Әлеумет

Сушаруашылығы мамандарына сұраныс артады

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің мәжіліс залында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібектің қатысуымен Қазақ Ұлттық сушаруашылығы және ирригация университетінің ашылуына байланысты кәсіби бағдар беру семинары өтті.

Жиынға университет оқытушылары, мектеп бітіруші талапкерлер мен олардың ата-аналары қатысты. Іс-шараны университет ректоры Мұхтар Байжұманов ашып, жүргізді. Ол өз сөзінде бұл кездесудің маңыздылығы туралы айтып, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. 


Мұнан соң Сушаруашылығы институтының деканы Ғалия Омарова сөз алып, бұрынғы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының жаңа ұлттық университет ретінде ашылуына орай жасалған іс-шараларға тоқталды.

– Біздің Қазақ Ұлттық сушаруашылығы және табиғатты үйлестіру институты М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ішінен ашылып, жұмысын атқаруда. Институтта 9 кафедра бар. Оның ішінде сушаруашылығы мамандарын екі кафедра дайындайды. «Сушаруашылығы және табиғатқа үйлестіру» институтының кадрлық әлеуеті мықты, ұжымда 15 ғылым докторы, профессорлар, 40-тан астам ғылым кандидаттары, доценттер, 11 PhD докторлары, 27 магистр республиканың су ресурстарын тиімді және ұтымды пайдаланудың негізгі оқу-ғылыми мәселелерін шешуге атсалысып жүр. 


Басқосуда «Химия және химиялық технологиялар» кафедрасының меңгерушісі Маржан Қалмаханова 2022 жылдан бері университетте атқарылған жұмыстар мен жүзеге асқан жобалар туралы әңгімеледі. Жиын барысында ұсыныстар айтылып, қойылған сұрақтарға жауап берілді.

А.Орынбасарқызы