Жастар неге жұмыссыз?
Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша еліміздегі жұмыссыздар саны 1,52 пайызға, яғни 6,8 мың адамға өскен. Облыста да қолында дипломы бар, бірақ жұмысы жоқ жұмыссыз жастардың саны артып келеді. Расымен де жұмыс іздеген өрендерге жұмыс жоқ па? Әлде бұл «жұмыс істегісі келген жол іздейді, жұмыс істегісі келмеген сылтау іздейдінің» кері ме? Зерттеп көрелік.
Республикадағы жағдай қандай?
Статистикаға сүйенсек, өткен жылдары Қазақстанда жұмыссыз азаматтардың саны біршама төмендеген. Мәселен, 2022 жылдың IV тоқсанында республика бойынша олардың саны 456,1 мыңнан астам болса, өткен жылдың басында 453,5 мың адамды құраған.Ал IV тоқсанда 445,9 мың адамға жетеді. Яғни жұмыссыздық саны айтарлықтай төмендейді.Бірақ биылғы І тоқсанында жағдай күрт өзгереді.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, жұмыссыздар саны 1,52 пайызға, яғни 6,8 мың адамға өсіп,452,7 мың адамға жеткен. Дегенмен бұл көрсеткіш әртүрлі жағдайларға байланысты айтарлықтай ерекшеленеді.Мысалы, ауылға қарағанда қалаларда жұмыссыздар көп.Ауылда 170 мың адам екі қолға бір күрек таппай жүрсе, ал қалада 283 мың тұрғын өз мәселесін шеше алмауда.Сонымен қатар нақты жұмыссыздық деңгейі де әртүрлі. Әйелдер арасында ол 5,2 пайызды, ерлер арасында 4,2 пайызды құрады. Жалпы жұмыссыздық деңгейі өткен жылы өзгеріссіз болып, 4,7 пайыз деңгейінде қалды.
Жауаптылар не дейді?
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесінің берген мәліметіне сүйенсек, халықты жұмыспен қамту орталығына 16 671 жас азамат жүгініп, соның ішінде 12 680 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен қамтылыпты. Атап айтқанда, тұрақты жұмыспен 5 970, қоғамдық жұмыстармен 2 494 адам, жастар тәжірибесімен 1167, әлеуметтік жұмыс орнымен 248 адам қамтамасыз етілген. Ал «Алғашқы жұмыс орны» жобасының жемісін 391 жас сезінсе, мемлекеттік қайтарымсыз грантқа 178 адам ие болды. Сонымен қатар қысқамерзімді кәсіптік оқу курстарында 304 адам білім алса, жұмыс орнында 112 жас оқыды. «Ұрпақтар келісімшарты» арқылы 27 жас еңбекке араласса, «Бастау бизнес» курсы аясында 1 107 жас білімін жетілдірген. 682 адам онлайн оқыған. Аталған орталықтың жиынтық-талдау бөлімінің маманы Гүлнара Байбосынованың пікірінше, жастардың жұмысқа орналасу кезіндегі басты бір мәселесі – жұмыс өтілінің болмауы.
Жалақының аздығы
жанға батады
Ғаламторға «Жастардың жұмысқа орналасуына не кедергі?» деп жазғанымызда республикалық «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген әлеуметтік зерттеудің нәтижесіне көзіміз түсті. Онда жастардың басым көпшілігі, яғни 61,1 пайызы жұмысқа орналасуда кездесетін ең басты қиындық ретінде жұмыс тәжірибесінің жоқтығын атаған. Сондай-ақ жастардың үштен бір бөлігі жоғары және арнаулы орта оқу орындарында алған мамандық бойынша жұмысқа орналасудың қиын екендігін жасырмайды. Жоғарыда айтылған себептерден бөлек, сарапшылар тағы да бірқатар мәселені атап өтті. Онда жастардың іскерлік қарым-қатынас орната алмауы, таныстықтың жоқтығы, еңбек нарығы мен жұмыс іздеу әдістері туралы ақпаратының аздығы көрсетілген.Ал кейбір жастардың пікірінше, жастардың жұмыссыз жүруіне айлық жалақының аздығы да әсер етеді екен.
Бұл туралы Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильділігі орталығы» мекемесі жиынтық-талдау бөлімінің маманы Гүлнара Байбосынова да өз пікірімен бөлісті.
Осы орайда «Ұзақ уақыт жұмыссыз жүру адам психологиясына қаншалықты әсер етеді?» деген сауалды психолог Анар Болатқызына қойған едік. Психолог дипломы бар жастар күйзелістен де жұмысқа орналаса алмайды деген ойды алға тартты.
Оның айтуынша, адамның жұмыс істеуіне ішкі психологиялық жай-күйі әсер етеді. Яғни психологиялық тұрғыда ересек адам ғана өзінің қабілеттерін тану үшін тұрақты жұмысқа орналаса алады.
– Жұмысқа орналасу үшін тек құжат бойынша ғана ересек болу жеткіліксіз. Тіпті 30-ды алқымдаған жастар да өзін ересек сезініп, жауапкершілік ала алмауы мүмкін. Егер адам табыс тапқысы келмесе, жұмыс істеуге құлқы болмаса, психологиялық жай-күйін емдеуге кеңес беремін.Себебі жас маман қолына дипломын алғаннан кейін де ұзақ жылдар бойы жұмыссыз жүруі әбден мүмкін.Мұндай қателіктердің орын алмауы үшін ата-аналарға кеңес бергім келеді.
Қайтпек керек?
– Жастарды жұмыспен қамтамасыз етудің басты жолы – қазіргі білім жүйесін еңбек нарығы талаптарына сәйкестендіру, – деп тұжырымдайды сарапшы Айман Тұрсынқан. Оның пікірінше, жастардың еңбек нарығына біртұтас интеграциялануы үшін білім беру жүйесінде әрбір кәсіби деңгейге бәсекелестік негіз жасалуы керек екен.Ал «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының сарапшылары жастардың арасында еңбек құндылығын қалыптастыру, жұмысшы кәсіптерді танымал ету арқылы ғана жастарды жұмыспен қамтамасыз етуге болады деп санайды.Сарапшылардың пікірінше, жастар арасында кәсіпкерлік дағдыны қалыптастыру, университет бағдарламасы шеңберінде кәсіби тәжірибені ұйымдастыру, кәсіптік білім беру сапасын арттыру, үздіксіз білім беру принциптеріне негізделген мамандарды даярлау мен қайта даярлаудың баламалы тәсілдерін қолдану сынды шаралар қалыптасқан ахуалды жақсартуы мүмкін.
Жастар арасындағы жұмыссыздықтың жыл санап көбеюі, әрине, алаңдаушылық тудырады.Бұл тұрғыда мемлекеттік бағдарламалардың санына емес, сапасына мән беру керек пе деген пікір де айтылып жүр.Сондықтан да құзырлы органдар бұл мәселеге баса назар аударып, уақыт талабы мен қоғам сұранысын ескереді деген сенімдеміз.
Аяулым Жаманқара