Тараз қаласында 53 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілмек
Жалпы биыл қала аумағында 53 көппәтерлі тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілмек. Аталмыш жұмыстар «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында атқарылады,деп хабарлайды arainfo.kz
Бүгінде Тараз қаласында көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғырту жұмыстары қарқынды жүруде. Олардың қатарында шаһардың орталығында, Төле би даңғылының бойында орналасқан 11 көпқабатты үй де бар.
Аталған үйлердегі жұмыстар облыс орталығына бірыңғай сәулеттік келбет беру мақсатымен қолға алынған болатын. Осыған орай олардың қасбеттерін, шатырларын күрделі жөндеу үшін мердігер «Күмбез-Тас» ЖШС жобалық-сметалық құжаттама әзірлеген еді. Қазіргі таңда «Қаратау құрылыс 2030» ЖСШ-нің мердігерлігімен жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы құрылыс жұмыстарына 110-нан астам жұмысшы мен 8 арнайы техника жұмылдырылған. Күрделі жөндеу жұмыстарын тамыз айының ішінде аяқтау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, бүгінгі күні қаланың тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй бар. Оның 151-і барак типтес болса, 1 287-сі екі және одан жоғары қабатты үйлер. Сондай-ақ шаһар аумағындағы 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 489 үй күрделі жөндеуден өткізілсе, қалған 614-ін алдағы уақытта жаңғырту жоспарлануда.