Руханият

Жас психологтар жауынгерлік рухты сезінді

Әскери қызметшілермен жұмыс жасауда жауынгерлік және моральдік рухты негізгі басымдық ретінде қарастырмайтын армия жоқ шығар, сірә? Ал сол жауынгерлердің моральдік-психологиялық жай-күйiн оңалту, оларға келелі кеңес беріп, әскери ұжым мүшелеріне психологиялық ағарту жұмысын жүргізу әскери психологтың міндетіне кіреді. Оған қоса әскери қызметшінің өзімен, отбасыларымен жұмыс жасау, өзге де әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін тыңдап, көмектесу де олардың назарынан тыс қалмайды. Сондықтан әскери психологтарды даярлау да – маңызды міндеттердің бірі.

Әскери психологтардың әлеуетін арттыруда облысымызда жаңашыл бастамалар қолға алынуда. Мәселен, биылдан бастап М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің психология факультетінің студенттері әскери бөлімдерде тәжірибеден өтуге мүмкіндік алды. Практика барысында білімгерлер әскери қызметкерлер арасында жүріп, университетте алған білімдерін іс жүзінде көрсетіп, сарбаздармен бірге психологиялық жаттығулар жасап, оларға қажетті писхологиялық көмек бере алады. Бұл бастама оқу орнының тарихында алғаш рет қолға алынды. Жақында аталған университеттің студенттері «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінде жазғы тәжірибеден өтті.

Бұл бастама университет басшылығы мен өңірлік әскери қолбасшылық қол қойған ынтымақтастық туралы меморандумның аясында жүзеге асты. Әскери салада жүріп біліктіліктерін арттырған студенттер үшін жинақтаған тәжірибелері сауатты маман болып қалыптасуларына ықпал етері анық.М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің психология факультетінің оқытушылары да студенттерінің әскери психологтардың жетекшілігімен тәжірибеден өтуге мүмкіндік алғанын жоғары қуанышпен қабылдады.Жоғары оқу орындары студенттерінің әскери салада тағылымдамадан өтуі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдердің командирлері үшін бұрын-соңды кездеспеген жайт. Себебі жыл сайын жаз айларында әскери бөлімдерге тәжірибеден өтуге әскери кафедра курсанттары келетін. Курсанттар әскери дайындықтан өткендіктен олармен жұмыс жасау қиынға соқпайтын. Ал өзге сала студенттеріне ерекше көзқарас қажет.

Олар үшін әскери өмір таңсық болғандықтан білімгерлерді әскери өмірге бейімдеп, сарбаздармен қарым-қатынас орнату, ресми күнделікті жұмыстарға баулу қажет.Сондықтан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің психология факультетінің студенттері үшін алғашқы сабақты әскери өмірге кіріспе деуге болады. Болашақ психологтарға арналған алғашқы дәріс «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бас штабында өтті. Бірінші сабаққа әскери психологтар ғана емес, әскери басшылық өкілдері де қатысып, болашақ мамандарды күтіп тұрған қызметтік міндеттер турасында баяндады.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Ораз Кучуков әскери бөлімдерде әр сарбаз, әр қызметкер темірдей  тәртіпке бағынғанымен студенттерді жылы қарсы алатынын және оқу-жаттығу өте қызықты, ұмытылмас оқиғаға толы болып өтетінін атап өтті. О.Кучуков өз сөзі арқылы қобалжып тұрған әр студенті жігерлендіре білді. Тәжірибенің өздері ойлағаннан әлдеқайда қызықты өтеріне сенім ұялатқан кездесуден соң білімгерлер әскери қызметкерлердің сабақтарын асыға күтіп, үлкен құлшыныспен барып жүріпті.

Олар бір ай бойы әскери психологтардың қатаң жетекшілігімен білімдерін жетілдіріп, психологиялық тестілеуден өтті.Психолог-офицерлер де өз кезегінде білгенін бөлісіп, студенттердің білікті маман болып даярлануына бар күш-жігерін салды. Олар тәлімгер ретінде болашақ психологтарға жан-жақты қолдау көрсетіп, көңіл бөліп, алға жетелеп, бағыт-бағдар бере білді. Сондай-ақ студенттерді әр практикалық сабақ соңында бағалап отырды.


М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті студенттерінің әскери бөлімде өткізген жазғы практикасы бір айға жалғасты. Болашақ психологтар тәжірибелерін биыл алғаш рет оқу орындарында емес, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдерде өткізгеніне ерекше қуанды. Университтің екінші және үшінші курсында білім алатын қырық студенттің барлығы қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдер арасында біркелкі бөлінді. Әр топтың өзіне тән ерекшеліктері, міндеттері бар. Сондықтан әр бөлімдегі білімгерлердің жинақтаған білімдері бір-біріне ұқсамайды.Мысалы, байланыс полкіне тағылымдамадан өтуге келген студенттер командирге ұсынылатын байланыс түрлері туралы түсінік алды. Білімгерлерге дәрісті мерзімді әскери қызметшілер өткізіп жүрді.Десе де әскери тақырыптағы әңгімелерге тек сабақ арасындағы үзіліс кезінде ғана уақыт табылатын.

Өйткені практика кезінде тренингтер мен сынақтарды өткізуге басымдық берілді. Болашақ психологтар университетте алған білімдерін іс жүзінде қолдануға мүмкіндік алғанын айтқан болатынбыз. Сол сөзімізге мысал келтірген жөн болар. Дабыл полкінің психологі, капитан Дина Атаханованың қатаң басшылығымен студенттер жауынгерлермен ұжымдағы қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған сабақтар мен ойындар өткізді. Білімгерлер тренинг сабақ барысында қалам, шар, сондай-ақ жұмбақтар, ребустар қолданды. Барлық сабақтар ойын түрінде өткенін айта кеткен жөн. Әскери салада тағылымдамадан тек әскери кафедрада білім алатын курсанттар ғана емес, өзге мамандар да шыңдалып жатқанына, студенттердің әскери өмірге жаңа леп алып келгеніне сарбаздар да шын қуанды. 
Студенттер тағылымдаманың қызықты әрі мазмұнды өткенін айтады. М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Әлеуметтік саладағы психология» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Аяулым Мадышеваның айтуынша, әскери психологтың жұмысы үлкен жауапкершілікті қажет етеді.


– Әскери бөлімде тәжірибеден өткенімді өмірімдегі ең ұмытылмас сәттердің бірі дер едім. Өйткені мен әскери бөлімдегі психологтың ішкі жұмысымен таныстым. Тәжірибе барысында көптеген қызықты әдіс-тәсіл үйреніп, оларды іс жүзінде сынап көрдік.Әскерде жүріп жаңа білімдерге қанығып, ой-өрісімді кеңейттім. Мұнда жинақтаған білімім болашаққа азық боларына сенімдімін, – дейді жас психолог.
«Әлеуметтік саладағы психология» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті Диана Әлімбаева да әскери психолог болуға мүмкіндік берген аға-әпкелеріне алғысын жаудырды.

Әскери психологтар әскери бөлімдерде іс-тәжірибеден өткен әр күн студенттерге ерекше әсер еткеніне, олардың кейбірі қолдарына диплом алғаннан кейін әскерге баруға ниет білдіретініне күмән келтірмейді. Бұл мамандықты әскери саладағы қызықты жұмыспен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Ақтоты Жаңабай