Мешіттің әдебі сақталуы керек
Мүмін мұсылман өзінің әдептілігі, иманы мен жиған ибалылығымен көпке үлгі болуы тиіс. Әсіресе мешіт қабырғасында әдептілікті сақтап, мінез-құлқын нағыз мұсылманға сай көрсетуі керек. Алла үйіне қыз-келіншектердің оранып, ер- азаматтардың тазаланып баруы керектігі секілді сауапты арттырып, иманымызды күшейтетін басқа да ережелер тізімі бар. Ол ереже Алла Тағаланың қасиетті Құран сүрелеріндегі ескертулері мен Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) хадисі аясында жинақталған. Яғни Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен «Мешіт ережесіне» сәйкес Қазақстан мұсылмандарының ауызбіршілігі мен біртұтастығын қамтамасыз ету үшін намаз бен діни рәсімдер Әбу Ханифа мәзһабы бойынша орындалады. Алайда соңғы кездері мешіт мәдениетін сақтамай, болмашы нәрсеге төбелес шығарып, имамдарды сынап, мұсылмандардың атына сөз келтіретіндер көбейген. Мінезі дөрекі, өзіне ұнамаған кез келген жағдайда жұдырығын ала жүгіретін қызба жігіттер жамағат тыныштығын бұзып қана қоймай, интернет кеңістігінде де қызу талқы тақырыбына айналуда.
Мәселен жуырда әлеуметтік желіде мешітте намаз оқып тұрған ер адамды соққыға жыққан тұрғынның видеосы тарады. Онда Шымкентте өзге мәзһабта намаз оқыған ер адамның соққыға жығылғандығы көрсетілген. Оқиға қаладағы Абдуссаттар Сманов мешітінде орын алған. Видеодан мешітте намаз оқып жатқан жамағатты көруге болады.
Жалпы ереже Алланың үйінде ғана емес, өзіміз тұрып, тіршілік атқаратын өз шаңырағымызда да бар дүние. Баспананы таза ұстау, отбасында бүлік шығармау, дұрыс киініп жүру, ата-анаға бағыну, бауырларға көмектесу, дастарқан басында өнегелі әңгіме айту секілді қарапайым ереже отбасының құндылығын арттыратыны сөзсіз. Мешітте де солай, яғни ғибадат үйінің ішінде жүргенде сақталуы керек ережелер бар. Оны мешіт әдебі деп атаймыз. Құранда Ағраф сүресінің 31-аятында: «Уа, адам балалары! Әрдайым мешітке кірген сайын әшекейлеріңді тағыңдар (әурет жерлеріңді жабатын киімдеріңді киіңдер)», – деген.
Яғни мешітке әурет жерлерді жабатын киімдер киіп бару қажет. Мешітке оң аяқпен кіру керек. Мешітке кірген соң 2 рәкаттық «Мешітпен сәлемдесу» намазы оқылады. Бұл намаздың үкімі сүннет болып табылады. Оның тысында мешітте қатты дауыспен сөйлеуге, дауласуға, қарқылдап күлуге, сауда жасауға болмайды. Себебі мешіт құлшылық орны. Осы орайда Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев мешіттегі намаз оқу тәртібі, мешіт ережесі туралы әңгімелеп берді. – Мешітке оң аяқпен кіріп, сол аяқпен шығу керек. Адамдар намаз оқып жатқанда оларға кедергі келтірмеген жөн. Сондай-ақ жағымсыз иіс шығып тұратындықтан мешітке келердің алдында сарымсақ, пияз жемеген дұрыс деген секілді арнайы ережелер көп. Асылында, жамағатпен оқылған намазда әр адам сол мешіт имамына ұюы керек.
Мешітке дүние, атақ ойлап немесе біреумен жанжалдасып, өзгенің абыройын түсіру үшін емес, Аллаға құлшылық жасау үшін бару керек. Рас, кейде мәзһабтар арасында дау туындап, түсініспеушіліктер орын алатынын естіп қалып жатамыз. Дәл солай ел ішінің ала тайдай бүлінуінен кім, не ұтады деген сауал туындайды. Сіз қалай ойлайсыз?
А.Өзбекова