Көпбалалы ананың кәсібі
Қоңыртөбелік Күлзипаш Құттыбаева былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 5 миллион теңге несие алып, нан пісіру цехын ашқан. Бес баланың анасы ауылдағы Д.Пахомов атындағы орта мектепте гардеробшы болып жұмыс істейді. Бұл өзі алты айлық қана жұмыс. Сондықтан басқа уақытта түрлі тәттілер пісіріп сатумен айналысады.
– Біраз жыл бұрын мектептегі асханада аспаздың көмекшісі болып жұмыс істедім. Яғни ыдыс жуумен айналыстым. Асханада тек ыстық тамақ қана болатын. Оның өзі ол кезде әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына ғана берілетін. Асханада басқа балаларға арналған ештеңе жоқ. Сондықтан арасында үйден самса, тәтті тоқаш (булочка) пісіріп алып келіп жүрдім. Мұндай тағамдарды мектепте сатуға рұқсат болмағандықтансыртта сататын болдым.
Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 2,5 пайызбен несие алып, оған үлкен нан пісіретін пеш, екі қамыр илейтін құрал, нан пісіретін формалар, сөрелер және пісірген заттарымды сату үшін дүңгіршек сатып алдым. Нан өнімдерін пісіруге келінім мен жоғары сыныпта оқитын қызым көмектеседі.Жалпы дастарқанға түрлі нан өнімдерін пісіргенді бұрыннан өзім ұнататынмын.
Алғаш балаларым үшін түрлі тәтті тоқаштар пісіріп жүрдім. Кейін тоқашым үйге келген қонақтарға да ұнап, көршілер, ағайындар тапсырыс бере бастады. Бірте-бірте самса, бәліш пісіруді қолға алдым. Даладағы пешке бөлке нан пісіріп саттым. Сөйтіп, сүйікті ісімді кәсіпке айналдырдым.
Қазір самса, бәліш, пицца, тағы да басқа нан өнімдерін пісіремін. Енді донер, хот-дог пісіруді қолға алуды жоспарлап отырмыз. Оларды пісіруге арналған пештерді сатып алып, дайындап та қойдық. Қазір күнделікті 30 шақты тандыр нан пісіреміз. Одан бөлек тұрғындардан жеке тапсырыс қабылдаймыз. Арасында торт, пирогқа да тапсырыстар болады.
Отбасының отағасы Тұрсынбек Құттыбаев ұзақ жыл малшы болып жұмыс істеген. Қазір де зейнет демалысында малшарушылығымен айналысады. Үйдің үлкен ұл-қыздары жоғары оқу орындарын бітіріп, бірі мамандығы бойынша жұмыс істесе, бірі жеке кәсіппен айналысуда. Үйде кіші ұлы Серік отбасымен бірге тұрады. Кенжелері Гулдана 10 - сынып оқушысы. Кәсіптен нәсіп тапқан қарапайым отбасы әрдайым бірлік пен еңбекқорлықты ту етіп келеді.
Перизат Шымыртайқызы,
журналист,
жуалы ауданы