Сүйген істің сүйініші көп
Адам өмірінде естен кетпейтін ерекше оқиғалар болады.Тараз қаласының тұрғыны Махмұтжан Қожабеков осындай жағдайдың бірі үстіміздегі жылдың қаңтар айында бастан өткерді.ҚР АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалу комитетінің Жамбыл облыстық аумақтық инспекциясы ұжымы осы салада 40 жылдан астам уақыт табан аудармай жемісті еңбек еткен Махмұтжан Сейітханұлын құрметтеп, сый-сияпат жасап, зейнет демалысына шығарып салды.Салтанатты сәтте оның атына әріптестері мен шәкірттері,басшылар тарапынан жақсы тілектер мен мақтаулар аз айтылған жоқ.Басшылар оның жауапкершілігі жоғары, білгір де білікті маман екеніне тоқталса,әріптестері іскер, жұртпен ортақ тіл табыса алатын қасиеттеріне екпін берді.Шәкірттері өздеріне жасаған ағалық қамқорлықтары туралы тілге тиек етті.
Осындайда оның есіне халқымыздың: «Сүйген істің сүйініші көп» деген мақалы түсе береді. Мамандық жөнінен дұрыс таңдау жасағанына қуанады. Мұның өзіндік себебі де бар. Махмұтжан – Талас ауданындағы Ақкөл ауылының тумасы. Әкесі Сейітхан Ақкөл ауылында мал емдейтін дәріхананың меңгерушісі еді. Отбасында 5 ұл, екі қыз болды. Олардың барлығы Тараз қаласындағы жоғары оқу орындарында оқып, сонда тұрақтап қалды. Үйдің кенжесі Махмұтжан орта мектепті бітіргеннен кейін Алматыдағы Зоотехникалық-малдәрігерлік институтта оқимын дегенде Сейітхан қария бұлқан-талқан болып қатты ашуланды.
– Алматыға бармайсың. Ол жақта сенің туысың, танысың бар ма? Тараздағы Технологиялық институтқа түсесің, – деді ол сөзді қысқа қайырып.Әкенің айтқаны – заң. Амалсыз Тараздағы Технологиялық институтқа құжаттарын тапсырды. Өзі қаламаған мамандықты қайтсін? Алғашқы сынақтан-ақ сүрінді. «Сенің еинститутта оқығың келмейді екен». Кәріне мінген әке оны Тараздағы автомобиль зауытына жұмысшы етіп орналастырды. Ол осында екі жыл мотор жинау цехында слесарь болып еңбек етті. Еңбекқор, тындырымды азамат көп ұзамай 5 разрядты маман дәрежесіне көтерілді. Адамның мамандық таңдаудағы жүрек қалауына бөгет жасауға болмайтынын түсінген әкесі оған рұқсат берді. Екі жыл еңбек өтілімен барған ол Зоотехникалық-малдәрігерлік институтқа конкурссыз түсіп кетті. Осында ол педагогикалық институтта оқып жүрген өскемендік Жанаргүл атты бойжеткенмен танысып, отау құрды.Институтты бітірген соң жолдамамен Талас ауданындағы «Аққұм» кеңшарына келді. Шаруашылықта мамандығы бойынша жұмыс жоқ болғандықтан екі ай құрылыста істеді. Кеңшар директоры жас маманды сынау үшін әуелі саладағы маңызды буынның бірі – емдеу-санитарлық пунктіне меңгеруші етіп тағайындады. Емдеу- санитарлық пунктінде ауру-сырқау, әлсіз және арық-тұрақ ұсақ мал топ-топқа бөлініп емделеді әрі ерекше күтім жасалады. Осындағы жұмыстың дұрыс жолға қойылуы әуелі меңгерушіге тікелей байланысты. Ауылда өскен әрі бұл саланың қыр-сырын теория жөнінен терең меңгеріп келген Мақаң іске білек сыбана кірісті. Басшыларға қайта-қайта айтып жүріп, пункт басында қосымша ғимарат салдырды. Малдың рационына денсаулықты нығайтатын бірнеше дәруменді қосты. Мұның өзі көп ұзамай өз нәтижесін бере бастады. Шығын азайып, мәжбүрлеп сою тоқтады. Сауығып, қоңы көтерілген мал қатарға қайта қосылды.
Оның қажырлы да нәтижелі еңбегі елеусіз емес. Салалық басқарма және инспекциядан алған көптеген Құрмет грамотасы бар. «ҚР тәуелсіздігіне 25 жыл», «Ерен еңбегі үшін», ҚР кәсіподақтар федерациясының «Еңбек озаты», «Елеулі еңбегі үшін» және бірінші және екінші дәрежелі «Еңбек даңқы» медальдарының иегері. Үлгілі отбасы иесі. Жұбайы Жанаргүл екеуі өсірген ұлынан үш немере сүйіп отыр.
Ақылжан Мамыт,
Қазақ
журналистикасының қайраткері