Жамбыл облысы ЖЭК қуаты бойынша республикада көш басында
Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады
Жамбыл облысында 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің (ЖЭК) саны 25 нысанға жетіп, қуаты 2,5 ГВт құрайтын болады деп жоспарлануда
Қазіргі таңда қуаты 551,3 МВт құрайтын 22 ЖЭК жұмыс істейді. Оның ішінде, 6 су электр станциясы (24,4 МВт), 10 жел электр станциясы (275,6 МВт), 6 күн электр станциясы (251,2 МВт) бар.
Өткен жылы 4 348,6 млн. кВт/сағ. электр энергиясы өндірілсе, биыл 4 560,8 млн.кВт/сағ. электр энергиясын өндіру жоспарланған.
Өңірде ЖЭК дамытуға мүмкіндік мол. Күн, жел және су электр станциясын салуға барлық жағдай қарастырылған. Облыс әкімдігі осы бағыттағы инвестициялық жобаларға басымдық беріп отыр.
Жалпы, алдағы жылдары ЖЭК бойынша үш ірі жобаны іске асыру көзделуде. Атап айтқанда, Мойынқұм ауданында «Total Eren» компаниясы тарапынан қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр станциясы, Masdar (БАӘ) компаниясымен Сарысу және Талас аудандарында қуаты 500 МВт жел электр станциясы және China Power International Holding Limited компаниясымен қуаты 500 МВт жел электр станциясы салынады деп жоспарлануда.
Айта кетейік, Жамбыл облысы ЖЭК қуатымен республикада көш бастаса, нысандар саны бойынша екінші орында тұр.