Қоғам

Құтқарушылар қашанда құрметке лайық

Адам өмірін құтқару – жауапты әрі сауапты іс. Қоғамда орын алатын табиғи апат, жолдың жабылуы, қар құрсауында қалу сынды жағдайлар кезінде төтенше жағдайлар қызметкерлерінің жұмыла еңбектенуінің арқасында қауіп-қатер дер кезінде сейіліп жатады. Сондықтан да әлемге құтқарушы деген мамандық өте қажет. Жыл басынан бері облыс аумағында жедел кезекшілік бойынша 27 төтенше жағдай тіркелді. Оның ішінде табиғи сипаттағы 2, техногенді сипаттағы 22 өрт оқиғасы, автокөлікте орын алған 4 оқиға есепке алынды. Жалпы өрттің көлемі 1002 шаршы метрді құрады. Салдарынан 1 адам қаза тауып, 1 адам ауруханаға жатқызылды. Ал апта ішінде «Қазгидромет» облыстық филиалынан 4 дауылды ескерту келіп түскен.

БАТЫРҒА  БАТЫЛДЫҚ ЖАРАСАДЫ

Тосыннан болған оқыс оқиға кезінде азаматтарға бірінші болып көмекке ұмтылатын төтенше жағдайлар қызметінің құтқарушылары. Үлкен жүрек пен машық, білім мен білікті ұштастыра білген олар жауапкершілік жүгін арқалап жүр. Азаматтық қорғау полковнигі Арман Сартаев та  бүгінгінің нағыз батыры. Ол 1974 жылы 12 мамырда Алматы облысының І.Жансүгіров ауданында дүниеге келген. Өртке қарсы қызмет органдарында 1992 жылдан бері еңбек етіп келеді. 1992-1999 жылдары Алматы жоғары өрт техникалық училищесінде оқып, «Өрт қауіпсіздігінің инженері» мамандығын алып шығады. Бүгінде кезекші өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі. Өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүрген азамат  I, II, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін», «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медальдарымен марапатталған. 

2022 жылдың мамыр айында таңғы сағат 8:00 шамасында өрт сөндіру орталық пунктіне «Ауыл-Береке» базарының өртеніп жатқаны  жөнінде хабар түседі. Хабар алысымен кезекші өрт сөндіру қызметінің жедел кезекшісі Арман Сартаев азаматтық қорғау старшинасы Ш.Базарбаевпен бірге жолға шығады. Бұлардан бұрын жеткен қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы Д.Шәріпбаев барлау жасап, №2 шақыртуды жариялайды. Бұл кезде тауарлары бар 20-ға жуық контейнер отқа оранып жатқан болатын. Контейнердің ішінде маталар, киімдер, ойыншықтар бар еді. Арман Молдатайұлы №3 шақырту жариялайды. Себебі өрттің көлемі үлкен еді. Контейнерлерді шетінен бастап өшіріп, оқпанмен су шаша бастайды. 

ЕКІ ҚЫЗДЫ СУДАН АМАН АЛЫП ҚАЛДЫ

Өткен аптада жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Айдос Әбілда 2012 және 2014 жылы туған екі қыз баланы құтқарды. Балалар демалыста әкесімен бірге жүрген. Алайда бес баласын өзен жағасына шомылуға алып шыққан әке екі ересек қызына ие бола алмай қалған. Қараусыз қалған жасөспірімдер суға аққан.  Осы кезде демалушылар арасында  рейдтік жұмыс атқарып  жүрген Айдос Әбілда көмекке келеді. Айдостың бұл бірінші рет жасаған ерлігі емес. Айдос Сейдахметұлы 1992 жылғы 25 тамызда  Сарысу ауданында туған. Ол азаматтық қорғау жүйесінде 2013 жылдан бері қызмет етеді. Жедел-құтқару жасағында Айдос Әбілда өзін дайындығы жоғары маман ретінде көрсетті. Осындай еңбегі ескерілген ол ІІІ дәрежелі «Құтқарушы» төсбелгісімен де марапатталған. Кейіпкеріміз жедел кезекшілік кезінде авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысып, өзінің шығармашылық ынтасын көрсетіп, лауазымдық міндеттерін адал атқарады.Өзінің кәсіби және білім деңгейін үнемі арттырып отыратын ол ұжымда, әріптестер арасында сыйлы. Мінезі салмақты болғанымен көпшілікпен  тез тіл табыса алады. Жақында көрсеткен ерлігі үшін Айдостың кандидатурасы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне марапатқа ұсынылыпты.Айдос «Instagram» әлеуметтік желісінде де белсенді екен. Құтқарушының бір күні жайлы қысқа видеолар түсіріп салып отырады. 

АСХАТТЫҢ ЖАНКЕШТІЛІГІ

Меркі ауданындағы №9 өрт сөндіру бөлімінің бастығы Асхат Абдраймовтың әрбір күні тәуекелге толы.  1978 жылы 29 қыркүйекте Шымкент қаласында дүниеге келген ол Көкшетау техникалық институтында оқып, «Өрт қауіпсіздігінің инженері» мамандығын алып шығады. Ал өртке қарсы қызмет органдарында 2003 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Жұмысы да жеміссіз емес. Сондықтан да болар I, II, III дәрежелі «Өртке қарсы қызмет органдарындағы мінсіз қызметі үшін» медальдарымен, «Өртке қарсы қызметке 100 жыл» мерекелік төсбелгісімен марапатталған жайы бар. 

Әрбір өрт сөндіруші-құтқарушы – нағыз қаһарман. Халықтың амандығы үшін күрескен  батырларымыз әрқашан аман болсын!Міне, біз бүгін әрбір күні тәуекелге толы құтқарушылардың қауіпті қызметі туралы сөз қозғадық. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деп ұлы Абай айтқандай, бейбіт күннің батырлары өз арамызда жүр. Осындай оғландардың шеберлігін шыңдау, физикалық дайындығын  жетілдіру де әрдайым басты назарда.Мысалы, жақында ғана Қазақстан Республикасының аумағында ұшулар кезінде іздестіру-құтқаруды қамтамасыз етуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларға, сондай-ақ қолданыстағы әдістемелік ұсынымдарға сәйкес облыста «SAREX-03/2024» авиациялық іздестіру және құтқару бойынша «Қазаэронавигация» оқу-жаттығуы ұйымдастырылды.

Іздестіру-құтқару тікұшақтарын облыстық төтенше жағдайлар департаменті дайындаған. Онда төтенше жағдай департаменті қызметкерлерінен тұратын 10 қызметкер мен 4 құтқарушыны қамтитын іздестіру-құтқару тобы жұмылдырылған. Іздестіру-құтқару әуе кемелеріне тартылған авариялық-құтқару құралымдарының құрамына облыстық төтенше жағдай департаментінің 3 қызметкері және облыстық апаттар медицинасы орталығының дәрігері кірді. Оқу-жаттығуларға алғаш рет Тараз қаласынан 120 шақырымнан астам қашықтықта шартты апат орнын іздестірумен бір мезгілде екі іздестіру-құтқару тікұшағы жұмылдырылған.Күн сайын өрт сөндіруші-құтқарушыларға арналған оқу-жаттығулар өтіп, олардың өжеттік көрсетуге, құтқаруға дайындығы пысықталады. Олар үшін әр секунд, әр минут маңызды. Адам өмірінің арашасы болған жандар елге адал қызмет етуде.

Эльмира Байназарова