«Ақылды қала» қалай қалыптасады?
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда отандық ғалымдармен кездесіп, онда қоғамдағы барлық үдерістер мен салаларды одан әрі цифрландыруға ерекше назар аудару керек екенін айтқан болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, жаһандық полюстер мен мемлекеттер арасында күшейе түскен бәсекелестік –жаңа дәуірге қадам басқанымыздың айқын дәлелі.
– Бізге экономикамыздың аса маңызды салалары үшін инновациялық жобалар мен ұтқыр шешімдер қажет. Ең алдымен, қоғамдағы барлық үдерістер мен салаларды одан әрі цифрландыруға назар аудару керек. Бұл орайда жас ғалымдардың, инженерлер мен кәсіпкерлердің әлеуетін біріктіру маңызды рөл атқарады.Білімге негізделген экономика жоғары технологиялық бизнес туралы пікірімізді түбегейлі өзгертті. Бүгінде орасан зор капитал немесе қызметкерлердің көптігі емес, бірегей идеяларды тудырып, оларды жүзеге асыра білу қабілеті басты артықшылық саналады.
Цифрландыру саласы біздің өңірде де қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда облыста 372 елді мекен болса, оның ішінде 199-ы талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша интернетке тіркелген.Бүгінгі таңда облыстағы 53 мектеп «Starlink» спутниктік жүйесіне қосылып отыр.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі облыс әкімдігімен және ұялы байланыс операторларымен бірлесіп, аймақтағы елді мекендердің интернет желісі мен байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жол картасы әзірленген.Жол картасы аясында «Теле2» операторы облыстың 68 ауылдық елді мекенін мобильді кеңжолақты интернетпен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ «Кcell» операторы облыстың 51 ауылдық елді мекенінің базалық стансаларын жаңғыртуды жоспарлауда.«Beeline» ұялы байланыс операторы болса, облыстың 61 елді мекенінде жаңа базалық станса салуды көздейді. Сондай-ақ министрліктің бастамасымен, әкімдіктер мен жеке бизнестің қолдауымен IT хабтар 14 өңірде орналастырылды. Бүгінгі таңда облыста Zhambyl IT Hub жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы «Ақылды қалалар» (Smart City) эталондық стандарты, байланыс, өңірлік геоақпараттық порталы жобаларын іске асыруда. Басқарма басшысы Руслан Ноқрабековтің айтуынша, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің бұйрығымен «Ақылды қалаларды» құру әдістемесі бекітіліп, «Smart city» жобаларының негізгі көрсеткіштерінің тізімі анықталған.
Бағалау 22 негізгі және төрт қосымша, барлығы 26 жоба бойынша жүргізіледі. «Қолжетімді интернет» Ұлттық жобасына сәйкес 2023-2024 жылдары «Мобайл Телеком-Сервис» жауапкершілігі серіктестігі 68 елді мекенде тиісті 4G базалық стансасын орнатуды жоспарлаған. Бүгінге 18 елді мекенде тиісті жұмыстар аяқтады.Ал «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2023-2024 жылдары жоспарланған 61 елді мекеннің 31-інде тиісті жұмыстарды орындады.
Облыс әкімдігі цифрландыру басқармасының басшысы Руслан Ноқрабеков биыл 30 елді мекен, 144 мемлекеттік мекеме, 2025 жылы 86 елді мекен, 204 мемлекеттік мекеме, 2026 жылы 44 елді мекен, 96 мемлекеттік мекеме, 2027 жылы 10 елді мекен, 11 мемлекеттік мекеме талшықты-оптикалық байланыс желісіне қосылатынын атап өтті. Және «Соңғы мильді» субсидиялау арқылы облыста жалпы 120 елді мекенді қамту жоспарлануда екен.
Республикалық автомобиль жолдары бойындағы антенна-діңгек құрылысы бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Тарқатып айтсақ, Ұлттық жобаға сәйкес облыста биыл Шақпақата – Отар автокөлік жолына 7 антенна-діңгек құрылысын салу көзделген.
Жоба аясында облыстың өңірлік географиялық ақпараттық жүйесінің алаңында табиғи монополиялар субъектілерінің халыққа және бизнеске көрсететін 15 қызметі автоматтандырылған. Бүгінгі таңда 54 өтініш қабылданып, оның 27-сі орындалуда, 18-і мақұлданды, тоғызы кері қайтарылған.
Айжан Өзбекова