Жоба ретінде жүзеге асса…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Еліміздің жас буын өкілдерінің балалық шағы бақытты өтіп, дені сау, жан-жақты азамат болып өсуіне жағдай жасау – стратегиялық маңызы бар міндет. Бұл – Қазақстанның жарқын болашағының кепілі», – деген болатын. Расында, болашаққа нық қадам басу үшін, ел ертеңіне сеніммен қарау үшін, артыңнан із қалу үшін өскелең ұрпақтың өмір салтына баса назар аударып, тәрбиені дұрыс жолға қою қажет.
Баланы өмірдің жалғасы деп білетін ұлтымыз ұрпағын ұлықты болуға жетелеп, тәлімді тәрбие беру ісін назардан тыс қалдырған емес. Ықылым заманнан ұрпақ қамын ойлаған бабалардың сара жолын жалғау – бүгінгі егеменді еліміздің басты ұраны. Бүгінде балалар үшін мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау шаралары жүзеге асып, әр стратегиялық құжаттың өн бойында өскелең ұрпақтың болашағы үшін жасалатын қадамдар сөз болуда. Оларға қолайлы орта қалыптастыру, сапалы білім, саналы тәрбие беру, бос уақытын тиімді ұйымдастырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты міндеттердің бірі болып табылады. Оның ішінде балалардың жазғы демалыс лагерін ұйымдастырудың да маңызы зор. Бұған қоса жазғы мектеп те жоспарға сай жүйелі жұмыс жүргізуде.Төрт тоқсан бойына тереңдетілген білім алуға талпынса да ара-тұра тынығуды қалайтын оқушылар жазғы демалысты тағатсыздана күтеді. Алайда барлық ата-ана бірдей балаларының демалысын дұрыс ұйымдастырып, күніне кемінде бір рет перзентіне көңіл бөліп отырады деп айту қиын. Жазғы демалыс уақытында баланың жыл бойындағы сабақ оқуынан шаршап қалғандығы білінеді. Ол тынығып, күш жинап, денсаулығын нығайтып, шығармашылық жұмыс жасау қабілетін арттырады.
Бұл шараларды, әрине, балалардың күндіз келіп демалатын жазғы сауықтыру лагері іске асырады.Шу ауданында жалпы білім беру ұйымдарымен қатар, қосымша білім беру мекемелері де оқушы тәрбиелеу ісінде иық тірестіре еңбек етеді. Әсіресе әр оқушының танымын кеңейтіп, талантын танып, шығармашылығын шыңдап, қызығушылығын арттырып, талғамын қалыптастырып, білім мен тәрбиесін толықтыруда үздіксіз жұмыс жасайтын қосымша білім беру мекемелерінің орны бөлек. Осы орайда ауданда әр баланың бойындағы бұлқынған талантты ашып, оны талаптандырып, дұрыс жолға бағыттайтын 8 қосымша білім беру мекемесі бар. Атап айтсақ, Оқушылар сарайы, Өнер мектебі, Балалар- жасөспірімдер өлкетану және туризм орталығы, 2 бірдей Балалар-жасөспірімдер орталығы, Техникалық шығармашылық орталығы, Құрманғазы және Ә.Еспаев атындағы саз мектептері қызмет көрсетуде.
Аталған қосымша білім беру мекемелері балалардың сегіз қырлы, бір сырлы болуына жағдай жасап, түрлі үйірмемен қамтуда. Бір жағы жалқаулықтан жирендіріп, еңбекке жетелейді. Олай деуімізге толықтай негіз бар. Атадан арқауы үзілмеген дәстүрімізді жалғап, қолөнерді заман ағымына қарай түрлендіріп, он саусақты икемдеп, шығармашылықпен айналысуға ден қоятын қосымша білім беру мекемелері өнерлінің өрісін кеңейтеді. Ұлттық құндылықтарымыздан алшақтамай, заманның көшіне ілесе жүріп баланы шығармашыл болуға жетелесек, ұтарымыз көп. Осы қосымша білім беру мекемелері арқылы бір-бір болашақ мамандық иелері қалыптасып, соның ішінде өзінің кәсібін жандүниесімен сүйетін, шабыттың шалқар шыңына шығатын жанды қалыптастырады. Спорттың түрлі бағыттары, яғни бокс, еркін күрес, теннис, шахмат, дойбы арқылы дене тәрбиесіне де баса назар аударып, салауатты өмір салтын ұстануға, спортпен шұғылдануға да жол ашатыны тағы бар.Міне, осы қосымша білім беру мекемелері де жазғы лагерьді ұйымдастырып, балалардың бос уақытының өтуіне барынша жағдай жасап келеді.
Әр мекеме өзінің үйірмелеріне сай балалардың қызығушылығын арттырып, талантты әрі талапты болуға жетелейді. Арнайы жоспар құрып, әр минуттың тиімді өткізілуіне барынша көңіл бөліп, орайы келсе демеушілерді тартып, тіпті кейде өздері демеушілік жасап, балаларға тәттілер алып беруден тартынбайды. Десе де заман ағымына қарай тырнақ астынан кір іздейтін кінәмшіл ата-аналар да жоқ емес. Сол ата-аналардың қас-қабағын бағып, әр балаға жеке-жеке көңіл бөлу де оңай жұмыс емес. Қызылды-жасылды дүниелерге алданып, телефонға тәуелділіктен арыла алмай жүрген балалар тез жалығады, оларды қызықтыра білу де қиынның-қиыны. Соған қарамастан балаларды барынша жазғы лагерьге тартып, әр сәті жалықтырып жібермейтіндей қызықты әрі көңілді өтуі үшін жоғарыда аты аталған 8 қосымша білім беру мекемесі бірлесе «Бақытты балалық шақ» атты 3 күндік декадасын өткізді.
Мұндағы мақсат – тәжірибе алмасып, әлі де өзін толық тани алмай жүрген баланың бойындағы талантын ашуға жағдай тудырып, тез жалығып кететін балалардың басқа үйірмеден де өзінің қызығушылығын табуына жол ашып, жалпы айтқанда, жазғы лагерьдің бір орталықта өтуіне ықпал ету. Халқымыз қашанда бірлескен істе береке барын жақсы біледі. Әр жаз сайын 8 қосымша білім беру мекемесіндегі жазғы лагерьге балаларды тарту оңай жұмыс емес. Заман ағымына сай материалдық базасы толықтай жасақталған орында балалардың бір сәт сергуі үшін, яғни бассейнге шомылып, батутта асыр сала ойнап, аниматорлардың шоуларын тамашалап, тәтті сусын, балмұздақ, ыстық бауырсақтан дәм татып, уақытының қалай тез өткенін аңдамай қалатындай деңгейге жеткізу арқылы үйірмелерге барынша қамту – ең басты жоспар.Қанша жыл бойы балалармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау арқылы бүгінгі балаларға не керек екенін білетін қосымша білім беру мекемелерінің басшылары Нағима Райқұлова, Аяужан Ақжолова, Ләззат Асанбаева, Аманкүл Әбенова, Мейрамхан Асайнов, Нағима Мұсақызы, Алтынай Жиенбекова, Ержігіт Сүндеттер бірлесе «Бақытты балалық шақ» атты үш күндік декаданың жоспарын түзіп, алдағы уақытта ауқымды жоба жасауға уағдаласып отыр.
Бұл үш күндік декадада таңнан қара кешке дейін балалар мен жасөспірімдер Оқушылар сарайының базасында бос уақытын жоғары деңгейде өткізіп, әр сәттен тояттай алмай, осы қызықты шақ жалғаса берсе деп тілегендей.Жазғы лагерьде өткізілген іс-шаралар аясында Оқушылар сарайы көркем безендіріліп, бассейн, батут құрылып, аниматорлар декаданың көркін қыздырып, балалардың көзіне қуаныш үйіріліп, у-шу болып асыр салды. Қай кезде де ұлттық болмысымыздан ажырамау – басты ұранымыз. Сондықтан да дәл осы күндері ұлттық ойындарымыз – арқан тарту, ханталапай, асық ату, тоғызқұмалақ, аударыспақ та ойнатылды. Сондай-ақ бұрынғы ақсүйек ойынының жалғасы іспеттес, жаңаша түрленген «Алтын қазына» ойыны да балаларды баурап алды. Балалар әсіресе жаз айларында кешкі мезгілдерде көбіне бос жүреді, онысымен қоймай бүлдіретіндері тағы бар.
Ата-ананың тәрбиеге қырын қарағанынан құқықбұзушылық орын алмауы үшін мектеп ордасы ұяда берілмеген тәрбиенің орнын баса алатындай деңгейге жеткізуі қажет. Соны ойлаған қосымша білім беру мекемелері алагеуім шақта алау жағып, соның төңірегіне балаларды жинап, түрлі әуендерді айтып, жаз кеші тамаша өтті. Бұған қоса балмұздақ, бауырсақтар таратылды. Сондай-ақ үлкен экраннан қызықты фильмдер көрсетіліп, балаларға табиғат аясында аквагрим де жасалды.Бұл күндері балаларының көзіндегі қуанышты ата-аналары да байқады. Тіпті арасында өзінің баласымен қоса өзгенің баласы да қуанышқа бөленсін деген ата-аналар да жақсылық жасаудан сырт қалмады. Декаданың үшінші күні оқушылар ауданымыздағы тарихи жерлерге саяхаттап, Шу өңірінің шежіресіне тереңінен үңілді. Міне, бұл бірлескен жүйелі жоспардың нәтижесі.
Тек спортпен қамтылатындар арасында әнге әуесі бар жеткіншектерді, тек биге бейім оқушылардың ішінде қолөнерге икемі бар өрендерді, тіпті туризм саласының қыр-сырын, техниканың тілін меңгергісі келетін балаларды осындай бір орталыққа шоғырландыру арқылы табуға болады.Осы игі іс жоба ретінде жүзеге асып, келер жылы жазғы лагерьге жоғары көңіл бөлінсе, нұр үстіне нұр болмақ. Әрине, мұның барлығының артында қаржылай қолдау тұрғаны айдан анық. Түптеп келгенде, бала болашағы үшін құйылған инвестиция еселеніп қайтары сөзсіз. Сондықтан да ел ертеңі болар балаларға көңіл бөлу, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру күн тәртібінен түспеуі ләзім.
Айғаным Асқарбек,
Шу ауданы