Қоғам

Түсіндірме жұмыстары жүргізілді

Облыста жыл басынан бері 768 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Соның салдарынан 87 адам қаза тауып, 1 184 жолаушы түрлі деңгейде жарақат алыпты. Жол апаты көбіне республикалық маңызы бар тасжолда болады екен. Осы орайда жуырда облыстық прокуратураның бастамасымен профилактикалық іс-шара өтті. Мұндағы басты мақсат – адам тасымалымен айналысатын көлік жүргізушілеріне жол жүру ережелерін түсіндіру.

Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Руслан Оразбақовтың айтуынша, автокөлік апатының көбі «Батыс Еуропа – Батыс Қытай»  тасжолында орын алады екен. Мәселен, жарты жыл ішінде осы жолда  болған 126 жол-көлік оқиғасынан 38 адам қаза тапса, 270 жолаушы әртүрлі жарақат алған. Көлік апаттарының басты себебі – жылдамдықты шектен тыс асыру.

– Облыс аумағында жол-көлік оқиғасының 67,5 пайызы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолында орын алып жатыр. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тасжолының 450 шақырымы облысымызға тиесілі. Сол себепті жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін патрульдік полиция батальоны жеке құраммен, екі ауысымда 12 автоэкипаж ілесіп алып жүру іс-шарасын жүргізіп жатыр.


Полиция қызметкерлерінің сөзінше, кейде такси жүргізушілеріне су мен ыстық шай да беріледі екен. Тіпті жүргізушінің ұйқысын ашу үшін салқын сумен беті-қолын шайып алуға кеңес береді. Мұндай іс-шаралар автокөлік апатының алдын алуға оң септігін тигізетіндігі сөзсіз.Алдағы уақытта да аталған профилактикалық шаралар өз жалғасын табатын болады. 

Аяулым Жаманқара