Руханият

Мен білмеппін...

Мен білмеппін...

Мен балдай деген сәттердің көзімнің жасындай ащы болатынын білмеппін. Аппақ таңдай деген жандардың жүректері аяусыз қара бояуға малынғанын да. Пейілдердің тарынғанын да. Сезімдердің жүректен өшетінін де. Өзім дегенім кеудемді тесетінін де. Сеніп сыр ақтаратындардың сататынын да. Жақынымның гүл ұсынып тұрып ататынын да. Сенімнің бұл өмірден мүлде ғайып болып кетерін де. Сені ақтап тұрып айыпты ететінін де. Сүйіп тұрып сорлататынын да. Маңдайымнан иіскеп тұрып қорлататынын да. Асыңды ішіп аяғыма түкіретінін де. Алыста жүріп көңілді кірлететіндердің де барын... Білмеппін! Сүйікті болу, тойға бару, билеу, риясыз күлу, шын сағыну, қатты құшақтасу, ұйқыға аман-сау жатып дәл солай тұру, сүйікті сусыныңды терезеге қарап отырып ішу, он екі мүшеңмен сезініп өлең оқу, ешкімнен ешнәрсе күтпеу, ешкімге өкпелемеу, балаңа қарап отырып емірену, анаңа жаңа көйлек әперу, әкеңе жаңа жетістігіңді айтып мақтану, бауырыңа бал жалатып қуанту, жарыңа тәтті тамақ істеп асыға күту, Аллаға арманыңды айтып жалбарыну, есің кете еркелеу, өмірді шексіз сүюден басқа да... Мү-ү-үлде басқа сүреңсіз, сұп-сұр дүниенің барын, білмеген едім. Сары жүрегім қарайып кетпесе екен.

Назерке ОҢҒАР