Әлеумет

Меркі - жердің көркі

Халқымызда «Туған жерге туың тік» деген қанатты да қасиетті сөз бар. Туған жерге ту тігу үшін оның қадір-қасиетін сезіну керек деп білеміз. Расында да өскен өңірдің тұмса табиғаты, көз қарықтыратын сұлулығы кім-кімді де тәнті етпей қоймайды. Бұл тұрғыда мерейлі Меркі өңірінде де туристік аймақтар жетіп артылады. «Жақсыны көрмек үшін» демекші, күні кеше «Алтын аймақ шақырады» атауымен Әулиекөл – Көккөл –«Қарақыстақ» тау жайлауы бағытымен жорық-экспедиция ұйымдастырылды. Өлкелік туризмді дамыту мақсатындағы шараға қатысуға 100-ден аса адам ниет білдірді.

Сөйтіп, Меркіден шыққан экспедиция мүшелері Т.Рысқұлов ауданының Абай ауылынан басталатын, қыста қары жарты күн де жатпай еріп кететін, барлық төрт түлік мал қолға қарамай өз тұяғымен жайылып, қоңын жоғалтпастан төлін түлетіп шығатын атақты «Қарақыстақ» жайлауына ат басын түзеді. «Көккөлге» дейін асықпай жүрсе бес сағатта жетуге болады екен. Асу асып, жүз бір шақырым қашықтықты артқа тастаған  жорықшылар осында «Ақ тастыдан» алтын кенін қазып жатқан кеншілер салған қара жолмен тура «Көккөлдің» басына келіп тоқтады.Иә, айнала көк шалғын. Ілгеріде аталарымыз «Құдайдың құдіретін көрем десең, тауға бар» деген екен. Міне,  соған өзіміздің де көзіміз жетіп отыр. Тау шатқалына кіре бере бізді «Меркі орман және жануарлар дүниесін қорғау» мемлекеттік мекемесінің қорықшылары күтіп алып, бастап жүрді.

Жол-жөнекей қорықшы Азат Еренсіз  әр сайдың атауымен, олардың ерекшелігімен барынша таныстырып, «Қарақыстақта» кезінде егін де егілгенін, бір емес, екі мешіт, тіптен балаларды оқытатын медресе де болғанын тілге тиек етті. Жас ботаның көзіндей мөп-мөлдір, тұп-тұнық, тып-тымық болып жатқан «Көккөлдің» көркі керемет екен.  Алыстан менмұндалайды. Айналасы түгел тау-төбе. Көлдің ерекше қасиеті – еш жақтан су ағып келмейді және суы ағып кетпейді. Сонда да деңгейі өзгермейді, қыста қатпайды, суы борсымайды. Айналасы түгел тал-дарақ, арша, шырша, сансыз өсімдік, гүл өсіп тұрса да көлдің бетінде бірде-бір жапырақ жатпайды.

Осы жерде мамандар көлдің үстінен дрон ұшырып түсірмек болғанда «ақылды» қондырғы кібіртіктеді де қалды. Саяхатшылар бұл құпияға қайран қалды. Дронымыз қабырғаға тірелгендей белгілі жерден әрі аса алмады. Бұл не құдірет, бұл не құпия?! Оны өз көзімізбен көріп, ойға баттық...Фотоаппараттарын, жол қапшығын арқалаған табиғатты қызықтаушылар айнала мүлгіген тыныштыққа, таза ауаға көкірегін кере демалып, түріне сан жетпейтін, біз өмірі көрмеген өсімдік пен гүлдерге тамсана қараумен болды.  

«Сары көлді», «Жасыл көлді», «Бұзылған көлді», «Астау көлді» көріп, үлкен әсерге бөленді.Қорықшылар алты сара ала қаздың бірнеше жыл осы көлдерді мекен етіп келе жатқанын, енді олардың қатарына қара дегелек қосылғанын айтқанда  елең ете қалдық. Біз тек жерлесіміз Алтынбек Қоразбаевтың «Ақ дегелек» деген әнінен отбасына сәби сыйлайтын ақ дегелекті ғана білетінімізді жасыра алмадық.«Қарақыстақтың» көз тартатын келбетін, сырлы сымбатын, самал желмен тербелген, жұпар иісі аңқыған сан түрлі гүлдерін санап та, танып та білу мүмкін емес.Қар басқан шыңдар, сілем-сілем шатқалдар, аспанмен тірескен арша, шырша, Қарақыстақ өзенін байлай өскен теректер, аталарымыз уық жасайтын, тек қана осы жерде өсетін сәмбі талдар көз жауын алады, жаныңды тербетеді, көңіліңді қуанышқа бөлейді.

Оны көре бергің келеді. Осы құштарлық жорықшыларды кіші «Әулие шоқыға» бастады. Биіктен «Қарақыстақ» бассейні алақандағыдай көрінеді. Оңтүстіктен қырғыз ағайындардың Қара қорым ауылы менмұндалап тұр.Бабаларымыздың ен жайлауы, кең жайлауы болған жер бізді де таңғалдырмай қоймады. Ертеде  «Батыстан, шығыстан, оңтүстік пен солтүстіктен шыққан бұлт «Әулие шоқыда» тоқайласып, бір айналмай өтіп кетпейді» дейді екен. Сол құбылыс  саяхатшылар шоқыдан түсіп, лагерьге жетіп қалғанда тағы бір қайталанды. Төрт жақтан қоршаған бұлт «Әулие шоқы» басына келіп түйісіп, сіркіреп жауын болып жауып, соңы бұршақ пен қарға айналып барып тоқтады.

 Жорықшы қыздардың бірі айтқандай, аспаннан «мұз» да жауды.Түс аумай экпедицияға орман және жануарлар дүниесін қорғау жедел тобының басшысы, табиғатты қорғау облыстық кеңесінің төрағасы Ерназарбек Жантаев бастаған топ келіп қосылып, ұйымдастырылып жатқан іс-шараның мән-мағынасын арттыра түсті. Табиғат жанашырынан Меркі аймағында бірді-екілі болса да сілеусін, 5-6 қар барысы пайда болғанын,  арқар, тау ешкісі, тау текесі, шіл, кекілік, ұлар, елік пен қабанның саны артып келе жатқанын естіп қуанып қалдық. Сонымен қатар бұл салада атқарылатын шаруаның өзі шаш етектен екеніне көз жеткіздік.Жорықшылар «Сандық» пен «Шайсандықтың» да айтып жеткізе алмайтын табиғи кереметіне тәнті болды. Осындағы он бірінші ғасырда Батыс Түрік қағанатының орталығы болған Сандықтаудағы бірден, екіден, тіптен бір қорықта үштен тұрған балбал тастармен танысты.

Жол-жөнекей  «Меркі» шаруашылығы  шопандарының жай-күйін білді. «Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» демекші, ақермендіктер өткізіп жатқан «Серне» тойының да үстінен түсіп, дастарқаннан дәм татты. Одан әрі саяхатшылар  тастағы руникалық жазбаларға зер салды.  Қысы ұзақ, қары қалың, тасы аз, тегіс асудың күнгей жағында демалыс, шаңғы, шана,  ат спортын дамыту, мұнда келетін жол сияқты мәселелерді зерделеп, оның нақты іс-жоспарын жасау керектігіне  көңіл бөлінді.Ендігі сапар Қарақыстақ – Ойранды – Меркі жолымен ауылға қарай ойысты.Ойранды асуы да өзінің әсем көркімен, сансыз сылдыраған бұлағымен тәнті етті.

Осында аңыз бойынша Мұса Пайғамбар ұстаған асатаяқ жасайтын, тіп-тік өскен қасиетті ағаш түрі көпшілікті өзіне ерекше тартты. Жорықшылар бұлақ көзін ашып, андыздап кеткен тау суын негізгі арнаға бұрып, игілікті іс те атқарды.Саяхатшылар «Ақсарай» жайлауына жеткенде  елді мекендердің қарасы көрініп, ұялы телефондар іске қосыла бастады. Екі күнге созылған сапардың қорытындысында аудан әкімінің орынбасары Мейірхан Өмірбек осы іс-шараға қатысып, үлес қосқан азаматтарға шынайы алғысын білдірді. Сонымен қатар экспедиция мүшелерінің ұсыныс-пікірлерін тыңдап, инфрқұрылымды дамыту, туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолдың жайын жақсарту мәселелері бойынша нақты жобалар зерделеніп, кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді.Расында да табиғат аясына жасалған саяхат  өте тартымды,  тиімді әрі пайдалы өтті десек қателеспеспіз. Алған әсерде, кеудені кернеген қуанышта шек жоқ. Экспедиция мүшелері мұндай іс-шараны жиі өткізіп, жүйелі түрде  саяхатқа шығып тұруға уағдаласты.

Серік Құралбай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, 
Меркі ауданы