Жаңалықтар

Ата-аналар жиналысына қатысып жүрміз бе?

Көптен күткен жаз мезгілі де бел ортасынан асып барады. Екі айға жетпей оқушылар алтын ұя – мектептерімен қайта қауышып, қалыпты оқу үрдісіне түседі. Ата-аналардың да әлеуметтік желідегі топтары қайта жанданып, жиналыстар да ұйымдастырыла бастайды.

Ата-аналар жиналысы дегеніміз – мектеп пен ата-ананы байланыстыратын құрал. Өкінішке қарай, күйбең тірлік, күнкөріс, отбасындағы ауызбіршіліктің жоқтығынан кейбір ата-аналар балаларының сабақ үлгерімі мен білім деңгейін қадағаламақ түгіл, екі айда бір рет ұйымдастырылатын жиналысқа қатыса алмай қалып жатады. Осыған орай Тараз қаласының прокуратурасы өткен жылдың қазан айынан бастап «Ана-аналар жиналысын өткізудің жаңа форматы» атты жобаны қолға алды. Нәтижесі жаман емес. Жоба қазан айында мектеп директорлары  мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларына таныстырылып, жиналысты өткізудің форматына енгізілген өзгерістерге қатысты ақпараттық жұмыстар жүргізілуден басталды. Жоба аясында оқу жылы аяқталғанша жиналысқа ата-аналардың қатысуына мониторинг жүргізіліп келді.Зерделеу барысында жиналысқа келмеген ата-аналармен мектеп әкімшілігі, сынып жетекшілер үйлеріне барып, бала тәрбиесіне қатысты мектепішілік ата-аналар жиналысының міндеті мен маңыздылығы туралы түсіндіру жұмысын жүргізді. Тараз қаласының прокуроры Нұржан Боранбаев ата-аналар жиналысының форматын өзгерту қажеттілігі ата-ананы мектепке жақындату мақсатынан туындағанын айтады.  

– Бүгінде ата-аналардың біразы баланың мектептегі өмірін, сабақ үлгерімін қадағаламайтыны белгілі. Соған байланысты төмендегі мәселелер күн тәртібінде болды.Мәселен, уәкілетті органмен бекітілген «Білім беру ұйымдарында ата-аналар жиналысын ұйымдастыру және оны өткізу тәртібінің үлгілік қағидалары», ата-аналар комитетінің жұмысы туралы ереже жоқ. Ата-аналардың басым көпшілігі жұмыс орнынан шыға алмау себебімен мектептегі  жиналысқа жүйелі түрде қатыса алмайды. Мысалы,  2023-2024 оқу жылының І тоқсанының қорытындысы бойынша қаладағы 62 мектепте өткізілген ата-аналар жиналысына келмегендердің 17 пайызы (13 054 ата-ана) жұмыстан шыға алмағандар. Жиналыстың мазмұны мен өту сапасы  сынып жетекшілерінің біліктілігі мен тәжірибесіне байланысты.  Қазіргі таңда жұмысқа қойылатын талаптар мен міндеттердің көптігінен және төленетін қосымша ақының төмен болуынан тәжірибелі педагогтар сынып алудан бас тартуда. Бала тәрбиесі мен оқыту мәселесіне жауапсыз қарап, ата-аналар жиналысына, мектепке келуден бас тартқандар үлесі  0,2 пайызды (саны  – 145) құрады.


2023-2024 оқу жылының І тоқсанының қорытындысымен Тараз қаласы мектептері бойынша жалпы ата-аналар саны  76 698 болса, оның ішінде жиналысқа келгені 54 813, келмегені  21 885,  жиналысқа келуден бас тартқаны 172 адамды  құраған. Ал 2024 жылдың қаңтар айындағы ІІ оқу тоқсанының қорытындысымен ата-аналар жиналысына қатысқандардың үлесі  95 пайызды құрады. Сонымен қатар жиналысқа мерзімінде белгілі себептермен келе алмаған ата-аналар (4,94 пайыз)  басқа күндері мектепке келіп,  балаға  қатысты сұрақтармен сынып жетекшісі арқылы таныс болды.Яғни жоба нәтижесі бойынша ата-аналар арасында жиналысқа деген жауапкершілік артты. Алдағы уақытта өтетін жиналыстарда осы қалған ата-аналармен жүйелі жұмыс жүргізіліп, жиналысқа қатыстыру шаралары қабылданатын болады.Баланың дұрыс қалыптасуы үшін отбасы, ортасы мен білім беретін мектептің әсері көп. Әрбір ата-ана перзентінің тамағы тоқ, киімі көк болуына мән беріп қана қоймай, оның біліміне, елмен араласуына, мектептегі қатарластарымен қарым-қатынасына қарағаны ләзім. Сондықтан  осындай жобаларды ұйымдастырудың маңызы зор. 

Айжан Өзбекова