Балет биінің де өз биігі бар
Халқымыздың қай салада болсын өзіндік қолтаңбасының қалыптасқаны белгілі. Дейтұрғанмен кей кезде тұғыры биік тұлғаларымыздың тарихтың сан түрлі иірімдерінің көлеңкесінде қалып кетіп жататыны жасырын емес. Бүгінгі әңгіме төл өнеріміз бен мәдениетімізді паш етіп, өркениетке ұмтылуда өлшеусіз үлес қосқан сондай жанның бірі, қазақ ұлтынан шыққан ерлердің арасындағы тұңғыш кәсіби балет бишісі, биыл туғанына 100 жыл толған арда азамат Алмас Бекбосынов жайлы болмақ. Әйтсе де ер есімі елеусіз қалды.
Тұңғыш балет бишісі жайлы сөз болғанда көбіміздің ойымызға Халық әртісі Болат Аюхановтың оралатындығы сөзсіз. Сахна саңлағының өзі: «Классикалық биді қазақтар арасында алғаш меңгерген маман осы кісі болатын. Бекбосынов залды дүркіретіп тұрғанда мен балет өнеріне қаз-қаз басқан баладай едім... Мен ол кісінің гримдеу бөлмесінде бет әрлейтін заттарын алып беріп тұрғанымды өзіме бақыт санайтынмын», – деп айтқан екен.
Осы күнге дейін есімі ұмыт болған өнер иесінің ғасырлық мерейтойы қарсаңында Қордай ауданының Кенен ауылына жолымыз түсіп, Алмас Бекбосыновтың туған келіні, інісі Ыдырыстың жұбайы Нағайым апамыздың үйіне бардық. Бұл мақаланы жазып отыруымның да басты себебі сол. Апамыздың әңгімесінен қазақ кәсіби би өнерінің тұңғыш өкілі жайлы біраз мағлұмат алдық. Сонымен қатар талантты тұлға есімінің ескерусіз қалғанына қынжылатынын жеткізді.
Нағайым апамыздың айтуынша, қайнағасы 1924 жылы 24 ақпанда қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Кенен ауылында дүниеге келген.«Енем Бүбіхан Қармысқызы көптен бала көтермей жүргендіктен 1921 жылы жаз мезгілінде Алматы қаласындағы Райымбек бабамыздың зиратының басына барып түнеп, перзент сұрайды.
Түсінде бір абыз ақсақал келіп үш басты бәкі сыйлайды. Жүзі алмастай өткір болып көрінеді. Бір ұлыңның атын Алмас қой дейді. Сөйтіп, түсі шынға айналып, бірінен соң бірі – Құстүтін, Алмас, Ыдырыс атты үш ұл дүниеге келеді. Екінші ұлдың атын түсіне сай Алмас қояды. Ал атам Бекбосын Диханбаев жылқышы болған.
Ұлының жиын-тойларда би билеп жүргенін көріп, өнерге қабілетін байқаған соң 1937 жылы Алматы қалалық музыкалық училищеге білім алуға жіберді. Алмас қайнағам көпшіл, бауырмал, халыққа сыйлы, еңбекқор болды. 16 жасынан бастап Қазақ мемлекеттік филармониясында, одан кейін Абай атындағы опера және балет театрында солист болып қызмет етті.
Кейіннен шет елдерге өнер көрсетуге сапарлап кеткенде маған сол жақтан түрлі сыйлықтар, «көйлек тігіп киерсің» деп үнемі мата сатып ала келетін. Күйеуім Ыдырыс үш жылға әскерге кеткенде көңілімді аулау үшін: «Ыдырысым әскерлік борышын ертең-ақ тез өтеп келеді, қаймықпа!» дейтін.
Шетелге көп шықты. АҚШ-та «Көкпар» биін керемет билеп келді дейтін. Қазақтың би өнерін насихаттады. Өкінішке қарай, ғұмыры келте болды. Небәрі 50 жас өмір сүрді. Осындай тұлғаның ғасырлық мерейтойының тойланбай қалғанына таңмын, – деп Нағайым апа ағынан жарылды.
Иә, қазақта өнер де көп, өнер иесі де көп. Бірақ тума талант, қазақ ерлердің арасынан шыққан тұңғыш кәсіби балет бишісі Арман Бекбосынов есімінің тасқа қашалып жазылатындай жөні бар. Өнер – адамзатқа эстетикалық тәрбие берудің басты құралы. Осы орайда аймақ атқамінерлері өнерімен өрге жүзген талантты тұлғаның аты мен атағын асқақтатады деп сенемін.
Жанат Сеитова,
Қордай ауданы