Руханият

Арыдан ойлайтын адам алысқа барады

Жалпы әрбіріміздің өмірімізде қабілеті зор, танымы жоғары, алға қойған мақсаты айқын жандар кездесіп жатады. Жас кәсіпкер Нұрлан Әліммен әңгімелесіп, пікірлескенімізде оның көзқарасы ерекше, ұстанымы бөлек тұлғалардың бірі екенін аңғардық.

Нұрлан Январбекұлы сыңары Ерлан екеуі «Парасат» колледжінде ақпараттандыру мамандығы бойынша білім алыпты. Егіздер оқу орнында уақыттарын бос өткізбей, ноутбук, компьютерлерді жөндеп алғашқы нәпақаларын таба бастайды. Мұнымен шектелмей, бейнекамера сатып алып, той түсіруге кіріседі. Сөйтіп, «Ернұр» атты той орталығын ашады. Ата-аналары ұлдарының талаптарын қолдап, тағы да 4-5 бейнекамера сатып әпереді. Кәсіптері жолға қойылып, табыстары артқан Нұрлан мен Ерлан ендігі кезекте  тіл үйреніп, шетел көруді мақсат тұтады. Әйтсе де алғашқы сапарларын АҚШ-тан бастағысы келген оларға рұқсат берілмепті. «Шешінген судан тайынбас» демекші,  қос бауыр көп ойланбастан Оңтүстік Кореяға жол тартады. Оларды Оңтүстік Корея мемлекеті әсем табиғатымен, халқының мейірімділігімен бірден баурап алады. 

– Біз Оңтүстік Корея мемлекетінің Сеул қаласынан түстік. Кәрістің дорамаларынан көрген тауларға тамсанып, ерекше сезімге бөлендік. Технологиясы автоматтандырылған зауытқа қара жұмысшы болып баруға келіскен бізді айдалаға пияз егуге апарып тастады. Мұны көргенде көңіліміз су сепкендей басылды. «Таразда әжептәуір кәсібіміз бар еді. Оны тастап, егістікте күнге күйіп жүрісіміз мынау» деп ашуланған кездеріміз болды. Дейтұрғанмен оған да көндіктік. Сөйтіп жүріп кәріс тілін үйрене бастадым. Себебі сыңарым Ерлан екеуміздің түріміз бір қарағанда кәріс ұлтына ұқсайды. Сондықтан болар, жергілікті тұрғындар бауырым  екеумізді кәріс екен деп өз тілдерінде сөйлейді. «Қазақтар да бізге ұқсайды екен-ау» деп таңғалатын. Кәрісше үйренсек деген талабымызға риза болған олар бізге кітап сыйлады. Күніне 100 сөз жаттаймыз деп меже қойдық. Сөйтіп, алты айда мен толық кәріс тілін үйрендім. Олардың сөз саптауы, сөйлемдердің орналасуы, құрылысы біздікіндей екен. Сондықтан тіл үйрену қиын болған жоқ. 

Табыс, ақша, нығмет – адамның өмірдегі бір мақсаты. Адам баласы туғаннан бастап өмірінің соңына дейін әрекеті мен қамы, ойы мен ізденісінің арқасында сан алуан ризық табады. Нұрлан да ризығын әртүрлі саладан іздеп көрді. Бос қарап жатпады. Талпынды. Жетті. Бүгінде Нұрланның «Идеал Авто Корея» атты Оңтүстік Кореядан көлік әкеліп сататын логистикалық компаниясы бар. 2020 жылы негізі қаланған компания тек Оңтүстік Корея  мемлекетінен ғана емес, Біріккен Араб Әмірлігі, АҚШ, тағы да басқа мемлекеттерден қалаған көлікті  жеткізіп берумен айналысады. Ол ІТ саласын да еркін меңгерген. Жақында кейіпкеріміз Тараздағы «Zhambyl Hub» орталығына барып, өзінің идеяларымен бөлісіпті. Алайда бұл ойлар ондағы мамандарға күлкілі көрінген. Дегенмен оның алға қойған мақсаты айқын. Бір кездері сымсыз телефон болады, зәулім ғимараттар салынады дегенге киіз үйде тұрған ата-бабаларымыз сенді ме екен? Ұрпақтарының төрт доңғалағы бар көлікпен зымырап жүретіні олардың ойына да кіріп-шықпаған болар. Ал бүгінде тіпті ұшатын көлік, зымыран секілді жүрдек пойыз ешкімді таңғалдырмайды. 

– Өміріңді нұрлы ету – өз қолыңда! Адам қолымен жасалып, бүгінде көпшіліктің игілігіне айналып отырған дүниенің барлығы да бір кездері арманнан туған. Ыбырай Алтынсариннің «Өнер-білім бар жұрттар» деген жолдармен өрілетін өлеңі естеріңізде ме? Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызуға,  аты жоқ құр арбаны мың шақырым жерлерге барғызуға болатынын  болжаған жоқ па еді. Бүгінде өздігінен шешім қабылдайтын жүргізушісіз көлік енді қиял емес.

10-15 жылда Қазақстанды үлкен өзгеріс күтіп тұр. Өздігінен басқарылатын көліктер, мобильді қосымшалар, 5G интернеті – бүгінгі күннің жаңа талабы.  Қазіргі таңда әлемнің белді сарапшылары адамдардың жұмысқа барып-келетін кеңсе болмайтындығын, қызмет көрсету процестерінің алыстан басқарылатынын болжап отыр. Өйткені ақпараттық технологиялар заманында өмір сүріп жатырмыз. Біз қаласақ та, қаламасақ та түбі осыған жетеміз. Бір сөзбен айтқанда, кинода көргендеріміз бүгінде шындыққа айналды.Естеріңізде болса, 10 жыл бұрын ауылдағы ата-анамызға хабарласу үшін «Қазақтелекомға» барып қоңырау шалатынбыз. Міне, технология бізбен санаспаса да, біз технологиямен санасатын болдық. Технологияның қарыштап дамып келе жатқаны соншалық, адамзат сатып алып үлгере алмай жатыр. Сатып алсақ, ертеңіне жаңа дүние шығады. Осы жаңа технологияның арқасында әлеуметтік желі пайда болды.


Нұрланның идеялары болашақтың еншісінде. Ең ақымақ идея саналған Илон Масктің де армандары орындалды ғой. Әрекет жасаса, берекеті болар. Алдағы күндері кәсіпкерден үлкен үміт күтеміз. 
 Кейіпкеріміздің айтуынша, өзі жасаған жобалары 2030-2040 жылдарға арналған. Жаңа бағдарлама орнатып, жаңашыл дүниені паш етпекші. Тек оған сәл ғана уақыт керек. Және өкілетті орындардың, басшылардың қолдауы қажет. 

Эльмира Байназарова