Жамбыл жаңалықтары

Көптің күткені – көгілдір отын

Кеше облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте аймақтағы елді мекендерді көгілдір отынмен қамту мәселесі қаралды. Бұл бойынша облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасап, атқарылған шаруалар мен алдағы жоспарлар туралы айтты.

Баяндамашының сөзіне сүйенсек, бүгінде  облыстағы 371 елді мекеннің 285-і табиғи газбен қамтылған. Халық санымен есептегенде облыстың газдандыру деңгейі 91,1 пайызды құраса, елді мекен санымен көрсеткіш 76,8 пайыз шамасында. Өткен жылы 11,8 миллиард теңгеге 36 елді мекенде газдандыру құрылысы іске асырылған.

Ғалым Исақов жиында Сарысу және Шу аудандарындағы 32 елді мекенді газдандырудың 4 жобасына түзетулер енгізілгенін жеткізді. Өйткені құрылыс материалдарының құны қымбаттап кеткен. Осылайша басқарма Үкімет резервінен үміт етіп, қосымша 16,4 миллиард теңге сұрап отыр. Ендігі жерде мемлекеттік сатып алу рәсімі жедел өткізілмесе, жұмыс қарқынының бәсеңдеуі бек мүмкін. 
– Биыл 4 жобаға Ұлтық қордан және облыстық бюджет есебінен жалпы 2 534,223 миллион теңге қаралып, құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының  дивиденді есебінен 5 жобаға жалпы 3,076 миллиард теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурстары өтуде.


Оның ішінде «Жуалы ауданы, Билікөл ауылдық округіндегі Қарабастау ауылына кварталішілік газ желілерінің құрылысы» жобасына – 15,688 миллион теңге, «Жуалы ауданы, Билікөл ауылдық округіндегі Жылыбұлақ ауылына кварталішілік газ желілерінің құрылысы» жобасына – 47,057, «Жуалы ауданы, Билікөл округінің магистральді газ құбырын салу» жобасына – 472,982, «Жамбыл ауданы, Тоғызтарау ауылдық округіндегі Жаңаөткел, Тоғызтарау және Құмсуат кенттеріне дейін жоғары қысымды газ құбыры желісін салу» жобасына – 404,787 миллион теңге бөлінген. Сол сияқты «Мойынқұм ауданының 9 елді мекеніне жеткізуші газ құбыры мен газ тарату желілерін салу. 1-кезек» жобасына 2 000,0 миллиард теңге қаралған. 


Сондай-ақ жиында Жаңатас қаласындағы  табиғи апат кезінде өңір басшысы тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысы да қаралып, ол бойынша Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов сөз алды. Оның айтуынша, су басқан тұрғын үйлердің қазіргі жай-күйін зерттеу мен материалдық залалды зерделеу жөнінде 4 жұмысшы топ құрылған. Сонымен қатар төтенше жағдайларға байланысты орын алған залалды ретке келтіру бойынша жол картасы әзірленіп, шұғыл қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Аймақ басшысы тұрғындардың мәселесі заң шеңберінде толық шешімін табуы керектігін жеткізе отырып, бюджет қаражатын тиімді жұмсауды тапсырды.

Айжан Өзбекова