Жаңалықтар

Өрнек ауылында өркен жайған іс көп

Бала күнімізде үйдегілер біреудің қуанышына бір сойыс атайтын болса, қарасын жетегіне алып, той үстінде жегжатының қолына ұстатып кететін. Кей жағдайда қуаныш иесі тойдан кейін аталған малды үйге келіп, қорадан өзі таңдап жүріп алып кететін кездері де болатын. Біреуге мал сатса да, мал сатып алса да ол кездегі адамдардың арасында малмен бірге құжаты қоса жүретінін көрмеппіз. Тек кейінгі уақыттарда базарға мал апаратын болсақ, ауылдық округтің мал дәрігерінен анықтама алып жүрдік. Онда да анықтама беруші «Базарға апаратын малың қой ма, ешкі ме, ақ па, қара ма?» деп түр-түсін, жасын сұрап алып, сол бойынша анықтаманы толтыратын.

Бүгінде малға анықтама алудың талабы қатайтылған. Төрт түліктің кез келгенінің, тіпті ит пен құсқа дейін ветеринарлық паспорты бар. Одан бөлек иелігіңдегі малдың ауру-сырқаудан амандығы, қай кезде қандай ауруға қарсы екпе алғаны жөнінде ветеринарлық тексеру нәтижелері болады. Қолдағы мал бір елді мекеннен екіншісіне жөнелтілгенде немесе сауда-саттық арқылы базарға шығарылғанда сол ауылдық округ аумағындағы эпизоотиялық ахуал бірінші кезекте назарға алынады.Мал иесі алдын ала сұрату бойынша ауылшаруашылық жануарларын бірдейлендіру жөніндегі дерекқордағы өзінің малының түр-сипаты, ахуалы туралы мәліметтер негізінде дайындалған ветеринарлық құжатты талап еткен тарапқа көрсете алады.

Бұл әркімнің қолындағы төрт түлігі мен үй жануарлары мемлекеттің бақылауында тұрғанын көрсетеді. Сонымен қатар бұл малдың қозғалысына бақылау жүргізу мақсатында төрт түліктің сырғалау, таңбалау арқылы бірдейлендіріліп жатқанын айғақтайды. Қазіргі таңда осындай жұмыстармен қатар, малға аса қауіпті ауруларға қарсы екпе егу, қан сынамасын алу, мал иесінің жауапкершілігін арттыру, халықаралық стандарттарды енгізе отырып, жұртшылықтың ветеринариялық қызметке деген сенімін ұлғайту басты жолға қойылған.

Сондай-ақ малшаруашылығында ет және ет өнімі, сүт және сүт өнімі секілді басқа да өнімдердің қауіпсіздігін, сапасын арттыруға баса мән берілуде. Мұндай жұмыстардың жүйелі жүзеге асырылуына тәуелсіздік жылдарында салаға енгізілген елеулі өзгерістер мен реформалар түрткі болғанын айта кетуіміз керек. Оның ішінде 2021 жылғы 5 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ветеринария мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңын атап өтуге болады. Соның арқасында өңірде аса қауіпті эпизоотиялық және энзоотиялық ауруларға қарсы профилактикалық-диагностикалық іс-шаралар тиісті деңгейде атқарылуда.

Мәселен, Жамбыл ауданының ветеринария бөлімі де аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу, диагностикалау, вакцинациялау, малдан алынатын тамақ өнімдері мен шикізаттардың адам өміріне қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмысты жүйелі ұйымдастыруда. Ауданда бес ай ішінде аса қауіпті ауруларға қарсы егу жұмыстары бойынша 2 308 650 манипуляция, 16 аса қауіпті жұқпалы ауруларға қарсы екпе жұмыстары жүргізілген. 881 400 манипуляцияның 666 410-ы орындалса, аудан аумағында аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмеген.

Сарып ауруын анықтау мақсатында жылдық жоспар бойынша 552 506 манипуляция, меже сәтімен орындалып, ауылшаруашылық жануарларынан қан сынамасы алынып, серологиялық-диагностикалық тексерулер жүргізілген. 83 533 ауылшаруашылық жануары бірдейлендіріліпті. Мемлекеттік қызметтер бойынша тұрғындарға 1 594 ветеринариялық анықтама берілген. Оның ішінде 1 302 ветеринариялық анықтаманы жеке тұлғалар, 292-сін заңды тұлғалар алған.

Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 30 желтоқсандағы «Жануарларды жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы аясында ит аулау жұмыстары жүргізіліп, осы жылы 817 иесіз ит-мысық ауланыпты.Жамбыл ауданының аумағында 17 ауылдық округ, 42 елді мекен бар болса, Өрнек ауылдық округіне екі елді мекен қарайды. Округ орталығы – Өрнек ауылында 420 түтін, 2 479 адам тұрады. Ал Жұма стансасында 50 үй, 303 тұрғын бар.

– Осы екі елді мекенде барлығы 140 шаруа қожалығы тіркелсе, округ бойынша тұрғындар 16 931 уақ мал, 2 143 мүйізді ірі қара, 1 374 жылқы, 1 865 үй құсын ұстайды.«Ауыл аманаты» жобасына енген Өрнек ауылдық округінің ірі қара малын асылдандыру мақсатында былтыр Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті арқылы 200 ірі қара үшін «Симментал» тұқымдарының ұрықтары алынып, қолдан ұрықтандыру жұмыстары жүргізілген болатын.

Биыл тиісті төл ойдағыдай алынып, малды асылдандыру жұмыстары сәтті жүргізілуде. Аталған жоба аясында Өрнек ауылдық округінде малшаруашылық бағытында 89 түтін 366 миллион 259  мың теңге көлемінде несие алды. Оның ішінде тіркелген мал саны – 2 330.

Атап айтқанда, тіркелген мал санын 1 988 уақ мал, 267 жылқы, 75 сиыр құрайды.
2024 жылға бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы бағытталған ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар жоспарға сәйкес толығымен орындалуда. Округтегі төрт түліктің амандығы, округ аумағында эпизоотиялық және энзоотиялық ауруларға қарсы профилактикалық-диагностикалық жұмыстардың сапалы орындалуы ауылдағы осы салада ұзақ жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан, бай тәжірибесі бар мал дәрігерлерінің арқасы.


Қабылданған нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес аудан аумағында жануарларды есепке алу жұмыстары «ТАҢБА» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізілетіні белгілі. Жыл басынан «Жамбыл – 109» диспетчерлік орталығына иесіз жануарларды аулау бойынша түскен хабарламаларға сәйкес 11 316 қаңғыбас ит ауланса, оның ішінде бұл жұмыстар Өрнек ауылында да жүргізілуде. Үй жануарлары иелерінің өтініштері негізінде электронды паспорт ашылып, ақпараттық жүйемен тіркеу жұмыстары өз деңгейінде жүзеге асырылып жатса керек. Сонымен қатар тұрғындардың қолындағы 450 ит үшін іш құрт кеселіне қарсы дәрі-дәрмек таратылып беріліпті.


Бақытжан Сабыралыұлы 1969 жылы осы ауылда дүниеге келіпті. 1986 жылы Т.Рысқұлов ауданындағы «Құлан» ауылшаруашылығы техникумында оқып, зооветеринария мамандығын алып шыққан. Оқудан кейін екі жыл Мәскеу қаласында әскери борышын өтеп, елге оралған.Оның алғашқы еңбек өтілі 1991 жылы басталыпты. Ол кезде Өрнек ауылы Крупская ұжымшары деп аталса, Б.Мешітбаев содан бері осы салада табан аудармай 33 жыл бойы еңбек етіп келеді.

Отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп, бүгінде 5 немере сүйіп отырған кейіпкеріміз ветеринар маманы қалада да, ауылда да жоғары сұранысқа ие екенін айтады. Ол өз жұмысын асқан ықыласпен орындау адамды бақытқа жетелесе, тұрғындардың малын емдеу арқылы алғысын алу кеудеге мақтаныш сезімін ұялататынын айтады.

Нұрым Сырғабаев