Арман алға жетелейді, мұратқа жеткізеді
2015 жылдың сәуір айында Жуалы ауданының Б.Момышұлы ауылындағы Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназиясында бітіруші түлектермен мамандық таңдау кеші өткізілді. Арманы асқақ, қиялы ұшқыр, көңілі албырт өрендер кезек-кезек мінбеге шығып, таңдаған мамандықтары туралы жарыса айтып жатыр. Білім ордасын үздік бағамен тәмамдағалы отырған Бақытжан Кенже келешекте мал дәрігері болуға бекінгенін айтқанда залдағы көпшілік, әсіресе мұғалімдер таңырқап қалды. Бұл – бекер емес. Оқу ордасында соңғы жылдары елімізге аса қажетті осы кәсіпті меңгеруге ешкім құлық танытқан емес. Сондықтан да ұстаздар арасында оның себебін сұраушылар да табылды. Бақытжан олардың сауалына қысқа да нұсқа жауап берді.
Бақытжан – текті әулеттің ұрпағы. Атасы Кенже Ұлы Отан соғысына қатысқан, Талапты ауылының аузы дуалы, сөзі уәлі, беделі жоғары ақсақалының бірі еді. Әкесі Айдар Жуалы ауданындағы бұрынғы Ленин атындағы колхозда ұзақ уақыт мал дәрігері болып істеді. Кейін шаруашылық таратылуына байланысты Жуалы аудандық әскери комиссариатына жұмысқа орналасты. Айдар 5-6 жастағы ұлын жазда мал емдейтін орындарға ертіп баратын. Көкірек көзі енді ашылып келе жатқан бүлдіршінге, бәлкім, тау-тас, дарқан дала қатты әсер еткен шығар. Әйтсе де ол өзінің осынау жүрек қалауы туралы мамандық таңдау кешіне дейін ешкімге тіс жарған емес.«Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» демекші, Бақытжан еліміздегі «Серпін» бағдарламасы бойынша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетіне «Ветеринария» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2020 жылы бітірді.
Университеттегі әскери кафедрада оқып, лейтенант әскери шенін алды. Жоғары оқу орнын бітіріп келген ол «Жамбыл облысы әкімдігінің ветеринария басқармасының Жуалы аудандық ветеринариялық станциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік мекемесіне ветеринарлық дәрігер болып орналасты. Оның тапсырылған істі жауапкершілікпен тиянақты атқаратыны, елгезектігі, білімділігі алғашқы айларда-ақ байқалды. Сол кезде мекемеде басшылық жасаған Ғабит Кебеев және бұл кәсіптің қыр-сырын үйреткен ұстазы, мал дәрігері Тастанбек Жақыпбеков жас маманның іскерлігі және ізденгіштігі туралы ризашылықпен айтады.
2021 жылдың қараша айында ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Жуалы аудандық аумақтық инспекциясында мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторы зейнетке шығуына байланысты бос орынға конкурс жарияланды. Конкурсқа қатысқан ол жеңімпаз атанып, осы лауазымға тағайындалды. Әлбетте, білікті маман болу үшін университетте алған білім жеткіліксіз. Сондықтан да Бақытжан өз саласының білгірі болу үшін қолы қалт етсе болды интернет желісі арқылы білімін жетілдіруге күш салады. Білікті, тәжірибесі мол әріптестерінен білмеген, түсінбеген жайларды ұдайы сұрап отырады. Күмәнді мәселелерді шешуде де солардың ақыл-кеңесіне жүгінеді.
Ахан ЖОЙҚЫНБЕК,
журналист