Жаңалықтар

Ветеринар мамандарға құрмет көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында ветеринария саласын реформалау, орталық пен өңірлердің нақты міндеттерін айқындау, үрдістерді цифрландыру, мал дәрігер мамандарын дайындау, олардың жалақысын өсіру сынды маңызды мәселелерді атап көрсетті.

Жолдау жүктеген міндетті жүзеге асыруда ветеринария саласына көп көңіл бөлініп, ауылдық жерлердегі ветеринария мамандарының жалақылары біршама өсті, әлеуметтік қолдау шаралары да басқа мамандармен қатар теңестірілді.Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері ветеринария саласында да көптеген жетістікке қол жеткізілді. Ең бастысы, ветеринария саласындағы қатынастарды реттейтін Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңының 2002 жылғы 10 шілдеде қабылдануы ерекше сипатқа ие болды. Осы орайда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Кәсіби мерекелердің тізбесін бекіту туралы» 2023 жылғы №258 Бұйрығына енгізілген өзгерістерге сәйкес 10 шілде – Ветеринария қызметкерлері күні болып белгіленді.

Кәсіптік мереке аясында облыс әкімдігі ветеринария басқармасының ұйымдастыруымен «Олимпик» жеткіншектерді даярлау орталығының спорт кешенінде салалық  мекемелердің арасында шағын футболдан турнир өтті. Турнирге 13 команда қатысып, өзара бақ сынасты.Жарыс нәтижесі бойынша жүлделі III орынға ҚР АШМ «Республикалық ветеринариялық зертхананың» облыстық филиалы мен Шу ауданының ветеринариялық бөлімі таласып, пенальти нәтижесі бойынша Шу өңірінің мамандары айқын басымдықпен жеңіске жетті. Ақтық сынға Қордай және Талас аудандарының ветеринариялық бөлімдері шығып, таластық жігіттер  5:0 есебімен жеңімпаз атанды.Айта кетейік,  жүлделі І орын үшін 100 000 теңге, ІІ орынға 50 000 теңге, ІІІ орынға 30 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықтар табысталды. 

Бұдан бөлек спортшылар «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы» және «Үздік қорғаушы» номинациялары бойынша да марапатталып, шаттыққа бөленді.Сонымен қатар Тараз қаласындағы Ы.Дүкенұлы атындағы мәдениет үйінде облысымыздың ветеринар мамандарына арналған салтанатты іс-шара өтті. Аталған іс-шараға қатысқан  облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев және облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев ізгі тілектерін арнап, саланың дамуына қосқан үлесі мен сіңірген еңбегі үшін бірқатар  маманды марапаттады.

  «AR-AI» ақпарат