Әскери дәрігер әмбебап болуы керек
1992 жылы еліміздің қауіпсіздігін сақтап, қорғаныс әлеуетін қамтамасыз ету үшін құрылған Қарулы Күштерімізбен бірге отандық әскери медицина саласы да өмірге келді. Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт ішінде азаматтық денсаулық сақтау саласының ажырамас бөлігі саналатын бұл бағыт бірнеше реформаны бастан кешіп, жаңару мен жаңғырудан өтті. Ендігі мақсат – әскери медицинаны қазіргі заман талабына сай дамыту, бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Әскери дәрігер денсаулығы мықты, дене бітімі мығым, рухани жағынан әбден шыңдалған, бес қаруы сай, бір сөзбен айтқанда, әмбебап тұлға болуға тиіс. «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп» деген дана халқымыз. Әскери медицина саласының бәсекеге қабілетті болуы, заманауи талаптарға сай қарыштап дамуы білімді жастарға байланысты екенін алға тартқан Қарулы Күштер Бас әскери-медициналық басқармасының басшылығы жас буын дәрігерлер мен орта буын медицина персоналының толыққанды білім алуы, ғылымды меңгеруі, клиникалық тәжірибе жинақтауы үшін жан-жақты жағдай жасап жатыр. Соның ішінде медицинаның соңғы жетістіктерін меңгеру үшін отандық және шетелдік медициналық жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік туғызып келеді.Осы орайда айта керек, елімізде 8 шілде Әскери медицина күні ретінде бекітілген. Бұл Қазақстан армиясының құрамында әскери борышын өтеумен қатар, әскери қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына жауапты мамандарға арналған мереке деп айтуға болады.
Ендеше таяуда ғана кәсіби мерекесін атап өткен облыстағы әскери медицина қызметкерлері жайында әңгіме өрбітсек.«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына қарасты әр әскери бөлімде медициналық роталар, бөлімшелер немесе пункттер бар.Ол жерде әскери дәрігерлер тәулік бойы кезекшілік етеді. Олар бөлімдегі сарбаздармен бірге жаттығу алаңдарына, полигондарға немесе өрт сөндіру жаттығуларына еріп жүреді. Әскери дәрігерлер жауынгерлерге алғашқы медициналық көмек көрсетуге әрқашан тастүйін дайын тұрады. Бірақ сарбаздар жағдайы ауыр болып, жан-жақты ем қажет болған жағдайда Тараз қаласындағы әскери госпитальға қайырыла алады. ҚР Қарулы Күштерінің Бас әскери-медициналық басқармасына тікелей бағынатын госпиталь қолбасшылық құрамындағы бірнеше гарнизондардың әскери қызметшілеріне, жауынгерлердің отбасы мүшелеріне шұғыл, білікті және кәсіби медициналық көмек көрсетеді.
Әскери госпиталь бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Мұрат Фатықовтың айтуынша, биыл мамыр айында аталмыш мекеменің құрылғанына 47 жыл толды. Табаны күректей 50 жылға жуық уақыт ішінде әскери госпитальда он мыңнан астам әскери қызметшілерге медициналық көмек көрсетілген. Сондай-ақ әскери дәрігерлердің бірнеше буыны ауысып үлгерген. Десе де ақ халатты абзал жандардың мақсат-міндеттері өзгерген емес. Жауынгерлер өмірінің сақшылары сарбаздарға қалқан болуды жалғастыра береді.Қазақстан армиясының дәрігерлері әдетте медициналық жоғары оқу орындары мен әскери кафедраларды тәмамдағаннан кейін әскери медицинаға түседі. Кейбіреулер бұл салаға жүрек қалауымен келсе, кейбір білікті мамандарды әскери қолбасшылықтар өздері қалап шақыртып алып жатады екен. Негізінде сала дәрігерлерінің әскерде үш жыл қызмет етуі шарт. Талап етілген мерзім аяқталған соң медициналық қызметін жалғастыру- жалғастырмау қызметкердің өз еркінде.
Жүрек қалауымен келісімшарт бойынша әскерде қызмет етіп жүрген мейірбикелердің де ісі ерлікпен пара-пар. Дәрігерлердің нұсқауымен қызмет еткенімен әскерде өз кәсібилігімен науқастардың көңіл күйінің, денсаулығының жақсаруына өлшеусіз үлес қосатын дәл осы мейірбикелер.Тараз қаласындағы әскери госпитальдің бас медбикесі, 1-сыныпты сержант Полина Маношкин: «Әскери дәрігер майданда өзі ұрыс қимылдарына қатыспаса да жауынгердің өмірі үшін күресіп, аман алып қалуының өзі үлкен жеңіс. Өйткені жеңісті осы әскери дәрігердің арқасында денсаулығы дұрысталып, қайта қатарға қосылған жауынгер әкелері хақ», – деп есептейді. Госпиталь қызметкерлері әскери және азаматтық дәрігерлердің арасында айтарлықтай айырмашылық барын айтады. Өйткені әскери дәрігерлердің міндеттері басқаша көрініс табады.
Бір ғана мысал, әскери медицина қызметкерлері тек Гиппократқа ант беріп қана қоймай, әскери антқа да адал болуы міндет.Әскери госпитальдің қабылдау бөлімінің бастығы, медицина қызметінің подполковнигі Әлия Талқамбаеваның айтуынша, әскери дәрігер әуелі өзінің жанкештілігімен ерекшеленеді. Өйткені олар уақытпен санаспай майдан даласында болсын, жаттығу алаңында болсын әскери госпиталь құрып, ем-дом, қажет болған жағдайда ота жасауға дайын.
Әскери дәрігерлердің әскери міндеттерді де бұлжытпай орындай білуі қажеттігі бұл мамандарға екі есе жауапкершілік жүктейді. Атап айтқанда, олар ережелерді білумен қатар жаттығулар мен автоматпен ату қабілетін шыңдап, химиялық қорғаныс костюмдерін тез кие алуға физикалық тұрғыдан дайын болуы керек. Сондай-ақ тактикалық оқу-жаттығулар жоспарланған кезде әскери дәрігер офицерге лайық, жауынгерлік даярлық іс-шараларының жалпы жағдайын бағалай отырып, әскери-далалық госпитальді орналастыруды дұрыс жоспарлай білуі қажет. Әскери дәрігерлердің ерен еңбегі мен армияны нығайтуға қосқан үлесін атап өту мақсатында кәсіби мереке қарсаңында Тараз қаласындағы әскери госпитальдің акт залында салтанатты жиын өтті. Дәрігерлерге, медбикелерге, кіші медицина қызметкерлеріне көптеген жылы лебіз айтылды. Салтанатты сәтте сала үздіктері марапаттарға ие болды.
Ақтоты Жаңабай