Балық та байлық
Балықшаруашылығы қызметкерлері күні мерекелік күнтізбеде өзіндік орны бар дата.Бұл айтулы күн балықшаруашылығын дамытудың тың тетіктерін дамытуға мүмкіндік беріп, ортақ іске бірігетін балықшы қауымның мәселесін оңтайлы етуге жол ашады.Жыл сайын шілденің екінші жексенбісінде балықшаруашылығы қызметкерлері, балықшаруашылығы ғылымының ғалымдары, балық өсірушілер, балық инспекциясының ұжымы, кәсіби және әуесқой балықшылар осы мерекені атап өтеді.
Жақында аталған кәсіби мерекеге орай Шу-Талас облысаралық бассейндік балықшаруашылығы инспекциясы Жуалы ауданындағы «Теріс Ащыбұлақ» суайдынында салтанатты шара ұйымдастырды.Облыста балық өсіріп, оны қорғаумен қатар, молықтыруға да аянбай үлес қосып жүрген балықшаруашылығы саласының бір топ қызметкерлері Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылығы министрлігі Балықшаруашылығы комитетінің және Шу-Талас облысаралық бассейндік балықшаруашылығы инспекциясының Алғыс хаттарымен марапатталды.Іс-шараға балықшаруашылығының иелері мен осы бағыттағы кәсіпкерлер, сала ардагерлері мен облыстың тиісті басқармаларының басшылары қатысты.Аталған іс-шарада «Балық Fest Shu» қоғамдық бірлестігімен бірге спорттық турнирлар өткізілді, жүлделі орын иегерлері марапатталды.Қазіргі таңда облысымыздың балықшаруашылығы саласы қарқынды дамуда. Біздің өңір балық өсіру көлемінен республика бойынша алдыңғы орында келеді.
Шу-Талас бассейнінің аумағында жергілікті маңызы бар 131 суқойма бар. Бағдарламада қолда бар әлеуетті ескере отырып, өсірілетін тауарлы балық көлемі бойынша 2024 жылға 900 тонна жоспар қойылып, қазіргі таңда 1 101 тонна өсірілді, яғни меже 122 пайызға орындалды. 2030 жылға қарай жоспарды 8 000 мың тоннаға дейін ұлғайту міндеті қойылған.Балық та байлық.Оны заңсыз аулау, табиғатқа зиян келтіру – қылмыс. Осы жылы қаскөйлікке қарсы рейдтік іс-шара жүргізу нәтижесінде барлығы 199 құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 197 әкімшілік құқықбұзушылық және 2 қылмыстық құқықбұзушылық бар. Оның 55-і сотқа және біреуі құқық қорғау органына жолданды.
Салынған айыппұл сомасы 4 988,0 теңгені құрайды, оның ішінде 3 385,6 теңгесі өндірілді. Заңсыз айналымнан 551 келі балық алынды.Табиғат қорғау заңнамасын бұзғаны үшін залалдың мөлшері 2024 жылы 6 036,8 теңгені құраса, оның ішінде 423,5 теңгесі өндірілді.
Осы жылғы «Таза суайдындары» табиғатты қорғау акциясы кезінде балықшаруашылығы субъектілері мен еріктілердің қатысуымен барлығы 120 адам, 33 авто және су көлігі жұмылдырылып, 13 тонна тұрмыстық қалдықтар және 60 данаға жуық ау құралдары жиналды. Осы орайда балық өсіру, оны молайту, балықты қорғау, аулау, балықтан дайын өнім шығару ісімен айналысып жүрген азаматтарды кәсіби мерекемен құттықтаймын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, іргеміз бүтін болып, береке-молшылыққа кенеле берейік!
Қанатбек Заурбеков,
Шу-Талас облысаралық бассейндік балықшаруашылығы
инспекциясы басшысының орынбасары