Экологиялық науқанға 500 мың тұрғын қатысты
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен «Таза Қазақстан» республикалық акциясының өңірде іске асырылу барысы талқыланды.
Басқосуда облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов баяндама жасады.Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында облыста санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр. Соңғы мәліметтер бойынша, 500 мыңнан аса жамбылдық экологиялық акцияға белсенді қатысқан. Оның ішінде тұрғындар, ардагерлер мен жастар, ҮЕҰ өкілдері және түрлі мекеме қызметкерлері бар.
Акция бастау алғаннан бері 320 мың шаршы метр әуежай, теміржол, автобекеттер мен автобус парктерінің, 206 мың шаршы метр отын-энергетика кешендерінің, 108 мың шаршы метр емдеу орталықтарының, 508 мың шаршы метр оқу орындарының, 280 мың шаршы метр шағын және орта кәсіпорындардың аумақтары күл-қоқыстан тазартылды. 818 шақырым канал мен арық жүйесі, 125 мың тұрғын үй ауласы және 4,5 мың шақырым көше тазаланды.60 мыңға жуық көшет отырғызылды. 2,4 мың ағаш бұталанып, 455 мың шаршы метр жасыл желек суғарылды. Бұдан бөлек 60 тарихи-мәдени ескерткіш пен 143 саябақ, сквер аумағына тұрақты түрде тазалық жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы 12 мың тонна қоқыс шығарылды. Тазалық жұмыстарына 910 техника тартылды.Еске сала кетейік, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жауаптыларға «Таза Қазақстан» акциясы аясында екі аптада бір рет Тараз қаласы мен аудандардың санитарлық тазалық жағдайына зерделеу жүргізуді тапсырған болатын.Бүгінгі басқосуда басқарма басшысы жүргізілген мониторинг қорытындысы туралы баяндады. Өткен аптада Жамбыл, Жуалы, Меркі, Мойынқұм, Қордай аудандары мен Жаңатас, Қаратау, Шу қалаларында бірқатар кемшілік анықталған.
Ербол Қарашөкеев «Таза Қазақстан» акциясының іске асырылу барысына жүйелі түрде мониторинг жүргізіліп, қорытындысы апта сайын қаралатынын атап өтті. – Қала мен елді мекендердің санитарлық тазалық жағдайы талапқа сай болуы қажет. Ол үшін әкімдер ауыл-аймақты жиі аралап, мәселені өз көзімен көруі тиіс, – деген өңір басшысы жұмысты күшейтіп, анықталған фактілерді жоюды тапсырды.
Кеңес қорытындысына сәйкес жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі