Дін

Жат ағым - Жаһандық індет

Еліміздің болашағы – жастардың қолында. Сондықтан да мемлекет тарапынан білім алуға, кәсіп ашып, еңбек етуге барынша жағдай жасалған.

Дегенмен соңғы он жылдың ішінде жат діни ағым өкілдерінің арбауына ілінген азаматтардың  бар екенін жасыра алмаймыз. Олардың кейбіреулері шетелдегі саяси соғыстарға қатысып, исламдағы жалған «жиһад» ұғымымен мемлекеттен сыртқа кетіп жатыр. Сондай-ақ халық арасында діни фанатизмнің өршігені соншалық, өз елінде діни мотивте террористік әрекеттер жасап, жазықсыз азаматтардың өміріне қауіп төндіретіндер пайда болды.  Он екі ғасырдан астам уақыттан бері қалыптасқан ұлттық құндылықтарға тікелей қарсы шығып, қоғам арасында діни алауыздық туғызу байқалуда. Өзін мұсылман деп есептеген адамдарды олардың пікірін қолдамағандары үшін қазақ халқының тарихында болмаған «күпір» деу, яғни кәпірлікпен айыптау, дүние мүлкін тартып алу, қоғамнан оқшауланып, кейбір заң нормаларына қарсы шығу өрши түсуде. Әрине, бұл мәселелер мемлекеттің тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді. 

Қазақстан жастарын жат діни ағымдардың ықпалына кетпесін десек, сақтық шараларын басты назарға алу қажет. Ата-аналар жасөспірім балаларын діни міндеттерді орындауға қызығушылығы оянған кезден бастап мемлекет тарапынан тіркеуден өткен діни бірлестік мамандарына оқытуы керек. Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының «Балам» деген жұрт болмаса, «жұртым» деген бала қайдан шықсын?!»  деп айтқаны үлкен жауапкершілікті жүктесе керек. Сонымен қатар ұлттық діни сананы әрбір отбасында насихаттап, дастарқан басында өсиет етіп айту керек. Ислам дінін ұстанған ата-бабаларымыздың тарихи-әдеби шығармаларын, аңыз-дастандарын, батырлар жырын, ертегілерді, мақал-мәтелдер мен  қара сөздерін өскелең ұрпақтың бойына сіңіруіміз қажет. Осылай рухани толысқан  жастың радикалды, деструктивті, дәстүрлі емес жат діни ағымдарға қарсы иммунитеті қалыптасады. XIX ғасырдағы Жетісу ақындарының алтын діңгегі атанған Сүйінбай Аронұлы «Жақсы мен жаман адамның қасиеттері» атты өлеңінде:

«Жақсы жігіт ел-жұрттың қаласындай,
Жақсы әйел әмме жұрттың анасындай.
Жақсыға ешкімнің де жаттығы жоқ,
Көреді бәрін де өз баласындай.
Жақсы жігіт сөзіне сақ тұрады, 
Қыранның қырдан байқар баласындай. 
Жаман парқы жақсымен бірдей емес,
Жақсы жігіт елінің ағасындай.
Жақсының сөзін әркім пайдаланар,
Миуалы алма, өріктің ағашындай», – десе, ал жаман қасиеттер жайында:
«Жамандар – өтірікші, өсегі көп,
Ел-жұрттың ірткі салар арасына-ай.
Жалған сөзбен бықсытар ел арасын,
Жанбай қалған ағаштың шаласындай», –деп, аражігін ажыратып бергенін байқаймыз.Осындай мәселелерді ескере отырып, рухани байлықтың бірі дәстүрлі діни санамызды жоғалтпау үшін  қазақ ғұламаларының еңбегін кеңінен пайдалануымыз керек. Шәкәрім Құдайберді айтпақшы, «Білімсіз ел – жас бала секілді: бір жаңа нәрсе көрінсе, бұрынғыны тастап, соған ұмтылмақшы». Яғни жастарымыз батысқа еліктеп арсыз болмасын, жалған дін атын жамылған  топтардың жетегінде кетпесін десек, бабаларымыздан қалған салиқалы сара жолын жиі насихаттап жүргеніміз абзал.  

Сержан Култаев,
 облыс әкімдігі дін

проблемаларын зерттеу

орталығының инспекторы