдарды сақтауға, жаңалыққа бейім. Техника мен ғылымның дамуы олар үшін қалыпты» деп жазады А.Сарым.Олай болса, Z ұрпақтың алдағы тыныс-тіршілігі, әдет-ғұрпы қалай болмақ әрі олардың еңбек нарығына жаңа тренд әкелгені рас па, шетелдік ғалымдар ұсынған ұрпақтар буынының жіктелісі қазақ менталитетіне қаншалықты сәйкес келеді? Ендеше көптің көкейіндегі сұрақтарға жауап іздеп көрсек.Бір сөзбен айтқанда, жастайынан жаңа технологиямен дос болып, инноватор болуға бейімделген, тоқсаныншы жылдардың бел ортасында дүниеге келген балаларды Z ұрпақ деп атаймыз.
Бұл туралы ғаламторда ақпараттар көп. Соның бірінде: «Z ұрпағы цифрлық әлемде пайда болып қойған. Бұл жасөспірімдер өздерін қазіргі заманғы гаджеттерсіз елестете алмайды, олар өте тез есейеді, бұл жаңашыл әзірлемелер мен ақпараттық технологияларға жақсы бағдарланатын балалар. Олар цифрлық әлемде дүниеге келді және осы әлемде өзін жақсы сезінеді. Оларға оқу немесе жұмыс ұнамаса, үндемей қалмайды және оған шыдамайды. Z ұрпағының типтік өкілі басталған істі оңай тастайды және оған ерекшелігіне қарай сәйкес келетін басқа нәрсе табады. Олар кез келген ақпаратты интернеттен алады, олар қолмен жазбайды және қала телефонын пайдаланғанды ұнатпайды. Осылайша, репетиторға барып тәлім алу туралы тіпті ұмытуға болады» делінген. Бұл пікірге ұстаз Бекжан Тлеубеков те қосылып отыр.
Осы орайда психолог Марал Хантөреқызының да айтар ойы бар. – Олардың ерекшеліктеріне келсек, біріншіден Z ұрпақ шынайы өмір мен виртуалды өмірдің айырмашылығын жете түсінбейді. Мысалы, ол үшін виртуалды дос пен күнделікті өмірде көріп жүрген досының қарым-қатынасы бірдей көрінуі мүмкін. Екіншіден, бұлар нақты шешім қабылдауға бейім. Өзіне ұнамайтын заттан бірден бас тарта алады. Яғни, оны қинап бір іске жегіп қою – қиынның қиыны. Үшіншіден, Z ұрпақтың өздеріне ыңғайлы атмосферасы бар. Байқасаңыз, стиль де соларға қарай икемделіп жатыр.Білім-ғылымға келгенде де талғамдары бөлек. Ата-аналары таңдап берген мамандық бойынша оқығысы келмейді. Тіпті, жоғары оқу орнына түспей-ақ әртүрлі мамандандырылған курс оқып, бизнес ашуға құмар. Төртіншіден, олар арман-қиялға ерік бермей, реализммен өмір сүреді. Армандап қана қоймай, мақсатты жүзеге асыру керегін жете түсінеді. Ғалымдардың айтуынша, мұндай ұрпақ ғылым, робототехника мен өнерге қызығады. Өзіндегі басым бағытты айқындап, соны шыңдауға әрекет етеді.
Байқап қарасақ, интернет кеңістігінде болсын немесе былайғы өмірде Z ұрпақтың ойлары ұшқыр, өз-өздерін асырап, бір емес бірнеше жұмысты еркін игеріп жүргенін байқаймыз. Олар алдыңғы толқынға қарағанда талғаммен дайындалған тағамдарды жейді, интернет арқылы сауда жасағанды әдетке айналдыруда. «Instagram», «TikTok» арқылы жарнама жасап, қыруар қаражат тауып жатқандардың қарасы да осы заманауи ұрпақ. Z ұрпақ саяси-әлеуметтік мәселелерге де өз ойларын ашық білдіріп, адамзаттың қоршаған ортамен үзілмес байланысы туралы да толғанады.
Мәселен, зерттеулерге көз жүгіртсек, жастардың 80 пайызы экологиялық проблемалардан хабардар болса, 76 пайызы экологиялық мәселелерге бейжай қарамауға тырысуда. Жасөспірімдердің 78 пайызын әлемдегі аштық жағдайы толғандырады екен. Әлемдік проблемаларға қарамастан, болашақ экологияның жақсаруына он жастың жетеуі сенім білдірсе, жарқын болашағына оптимистік көзқараспен онның тоғызы қарайды.Жаңа буынның ойлау жүйесі де бөлек.
Олар өзінің аға-әпкелері секілді бір-бірінің киімін киіп, таң атқаннын кешке дейін далада асыр салып ойнамаған ұрпақ. Себебі олар тәуелсіз елдің еркін, баршылықта өскен, компьютер, ұялы телефонның игілігін көрген ұландар. Дегенмен олардың ата-аналары, ұстаздарының арасында түсініспеушіліктер орын алып жататыны жасырын емес.
Психологтар қауымы ата-ана Z ұрпаққа өз өткені мен жетістіктерін әсірелемей, олардың қазіргі жағдайы мен күйін құнсыздандырмай, «сенің қолыңнан бәрі келеді, қателесу шыға алмайтын тығырық емес, сенің де ойың орынды» деп қабылдай отырып, ұлттық құндылықты бейімдеп, байыппен жеткізу, консервативтілікті босаңсыту және жаңаға бейімделу қажет деген пікірді айтады. Яғни, оларға ұрысып, сынап, өзгелермен салыстырып әуре болмай, керісінше бастамасын, пікірін қолдап, қолпаштап отырудың маңызды екенін айтады.
Бүгінгі қоғамда әлеуметтік желінің әлеуеті басым. Содан болар Z ұрпақ ғаламторды коммуникация құралы ретінде пайдаланады. Негізінен әлеуметтік желіде, әсіресе «Instagram», «TikTok»-та өзін дамытуға көбірек жұмыс істейді. Аталған буынның еңбекке деген көзқарасы да зерделеуді қажет етеді.Кейіпкеріміз Дарын Жамбылұлының жасы небәрі 18-де. Мектепті өткен жылы бітірген жас жоғары оқу орнына түсуге асықпайды. Себебі ол мектеп бітірмей тұрып мобилографияны меңгеріп, бірнеше жерден қосымша қаражат тауып жүр.
Міне, бұл ұрпақ дипломнан гөрі білімді артық санайды. Дегенмен мақсаты айқын.Ғылым мен технологиялар дамып, барлық салада мүмкіндіктер артқан сайын өскелең ұрпақтың өмірге деген көзқарасы, өмірлік құндылықтары да қарқынды өзгеріске ұшырауда. Қалай десек те, ұрпақ алмасуы қалыпты жағдай. Бір ұрпақтың орнына бір ұрпақтың келуі табиғат заңы. Ол жақсы ма, жаман ба – уақыт еншісінде.
Айжан Өзбекова